Көшпелі кешен ауылдарға аттанбақ
Бүгін «СарыарқаАвтоПром» автокөлік зауытында екі көшпелі медициналық кешеннің кілті тапсырылды. Заманауи-медициналық құрылғылармен жабдықталған автобустар Қостанай және Федоров аудандарына берілді.
Көшпелі медициналық кешен заманауи құрылғылармен жабдықталған. Кешенге 7 кабинет кіреді. Мұнда рентген, флюрография, Узи аппараты, ЭКГ тағы да басқа зерттеу лабораториялық аппараттары бар.
-71 мың халқы бар ауданбыз. Шалғайдағы елді мекендерде медицина мамандары тапшы. Бұл мәселені шешуде көшпелі кешеннің көмегі көп болады деп сенеміз. Бұдан былай әрбір алыс ауылға жаңа, заманауи автобустармен барып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік туады. Медициналық бригаданы ұйымдастырып, бір күнде бірнеше ауылды қамтуға өте қолайлы,-деді Қостанай аудандық ауруханасының бас дәрігері Сырлыбек Мещанов.
Заманауи кешен денсаулық сақтау министрлігінің стандарты бойынша жабдықталыпты. Мұндай автобустар алдағы уақытта еліміздің басқа да аймақтарына жөнелтілмек.
Қостанай облысы халқының 50 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Кейбір медициналық қызмет түрлері ауыл тұрғындары үшін қолжетімді бола бермейтіні құпия емес. Көшпелі кешен сол олқылықтың орнын толтырады деген үміттеміз,-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ