ИНЖИНИРИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен жергілікті машина жасау зауыты жанынан автоөнеркәсіпке қажет мамандарды даярлайтын заманауи инжиниринг орталығы ашылмақ. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі жазады.Орталықта машина жасау өндірісінің сан алуан мамандары мен PhD докторлары оқитын болады. Сонымен қатар, мұнда болашақ инженерлерді көлік құрастырудың ғылыми негіздеріне үйрететін жоғары технологиялық өндіріс қолға алынады.
-Таяуда Қостанайға жұмыс сапарымен келген білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов университет пен «Камаз» ЖАҚ әріптестігін қолдау туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, бұрын-соңды болмаған бірегей инновациялық жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Басты мақсатымыз – Қостанай Индустриялық аймағындағы машина құрастыратын және көлік бөлшектерін жасап шығаратын кәсіпорындарды, сондай-ақ білім, ғылым мекемелерін қатыстыра отырып халықаралық консорциум құру; машина жасау саласына қатысты заманауи ғылыми зерттеулер жүргізіп, инжинирнг жүйесін қалыптастыру; сонымен қатар, көлік құрастыру саласына қажет жоғары білікті кадрларды даярлаудың инновациялық бағдарламасын енгізу, – деді университет ректоры Алма Досжанова.
Инижиниринг орталығын 2023 жылы ашу жоспарланып отыр. Студенттер зауыт мамандарының жетекшілігімен төменгі курстардан бастап өндіріске араласып, дәрісханада жинақтаған теориялық білімді тәжірибеде бекітеді. Сондай-ақ, университет тәмамдайтын түлектердің дипломдық жұмыстарына да индустриялық аймақтың білікті мамандары жетекшілік ететін болады.
Жалпы құны шамамен 3 млрд 500 млн теңге болатын бірегей жоба бірнеше орталықтан қаржыландырылады. Инжиниринг ғимаратын тұрғызу үшін Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2,4 млрд теңге қаржы бөлінбек. Ал орталыққа қажет құрал-жабдықтар сатып алуға Білім және ғылым министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі 1,1 млрд теңге қаржы жұмсамақ. Мұның сыртында, инженерлік орталықты жарақтандыруға «Камаз» ЖАҚ, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «АгромашХолдинг KZ» АҚ бірлесіп 330 млн теңге бөлуді көздеп отыр.