Мешіт қашанда халықпен бірге!

сайт1
Қостанай облыстық мешіті ықылым заманнан имандылық ордасына айналғаны белгілі. Әсіресе, кейінгі жылдары ғибадат үйі халықтың рухани ортасы ғана емес, қайырымдылық ошағы болғаны ақиқат. Оны жамағат біліп те, көріп те жүр! Жасыратын ештене жоқ, әлемді жайлаған Коронавирус дертінің салдарынан барлық жердегідей карантинге байланысты уақытша жұмысты тоқтаттық.
Алайда, аталған мешіттің барлық қызметкерлері қашанда халыққа көмекке дайын болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптарына сәйкес бүкіл діни рәсімдерге қатыса алмады. Оны жұртшылық түсінді деген ойдамыз.
сайт 3
Осы сәтті пайдаланып, кейбір арнайы діни білімі жоқ және мешітке ешқандай қатысы жоқ кісілер әлгіндей рәсімдерге қатысып, жұртшылықтың сеніміне ие болуға тырысып бағуда. Бірақ бұл мүлде дұрыс емес. Тіпті, көрсеткен қызметтері үшін ақша талап етеді екен. Бұл Ислам дінінің атына кір келтіретін жағымсыз әдетке жатады. Осыны құрметті ағайындар әрдайым жадында сақтағандары абзал! Қазақта жақсы сөз бар: «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген.
Осы арада өңірдегі барша жерлестеріміздің қаперінде жүрер мәселе жайлы да баяндағым келеді. Мысалы, қазіргі таңда облыста дін саласындағы кадрларға зәрулік жоқ! Жыл сайын жоғары және арнаулы оқу орындарын, имамдардың білімін жетілдіру курстарын аяқтап келіп жататын жастар жеткілікті. Ол аз болса, құранды бастан-аяқ жаттаған діндар әріптесіміз бар және Тобыл-Торғай өңірінен шыққан қариларымыз осымен тоқтап қалмайды, қосылған үстіне қосыла береді деген сенімдеміз. Теология саласынан магистратура, докторантура бөлімдерінде білімін тереңдетіп жүрген имамдарымыз да келешекте аймағымыздың рухани өміріне зор үлесін қосатын мамандар болатынын мақтана айта аламыз.
WhatsApp Image 2020-08-13 at 17.40.48WhatsApp Image 2020-08-13 at 11.25.33
Сол себептен де бауырларымыздан өтінеріміз, түрлі діни рәсімдер тікелей мешіт арқылы өткізілгені жөн дер едік. ҚМДБ-ның тарапынан да осындай жоғары талаптар қойылып отыр. Оны орындау күллі қандастарымыздың парызы болып табылады. Тәртіп пен бірлік болған жерде нәтиже болады. Уақыт талабы осындай.
Елімізде карантинге жеңілдік жасалғалы бері мешіттің жұмысы жандана түсті. Жұма күндері мұсылман қауымы бұрынғыдай көп жиналмағанымен, бес уақыт намазды үзбеулеріне толық жағдайды жасадық.
Мешітімізде жүзеге асырылатын жұмыстардың бірі – неке қию рәсімі екендігі көпшілікке аян. Бұл күндері осы адам өміріндегі ұмытылмас сәттерге де екі жақтан төрт адам қатысып, олардың қуаныштарына ортақтаса алады. Ерлі-зайыптыларға арнайы дайындалған неке куәлігі салтанатты түрде тапсырылып келеді.
Қалың жұртшылық  біле білмейтін кейбір маңызды жайлар да бар. Соларға қысқаша тоқталып, ағайындардың есіне салғанды жөн көрдім. Жалпы мешіт халыққа қызмет көрсеткенімен, қашанда мұсылман бауырларымыздың қолдауы мен көмегіне зәру. Өйткені, ол өндіріс орны емес, тек қана келушілердің садақасы мен неке және жаназа рәсімдерінен түсетін азын-аулақ қаражатпен ғана жан бағып отыр.
IMG-20200831-WA0058
Қазір жариялылық заманы. Сол  себептен өзіміздің мұсылман бауырларымыздан жасыратын ештеңеміз де жоқ. Нақты деректерге сүйене кетейін. Мысалы, біздің облыстық мешіттің бір жылдық түсімі 35 млн теңгені құрайды. Ал шығысымыз 47 млн теңге. Ал қалған 12 млн теңге имандылық жолында жүрген жанашыр кәсіпкерлерден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы «Зекет» қорының облыстық филиалының тікелей атсалысуымен жиналады.
мешіт көмек аппарат
Ал осы қаражат көздерінен мешіттің қызметкерлеріне жалақы төленеді. Сондай-ақ демеушілердің қолдауы және қасиетті Рамазан айында берілетін пітір садақадан түскен ақшаның бір бөлігі қайырымдылық және басқа да аса қажетті жайдайларға жұмсалып келе жатыр.
WhatsApp Image 2020-08-01 at 18.25.49
Өздеріңіз білесіздер, солтүстікте қыс тым ұзақ. Үлкен мешітке жылу беру мәселесі де өте өзекті. Қаражаттың басым көпшілігі осыған жұмсалатындығын да тілге тиек еткенім абзал.
Қымбатты ағайын және оқырман! Карантин бізді сабырға шақырып, дарақылыққа, орынсыз бас қосуларды шектеуге бейімдеді. Қай мәселеде болсын ұқыптылыққа, жинақылыққа, сақтыққа үйретті. Әсіресе, той емес, ойға көп көңіл бөлу керектігін еске салды. Сол себепті, жерлес ағайындар жоғарыда келтірген ой-ескертуіме құлақ асады әрі соны бұлжытпай орындайды деп сенемін.   
 
Бахытбек Тәжімбет,
Қостанай облысының Бас имамы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓