Уақытша қашықтан оқиды
Бұған дейін БАҚ беттерінде хабарланғандай, Рудный қаласының «№ 4 мектеп-лицейінің» жұмысы 16-23 қазан аралығында қашықтан оқыту форматына ауыстырылды, білім ошағындағы медициналық қызметкерде COVID-19 анықталып отыр. Өңірлік коммуникация қызметінде брифинг өткізген облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова осылай деді:
– Бұл балаларымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында қолға алынған шара. Сонымен қатар Жітіқара ауданының көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының ұйғарымымен ағымдағы жылдың 21 қазаны мен 5 қараша аралығында Жітіқара қаласының №12 орта мектебінің кезекші топтары қашықтан оқыту форматына көшірілді, себебі кезекші топтардың оқушысында COVID-19 анықталды. №12 орта мектепте 995 оқушы білім алады, биылғы 1 қыркүйектен бастап 259 оқушыны қамти отырып, 1-4 сынып оқушылары үшін 39 кезекші топтың жұмысы ұйымдастырылды, қалған оқушылар қашықтық форматта білім алуда. Негізгі пәндер синхронды ағым форматында (бейнеконференция режимінде) өткізілетін болады, – деді басқарма басшысы.
Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында мектептерде барлық тиісті шаралар жасалуда. Білім алушылар ғимаратқа кірген және шыққан кезде медицина қызметкерлері барлық қызметкерлер мен білім алушыларды байланыссыз термометрлермен, қолдары мен аяқ киімнің табандарын тазалау арқылы күнделікті таңертеңгі тексеруден өткізеді.
Сондай-ақ, Үкімет қаулысына сәйкес 5 санаттағы (АӘК алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, ТЖ салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, өзге де санаттардан) оқушылар мен тәрбиеленушілер үшін материалдық және қаржылық көмектер көрсетілген.
– Бүгінгі күні білім бөлімдерінің деректері бойынша Жаппай оқыту қоры 665,9 млн теңгені құрайды. Оның ішінде оқушыларға 250,7 млн теңгеге немесе 37,6% көлемінде көмек көрсетілді. Сонымен қатар, балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін облыстың барлық өңірлерінде тегін тамақпен қамтамасыз етілуі тиіс оқушыларға 4-тоқсанның тәжірибесі бойынша азық-түлік себеттерін (құрғақ азық) беруді ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Қалған сомаға өңірлер киім, аяқ киім, жазу құралдарын, жаңа жылдық сыйлықтар сатып алуды жоспарлап отыр, – деді З.Бәйменова.
Ал алдағы желтоқсан айында Қостанайдағы «Юбилейный» шағын ауданында екі тілде білім беретін 1200 орынға арналған №27 жаңа орта мектепті ашу жоспарланып отыр екен. Оның құрылысына 3,1 млрд теңге бөлінген. Осыған байланысты 14 қазаннан бастап оқушыларды алдын ала тіркеу басталып кетті. Бүгінгі күні аталған мектептен білім алуға 580 оқушы жазылған.
– Жазба шамамен екі айға дейін жалғасады. Дүйсенбі-жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жүргізілетін болады, үзіліс уақыты сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін. Ата-аналар 54-71-30, 8-705-451-87-27 нөмірлері бойынша хабарласа алады, – деді баяндамашы.