Кешенді жоспарды дайындайды
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдады. Алдын ала хабарланғандықтан, не айтар екен деп алаңдап, асыға күткеніміз жасырын емес. Еліміздегі төтенше жағдай кезінде әркім өзін әрқалай ұстауда. Бірімізге қиын болса, енді біріміз жеңіл әрі түсіністікпен қабылдаудамыз. Қалай десек те карантин ең алдымен өзіміз үшін қажет. Үйде отырып, бәріміз де күнделікті ақпараттар легіне құлақ түріп, ауырғанға жанымыз ашып, жазылғанға қуанып, ауруды жеңе алмай қайтыс болғандарға көңіл айтып, бір кісідей жұмылдық. Біріге білгеннің арқасында вирустың бетін қайтарып та жатырмыз. Бұл уақытылы дұрыс шешім қабылдағанның белгісі деп білемін. Мемлекет басшысы: «Коронавирус бүкіл әлемді жайлап келеді. Вирус жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр. Пандемияның екінші кезеңі басталып кетуі де ықтимал. Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар», – деп алаңдаушылық білдірді.
Бүгінгі күні 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілген екен. 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылған, әлі де 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету жоспарда бар. 1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтиды. Көтемгі егіс жұмыстарына 200 миллиард теңге бөлінді. Бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.
Бүгінде шағын және орта бизнес күрделі жағдайға тап болғаны де белгілі. Осы салаға көмек керек, әйтпесе экономиканы қалпына келтіре алмайтынымыз анық. Сол себепті 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржыны үнемдей алады екен.
Енді карантин кезеңінен шығу жолын да дұрыс қарастырған жөн. Президент өз үндеуінде Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар дайындауы қажет екенін айтты. «Онда дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету шаралары қамтылады. Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр. Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қандай жағдай болмасын тұрақтылық керек екені белгілі. Бұл жолы да мемлекет басшысы әр істің алдын алып, әр қадамды аңдап басып, жүйелі жұмыс атқарып отыр. Ал Президенттің бастамасын елім деген барлық қазақстандық қолдайды.
Қандай жағдай болмасын тұрақтылық керек екені белгілі. Бұл жолы да мемлекет басшысы әр істің алдын алып, әр қадамды аңдап басып, жүйелі жұмыс атқарып отыр. Ал Президенттің бастамасын елім деген барлық қазақстандық қолдайды.
Әлімжан Бекмағамбетов,
Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры