Қашықтан оқытудың ерекшеліктері
Тобыл қаласының Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясында 2020-2021 оқу жылындағы оқу форматы қашықтан оқыту мен кезекші сыныптарда оқытумен басталды.
Қазіргі таңда мұнда 1-11сыныптар арасында 791 оқушы білім алып жатыр. Даярлық сыныптарында 80 бала және ұзартылған шағын орталықта 91 бала тәрбиеленуде. Мектеп-гимназиясында барлығы 86 мұғалім еңбек етеді. Биыл оқу жылында аттестациядан 5 мұғалім модераторға, 5 мұғалім сарапшыға, 9 мұғалім зерттеушіге өтті, 1 мұғалім шебер санатында. Білім ұясында 35 сынып бар. Барлық оқушылар оқулықтармен толық қамтамасыз етілген. Ұлттық білім беру деректер базасымен уақытылы жүргізіліп отырады. Мектепалды даярлық сыныптарда және 11 сынып аралығындағы 784 оқушы қашықтан оқиды; 1-3 сыныптар бойынша 85 оқушы кезекші сыныпта оқып жүр.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 13 тамыздағы №345 бұйрығының 1,2-қосымшасын басшылыққа ала отырып, кезекші сыныптарда жұмыс жүргізілуде. 1-3 сыныптардан 6 кезекші сынып құрылды. Мектепте санитарлық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуда. Сабақтың басталу және аяқталу уақытын белгілеген сабақ кестесі құрылған. Сыныптағы оқушылар саны 15 баладан аспайды, әлеуметтік қашықтықты сақтау шаралары ұйымдастырылған, оқушылар мен педагогтердің дене қызуын мектеп медбикесі мектепке кірген бетте күн сайын өлшеп отырады, кабинеттік жүйе жоқ, оқу үстелдерінің ара қашықтығы 1 метрден. Сабаққа келу және сабақ арасындағы үзілістер әр сыныпқа әр уақытта белгіленген. Маска кию режимі қатаң сақталған. Әрбір екінші сабақтан кейін кабинеттерде, дәліздерде, рекреацияларда, холлдарда ауысымдар арасында дезинфекция жүргізіледі, мектеп асханасы мен буфеттің қызметі уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар санитарлық өңдеуге арналған залалсыздандыру құралдары, аяқ киімге арналған кілемшелермен, санитайзерлермен қамтамасыз етілген, медициналық кабинет пен оқшаулағыш кабинет жұмыс істеп тұр.
-«Балапан», «Ел арна» арналарын оқушыларымыз 100% қолданады. Балаларды экранға жинай отырып, онлайн режимінде сабақ өткізу үшін, онлайн-веб-жүйелерді немесе онлайн-журнал функциясын пайдаланып, қашықтан сабақ өткізудеміз. Сонымен қатар, мұғалімдер сабақтар дайындаудағы жұмыстарында Idroo сайтындағы бағдарламасын мектеп тақтасының орнына пайдалануды үйрене отырып, есептер шығару, модельдер сызу үшін пайдаланады. SimpoII бағдарламасын – тест жұмыстарын орындау, автоматты түрде қателерді табу үшін жұмыс жасауға тиімді болуда және LearningApps – бағдарламасын кроссворд жасау, сәйкестендіру, орнын табуға арналған тапсырмаларды құрастыру үшін таптырмас құрал екенін көрдік, – дейді Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Айткүл Әлімова.
Айткүл Әлімованың айтуынша, сабақтар интернет-платформада мұғалім мен оқушының өзара кері байланысымен жүзеге асырылады, сабақты дайындау кезінде мұғалім оқушыларға өздігінен оқуға арналған оқу материалдарын береді, білім алушыларға оқу тапсырмаларын жібереді, орындалған жұмыстарды қабылдайды, электрондық журналдардың мүмкіндіктері арқылы оқушылармен кері байланысқа түседі.
«Мектепке жол» акциясы аясында 87 оқушыға уақытша пайдалануға компьютер берілді. Көп балалы ана, мектептің биология пәні мұғалімі Әсем Жанбыршинаға кәсіподақ ұйымының қолдауымен компьютер сыйға тартылды. Сонымен қатар, мектептегі көп балалы мұғалімдер мен қызметкерлерге 180 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.