Мерейтойға 5 миллиардтан астам қаржы бөлінеді
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Г.Әбдіхалықова мен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова аймағымыздың ардагерлерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады және қарт майдангерлерге зейнетақы жүйесіндегі жағымды жаңалықтарды да жеткізді.
Бүгінде сол сұрапыл соғыста ел мен жер үшін күресіп, бүгінгі ұрпаққа бейбіт күнді сыйлаған қарт майдангерлеріміздің қатары азайып келеді. Қазіргі күні облыста көзі тірі 345 соғыс ардагері ғана қалды. Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында оларға ерекше құрмет пен қамқорлық көрсетілетін болады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Укин осы тарихи датаға орай, біздің өңірде де ауқымды іс-шаралардың өтетіндігін баяндады.
Елімізде жыл сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің жағдайын жақсарту үшін жүйелі жұмыстар қолға алынған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенованың айтуынша, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай еліміздегі 200 мыңнан астам ардагерге көрсетілетін әлеуметтік көмектер үшін 5,7 млрд. теңге бөлінетін болады.
Сондай-ақ, мұндай әлеуметтік қаржылай көмек майдангерлерге ғана емес, мүгедектерге де берілмек. Мәселен,Ұлы Отан соғысына қатысқан және мүгедек болып қалған азаматтарға 100 мың теңгеден, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген жандарға 70 мың теңге, соғыс кезінде қайта оралмағандардың ата-аналарына және күйеулері со-ғыстан оралмай, қайта некеге тұрмаған жұбайларына 30 мың теңгеден төленетін болады. Соғысқа қатысқан және тылда еңбек еткен ардагерлердің жұбайларына 25 мың теңгеден берілетін болады. Т.Дүйсенованың сөзінше, бұдан бөлек ардагерлерге жергілікті бюжет тарапынан да қаржылай көмек көрсетілмек және ол облыстағы барлық ардагерлерге бірдей беріледі. Сонымен қатар, елімізде Мәскеу мен Астанада өтетін Жеңіс шеруіне ардагерлерді қатыстыру үшін де қаражат қарастырылып, оған 47 млн. теңге бөлінбек. Бұл жолақысы мен тамақ, баспанаға жұмсалмақ. Мұның сыртында ардагерлерді тасымалдайтын тұлғаларға да қаражат қарастырылады. Сонымен қатар, 70 жылдықтың құрметіне орай мерейтойлық медальдар шығарылып, ол барлық ардагерлерге таратылмақ. Ал, 2015 жылдан бастап ардагерлер республика аймағы мен ТМД елдері арасында теміржол және әуе тасымалы арқылы бір рет тегін жүру құқықтарына ие болмақ.
– Ел Президенті соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін бірегей материалдық көмек көрсетумен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бекіткен болатын. Елбасы бірде бір ардагердің назардан тыс қалмау керектігін де ескертті. Сол себепті осы бағыттағы жұмыстарға ел қазынасынан қомақты қаржы бөлінеді. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап мүмкіндігі шектеулі кісілерге арналған әлеуметтік жәрдемақылар өсетін болады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне төленетін зейнетақы мөлшері де ұлғайтылмақ, – дейді Т.Дүйсенова.
Қостанайлық ардагерлермен кездесу барысында министр Елбасының тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметіне зейнетақы жүйесін модернизациялау туралы ұсыныс енгізілгенін де жеткізді. Ұсынысқа сәйкес, енді базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептелетін болады.
– Егер де азамат бір күн де жұмыс істемеген болса, жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесіне қосылмаса, онда біз ол азаматқа күнкөріс деңгейінің 50 пайызын береміз. Әлеуметтік зейнетақы алу үшін 20 жылдық өтілі болса, онда базалық зейнетақы бүгінгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең болады. Ал егер азаматтың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі 35 жыл болса және 1998 жылдан кейін де еңбек өтілі болса, онда оның бәрі қосылады да, күнкөріс деңгейінің 100 пайыз мөлшерінде базалық зейнетақы алатын болады, – дейді Тамара Дүйсенова.
Қарлығаш
ОСПАНОВА