Алдағы таңдау – еліңді қолдау

Қазақта жеті – киесі бар санның бірі. Жеті қазына, жеті ата деп санамалай жөнелсеңіз, біраз сыр шертуге болады. Сонымен, келер 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші екен. Мұның бір ерекшелігі, бұрынғыдай мерзімінен бұрын емес, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеуінде атап айтқандай алдағы сайлау конститутциялық мерзімге сәйкес өтеді. Сол сияқты енді Мәжілістің тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді.
Алдағы мәслихаттар сайлауы да алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді.
Міне, бұл жаңалықтар еліміздің демократиялық дамудағы қарышты қадамының көрінісі. Былайша айтқанда билік халыққа бұрынғыдан бір табан жақындай түсті деген сөз. Ендеше, Президентіміз мемлекетіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, сайлауға ұйымшылдықпен қатысуға шақырғанының мәні зор.
Сайлау – бәсеке. Сайлау – таңдау. Сонау бір замандарда «сайлау» сөзі қазақтың енді ғана құлағына жетіп, көзімен көріп, бастан кешкеніне куә болған алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейханов: «Қазақ сайлауы – жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады», – деген екен. Осындайда "Сайлау бюллетені оқтан да күшті» деген Авраам Линкольннің сөзінің астарын сезе қоясыз. Енді көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Халқымыз тарихтың небір қиын-қыстау, асу-белестерінен өтіп бүгінгі күнге жеттік. «Қазақ елі – өз мұңын өзі ойлап, өзі ізденіп, тіршілік деген кең майданда сыналған ел», – деген Ғабит Мүсірепов. Әйтсе де, қандаймыз қазір? Сайлауымыз қандай?
Төрткіл дүние сайлау төңірегінде қандай күйді кешіп жатқанын естіп-біліп отырмыз. Ендеше, парасат пен білікті, бірлік пен ынтымақты көрсететін кез енді басталады, ағайын. Тың бастамалар мен жаңа шешімдерге түсіністікпен қарауымыз керек. Сабырлы пайым, сергек түсінікке бой ұрсақ, шалыс баспасымыз анық. Ел-жұртымыздың бірлік қазығын мықтай түсу үшін бел шеше еңбек етіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың маңызы арта түсті. Бұл үйреншікті жаттанды сөз емес. Бүгінгі өмірдің өзі көлденең тартып отырғаны ақиқат. Мемлекет басшысының белсенді азамттық ұстанымға шақыруының түпкі мақсаты да осы деп білеміз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓