Жаңа емханадағы түсініспеушілік
Қостанайда жаңа жылдан бастап жаңа емхананың ашылатыны, ғимараттың талапқа сай жабдықталып дайын тұрғаны туралы жазылған болатын. Ашылмай жатып тұрғындар арасында осы емханаға қатысты түсініспеушілік болып жатыр.
Жаңа жылдың алғашқы күндері емханаға барған қаралушылар медициналық карталарының жаңадан ашылған алтыншы емхананың құзіретіне өтіп кеткенін аңғарған. Сол маңайдағы екінші емхананың дәрігерлері де өздері үйренген емдеу секторларының өзгергеніне аң-таң.
" Бізге денсаулық сақтау басқармасынан белгілі бір нұсқау беріледі. Сол талаптарға сай жұмыс істейміз. Осы шағын ауданның аумағындағы аумаққа медициналық қызмет көрсету біздің мекемеге жүктеліп отыр. Бұл жерде қатып қалған ештеңе жоқ. Азаматтар бір жерден тіркеуден шығып, қалаған емханаларынан ем алуға құқылы. Өз еркімізбен басқа емханалардың құзырындағы пациенттерді тартып алған жоқпыз", – дейді алтыншы емхананың бас дәрігері Нұрдәулет Бисенғалиев.
Абай даңғылының қақ ортасынан тағы бір емдеу орнының ашылғанына қуанып жатқандардың бар екенін де жасырмаймыз. Қаладан тысқары орналасқан "Дружба" селосының тұрғыны Абат Әлімов осы мекемеге отбасымен тіркелуге келіпті.
"Біздің тұрып жатқан жер емдеу мекемесіне әуелден зәру. Кездейсоқ жағдайда медициналық қызмет көрсететін орын болмағасын Уральская көшесіндегі бесінші емханада тіркеуде тұр едік. Ол жақ бұл жердегідей емес, жүріп-тұруымызға қолайсыз болды", – дейді Абат.
Медициналық сақтандыру қоры белгілеген шарттардың осы тақырыпқа байланысты жерлерін назарларыңызға ұсынамыз:
Азаматтар тұрақты немесе уақытша тұратын мекенжайын, оқу орнын немесе жұмыс орнын (басқа әкімшілік-бірлік аумағына) ауыстырғанда, емхана қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылғанда,
еркін таңдау құқығы бойынша жылына бір рет жыл сайынғы тіркеу науқаны кезінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емхананы ауыстыра алады.
Пациент жіберген құжаттардағы мәліметтің қате болуынан, пациенттің мекенжайының таңдап алынған емдеу мекемесі орналасқан бірлік аумағынан алыстығынан, бір дәрігерге тіркелген адам санының 1700 адамнан, учаскелік терапевке тіркелгендер санының 2200-ден, учаскелік педиатрға тіркелген 0-6 жасқа дейінгі балалар санының 500-ден, 0-14 жасқа дейінгі бала санының 1400-ден асып кетуінен, баланың немесе жоғарыда көрсетілген тұлғалардың заңды өкілі екенін растайтын құжаттарының жоқтығынан емхана сіздерден бас тарта алады.
Емдеу мекемесі тіркеуден негізсіз бас тартқан жағдайда пациент Қордың 1406 байланыс орталығы арқылы немесе Qoldau 24/7 қосымшасы арқылы шағым қалдыра алады.
Айбек Ғалымұлы.