Балалар студиясы ашылды
Қостанай қаласындағы Әуежай шағын ауданында 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Белая мама» балалар шығармашылығы студиясының салтанатты ашылу рәсімі болды. Шығармашылық ұжым өз жұмысын балаларға арналған қызықты шаралармен бастады. Студия есігін алғашқы ашқан бөбектерге қуыршақ сыйлады. Бұл орын бүлдіршіндерді дамытуға түрлі әдістемелік оқулықтар және құралдармен жабдықталған.
Шығармашылық ұжымның ашылуына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, сәттілік тіледі.
«Ең бастысы сіздерде демалыс жоқ. Таңғы 8.00-ден кешкі 22.00-ге дейін. Жұмыстан кейін де келіп, спортпен айналысуға болады. Мінекей, кәсіпкер қаржысын қиын бизнеске салып отыр. Бұл өте қиын бизнес. Жақсы бастама. Сол үшін рахмет. Облыста 21 робототехника кабинетін аштық. Әр кабинет 11 млн. теңге. Цифрландыруды мектеп қабырғасынан бастап оқытамыз. Алдағы уақытта сынып сағаттары көбейтін болады. Алдағы уақытта робототехника кабинеттерін көбейтеміз. Цифрландыруды осы жерден де балалар оқу керек», – деді облыс әкімі.
Студияның ашылу мақсаты – балаларға тұлға болып қалыптасуына қолдау көрсету және балалар шығармашылығына қоғам назарын аударту. Аталған студияның жетекшісі Бақытжамал Қосқұлақованың айтуынша, балалардың шығармашылық қабілетін ерте бастан жетілдіру, мұнда жүзден артық баланы қабылдау мүмкіндігі бар. Және балалардың үй тапсырмасын оқытуға да көмектесеміз. «Солнышка» деген кішкентайларға арналған топ та бар. Сонымен қатар, студенттерге қытай тілін үйрететін курстар ашылмақ. Мұнда робототехника, ағылшын тілін, қазақ тілі, химия, физика, ментальды арифметика, шахмат, спорттың бірнеше түрі және би өнерінен сапалы білім беру қарастырылған.
Студияға Шолпан Әлімбаева немересін жетектеп келіпті. Бес жасар немересін мектепке дайындық тобына жаздырмақшы:
-Мұндай баланың қарым-қабілетін дамытатын орталықтар қажет-ақ. Егер ұнаса екінші немеремді әкелемін. Жабдықталуы жалпы, мамандар маған ұнады, – дейді ол.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суретті түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ.