Он сегіз жасынан ұстаз
Назгүл Тоқаева ұзақ жылдар бір ғана сала – мұғалімдік қызметті алып келе жатқан білікті маман. 16 жасында мектепті тәмамдаған бұрымды қыздың педагог мамандығын таңдауына анасы әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжиһан Жұмаханқызының ықпалы болыпты. Бұл 1991 жыл еді. Арқалық педагогикалық институты филология факультетінің студенті атанған Назгүл Тоқаева он сегіз жасында-ақ екі жылдық жеделдетілген мұғалімдер даярлайтын курсты аяқтап, ұстаздықты бастап кетеді. 1996 жылы еңбек ете жүріп, мамандығының толық курсын аяқтап алыпты.
Міне, мұғалім мамандығын таңдап, еңбек еткеніне де 27 жыл болды. Бүгінде Қостанайдағы С.Мәуленов атындағы гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жемісті еңбек етіп келеді. Кемелденген, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, қанат қақтырған мамандық төресі мұндай жауапкершілігі зор, жүгі ауыр, мәртебелі саланы сүйреп алып жүрудің шыжығы бір бөлек болса, қызығы бір төбе екенін айтып берді.
– Анам алғаш Аманкелді, Жанкелдин аймақтарына қазақ тілі мен әдебиетінен тереңдетілген бағдарламаны әзірлеген адам. Ол кісінің сабақ беру тәсілі мен шеберлігі, сөз саптауы әлі күнге көз алдымда. Ол кісінің әрбір ісі мен қимылына қарап өстім, соған ұқсағым келді. Осы ой мен арман мені мұғалімдікке, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығына алып келді. Ауыры мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған ұзақ еңбек жолындағы өмірілік ұстанымым – әрқашан шығармашылық ізденісте, ой қозғалысында болу. Мұндай ұстаным мұғалімде болмаса, ол жай мұғалім атын жамылып жүргендер деп айтар едім. Ал ұстаздардың ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің қазіргі қоғамымызда жүгі ауыр. Себебі болашақ ұрпаққа мемлекеттік тілді үйрету – қазақ тілі мамандарының міндеті. Бейнеті қатты, зейнеті тəтті мамандықты таңдап, еңселі білім ордасы С.Мәуленов атындағы гимназияда қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе. Білім ордасының директоры Бекежан Көшмырзаұлына алғысым шексіз. Мен ол кісінің бойынан қатал талапшылдық пен жинақылықты үйрендім. Қысқа сөйлеп, тез шешім қабылдауды меңгердім, – дейді кейіпкеріміз.
Отыз жылғы жуық ұстаздық өтіл Назгүл Мұратбекқызы үшін ұзақ уақыт емес. «Ұстаз жолы – ұлы жол», оқушыларға жан-тәніңмен жан-жақты сапалы білім, жақсы тәрбие беру міндетім деп санайды. Ұлтымыздың арысы Мағжан атамыз «Алты алаштың баласы бас қосса, ең төрдегі орын – мұғалімдікі», – деген екен. Мұндай бағадан асырып не айтуға болады? Оның үстіне Назгүл Тоқаева жетінші жыл қатарынан Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық тестілеу орталығындағы тест тапсырмаларын құрастыру комиссиясы құрамында құрастырушы-сараптаушы ретінде жұмыс істеп келеді.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан педагог мәртебесін арттыру мақсатында бірқатар қадамдар жасалып жатыр. Ұстаздың мәртебесі тек қана жалақының өсуімен өлшенбейді. Бүгінгі күні жүзеге асырылып отырған педагогтердің біліктіліктерін арттырудың жаңа жүйесі мұғалімнің, мектептің менталитетін өзгертіп, оларды білім берудегі жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беріп отыр.
Назгүл Мұратбекқызы олимпиада, ғылыми жұмыстарға озат шәкірттер баулығаны үшін қалалық, облыстық, республикалық деңгейде марапатталған. Оның сыртында «Ең үздік сынып жетекшісі», «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» сайыстарында жеңімпаз атанғаны бар. Биылғы жылғы Тамыз конференциясында қала әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Өзінен тәлім алған, бүгінде Қостанай облысына танымал Махаббат Орымбаева, Арман Бектұрғанов, Жанел Нұрмағамбет сынды шәкірттерін мақтан тұтады.
Осындай ұлы істің, қызығы мен шыжығы мол мамандықтың иесі үшін басты байлығы – отбасы. Ширек ғасыр бұрын Конституция мерекесі күні Мұхит Тоқаевпен шаңырақ көтеріп, үш перзент сүйді. Тұңғыш ұлы Нұржан мен келіні Жансаядан Інжу, Тасним есімді немерелер көрген бақытты ата-әже. Екінші ұлы Шыңғыс пен қызы Алтынай әлі студент. Балаларының бәрі де қазіргі таңдағы мұғалім мамандығының қиындығын көріп, анасының үйдегі күнделікті сабаққа дайындалып, уақытының көп бөлігін қағаз жазумен өткізетінін көріп өскендіктен бе, олар бұл мамандықты таңдамаған екен.
Еліміздегі пандемияға байланысты наурыз айынан қашықтан оқыту форматы енгізілді. Ұстаз үшін қарсы алдыңда отырған шәкіртіңе бар білгеніңді үйретуден артық ештеңе жоқ. Оның үстіне біздің кейіпкеріміз биыл жаңадан келген 5 «Ә» сыныбына жетекші болып отыр. Шәкірттерімен интернет арқылы ғана байланысудан басқа мамал жоқ.
– Ел болып қауіптен де аман-есен шығатынымызға сенімім мол. Мен де басқа әріптестерім секілді оқушыларыммен жүзбе-жүз отырып дәріс бергім келеді. Олармен бірге білім жарыстарына, олимпиадаларға дайындалып, Абайдың асыл сөздерін, Мағжанның жалынды ұрандарын, Мұқағалидың алтындай асыл өлеңдерін жүректеріне ұялатып, жетістігін көргім келеді. Ол күн де алыс емес шығар. Себебі, шәкірттерінің жетістігіне марқайып, олардың ыстық ықыласына бөленген ұстаз өткен өміріне, еткен еңбегіне мақтанышпен қарайды, – дейді Назгүл Мұратбекқызы.
Онлайн демекші, ұстаздар мерекесі қарсаңында оқушылардың барлығы жүз көріспесе де, ұлы мамандық иегері – тәлімгерін әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы құттықтап жатыр. Ұлағатты жанға деген құрметтің биігі осы болар.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.