Ең бастысы – халықты тұрақты жұмыспен қамту
"Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасын жүзеге асыру үшін үстіміздегі жылы өңірге республика бюджетінен 5 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша биыл он мыңнан астам адам еңбекпен қамтылатын болады. Жалпы, бұл бағытта атқарылып жатқан істер көңіл көншітерлік. Облысқа біркүндік жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай деп оң баға берді.
Әкімдікте өткен кеңейтілген мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Е.Аман бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Оның айтуынша, бағдарлама бастау алғалы өңірге ел қазынасынан 12,5 млрд. теңге бөлінген. Үстіміздегі жылы 102 инфрақұрылымды жоба жүзеге асырылып, 1242 жаңа жұмыс орны құрылмақ, соның ішінде 653 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбекпен қамтылатын болады.
Сондай-ақ, бағдарлама бойынша қайта даярлау курстары, әлеуметтік еңбек орындарын құру, жастар тәжірибесін ұйымдастыру және шағын несие беру, ауыл аймақтардағы әлеуметтік нысандарды жөндеу сияқты жұмыстар арқылы да халықты еңбекке жұмылдыру көзделген.
– Жалпылай есептегенде мың жарымнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіліп, олардың басым бөлігі тұрақты еңбекпен қамтылды. Бағдарламаның арқасында тоқсанға жуық білім беру нысандары жөнделіп, сегіз дәрігерлік амбулатория салынды. Осылайша, мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылмақ, 625 адамды аталған бағдарлама бойынша жұмыспен қамту көзделген, – дейді Е.Аман.
Бүгінде бағдарлама аясында шағын несие алушылардың қатары да көбейіп келеді. Алдыңғы жылдары бұл жөнінен қостанайлықтар көш соңында болса, биыл бұл мақсатқа 900 млн. теңге бөлінген. Өтініш білдірушілердің 56 пайызы өз істерін ашса, қалғаны бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алған. Дегенмен, түйткілдер де жоқ емес.
– Шағын несие алуда бүгінде азаматтар әкімшілік кедергілерге тап болуда. Несие алып, шағын кәсіппен айналысуға ниет білдіргендердің көбіне кепілдері болмайды немесе кепілге қоятын мүліктері жарамсыз болып жатады. Сондықтан, осы мәселе үкіметте қаралса игі болар еді, – дейді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Министрдің айтуынша, бағдарлама шағын бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді. Мемлекет тарапынан беріліп отырған бұл мүмкіндіктің көмегімен жұмыссыздар саны азаюы қажет. Дегенмен, іс жүзінде бюджеттің миллиондаған қаржысы ысырапқа түсіп жататындығын да тілге тиек етті.
– Биыл Қостанай облысы бойынша мыңға жуық адам жаңа мамандық иесі атанды, бірақ олардың тек жартысына ғана жұмыс бар. Сондықтан, бағдарлама қатысушыларын қандайда бір мамандыққа оқытпас бұрын, әуелі осы мамандыққа нарықта сұраныс бар ма, жоқ па екендігін анықтап алған жөн. Жұмыс берушілердің де ұсыныстарын назарға алу қажет. "Жастар тәжірибесі" арқылы жұмысқа орналастыру көрсеткішін әлі де көбейту керек. Бағдарлама бойынша бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту керек болса, біз оған да қарсы емеспіз. Құр сандарды сөйлеткеннен еш пайда жоқ, ең бастысы – халықты тұрақты жұмыспен қамту. Дегенмен, еңбекке араласқандардың көрсеткішін енді зейнетақы жарналары арқылы білуге болады, яғни бағдарламаға қатысушылардың нақты көрсеткішін осы жүйе арқылы анықтап отыратын боламыз. Мемлекеттік бағдарламаның тиімді жұмыс істеуіне тұрғындар да мүдделі болуы керек, – деді министр Тамара Қасымқызы.
Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жүйелендіру қажет. Министр аудан әкімдеріне осындай тапсырма жүктеді. Себебі, аталған орталықтардың әр маманы сегіз айда орташа есеппен алты адамды ғана жұмыспен қамтыған. Мәселен, Қарабалық пен Алтынсарин ауданында тіпті екі-ақ адамнан десе болады. Ал, орталықтардың әр қызметкеріне жылына 2 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалатын көрінеді, сондықтан олар да осыған сай тыңғылықты еңбек етулері керек. Бұдан бөлек алқалы жиында мүгедек кісілерге қамқорлық жасау іс шаралары да тілге тиек етілді. Жақында үкімет отырысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды интеграциялау мәселесі қаралған болатын. Қазіргі таңда арнайы әлеуметтік жұмыс орындары бойынша заң жобасы әзірленуде. Сондай-ақ, кембағал жандарды оңалту мен оларға білім беру мәселесі де талқыланды. Е.Аманның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуда көп жағдайда олардың кәсіби білімдерінің жоқтығы кедергі келтіретін көрінеді. Бүгінде ондай азаматтардың тек 5 пайызында ғана жоғары білім, ал 35 пайызында техникалық және кәсіптік білімдері бар. Дегенмен, осыған қарамастан өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, оларға әлеуметтік көмек көрсету сияқты жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жиын барысында премьер-министрдің орынбасары Г.Әбдіхалықова өңірдегі бес медициналық әлеуметтік мекемеге жаңа көліктің кілтін табыс етті. Ал, актив соңында вице-премьер өңірде өткен жылдармен салыстырғанда биыл шағын несиеге деген сұраныстың көбейгеніне ризашылығын білдірді. Осы жылы бұл мақсатқа бір миллиардқа жуық теңге жұмсалыпты.
– Елбасымыздың тапсырмасына орай, 2020 жылы аталған бағдарламаның шеңберінде елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткендердің саны 1,5 млн. адамды құрауы қажет. Бүкіләлемдік банктің болжауынша, әлемдік дағдарыс салдарынан жұмыссыздық көбеюі мүмкін. Сондықтан, елімізде қолға алынған бұл бағдарламаны мейлінше пайдаланып, бөлінген қаржыны да тиімді игеріп, жұмыссыздыққа қарсы барлық шараларды қолға алу керек. Әрине, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, биыл Қостанай облысы әсіресе шағын несиелендіру бойынша жақсы жұмыс істеп жатыр. Өңірдегі атқарылып жатқан істер көңіл көншітеді, – деді вице-премьер Гүлшара Наушақызы.
Қарлығаш
ОСПАНОВА
СУРЕТТЕ: Гүлшара Әбдіхалықова мен Тамара Дүйсенова Қостанайда.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.