“Салғырттыққа жол берілмеуі тиіс”
Өңірдің медицина қызметкерлерімен кездескен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова аурухана басшылары мен дәрігерлерге осылай деді. Сондай-ақ, министр медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында келер жылдан бастап дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 28 пайызға өсетіндігін де жеткізді.
Қостанай мен Рудный қалаларындағы бірқатар әлеуметтік және медициналық нысандардың жұмысымен танысқаннан кейін астаналық меймандар облыстық аурухана ғимаратында медицина қызметкерлерімен кездесіп, актив жиналысын өткізді. Алқалы жиында медицина саласының жетістік-тері айтылды. Проблемалар да тасада қалған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы О.Бекмағамбетов өңірдің денсаулық саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Оның айтуынша, 2012-2014 жылдары аралығында өңірдің денсаулық нысандарының жөнделуі мен материалдық-техникалық жағдайын жабдықтауға 4 млрд. астам қаржы жұмсалыпты. Сондай-ақ, облыста өткен жылдан бері сегіз дәрігерлік-амбулатория тапсырылса, биыл жыл аяғына дейін тағы да алтауы, ал келер жылы екеуі іске қосылатын болады. Бүгінде заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған өңірдің емдеу мекемелерінде сырқаттардың сапалы ем алуына барлық жағдай жасалған. Бірақ, соған қарамастан облыста кейбір аурулардан болатын өлім көрсеткіші азаймай отырған көрінеді. Мәселен, онкологиялық аурулар деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға өскен. Бұл әрине жаңадан пайда болған қатерлі ісік ауруларын анықтаумен байланысты болып отырған көрінеді. Дегенмен, үстіміздегі жылдың жеті айында жаңадан пайда болған қатерлі ісік ауруынан өлім көрсеткіші 25 пайызға төмендеген. Өлім көрсеткішінің төмендеуі ең алдымен, қатерлі ісікті ерте кезеңінде анықтау диагностикасының жақсаруына және емделу нәтижесінің тиімділігіне байланысты. Сондықтан, мамандар ауру ана-ғұрлым ерте анықталса, соғұрлым оның асқынуына да жол берілмейтіндігін айтады. Сондай-ақ, басқарма басшысы өңірде туберкулез дертінен болатын өлім көрсеткішінің де жоғары деңгейде қалып отырғандығын жасырмады.
Ал, бұл өз кезегінде сырқаттардың дер кезінде қаралмай, ауруын әбден асқындырып ауруханаға келетіндігімен байланысты болып отырған көрінеді. 2012 жылы облыста алғаш рет ана өлімі орын алмаса, ал 2013 жылы екі жағдай, үстіміздегі жылдың сегіз айында бір жағдай тіркеліп отыр. Бала өлімінің орын алуына көп жағдайда салмақ жетіспеу-шілігі себеп болуда. Министр ауруханалар мен емхана басшыларына, дәрігерлерге ауруына ем іздеп келген науқастарға ерекше ықылас танытып, жауапкершілікпен қарауды қатаң тапсырды. Себебі, оған науқастардан дәрігерлердің атына арыз-шағымдар жиі түседі екен.
– Әрине, бұл дұрыс емес. Сырқат адамның ауруынан сауығуына дәрігердің мейірімі мен көңілінің өзі жетіп жатыр. Сондықтан, мұндай келеңсіз жағдайларға орын бермеуге тырысыңыздар. Сіздер үшін емделуші бірінші орында болуы тиіс, – деді Т.Дүйсенова.
Ал, жиын соңында министр Қостанай облысы бойынша атқарылған жұмыстардың көңіл қуантатындығын, бірақ заманауи құрылғылардың тілін білетін мамандар санын көбейтіп, оларды тезарада бейімдеу керектігін де жеткізді. Сонымен қатар, Тамара Қасымқызы өз сөзінде келер жылдың 1 шілдесінен бастап дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы өсетіндігін тілге тиек етті.
Қарлығаш
ОСПАНОВА