Оқытушылардың онлайн байқауы

WhatsApp Image 2020-05-15 at 11.42.0122

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы мамыр айының 04-14 күндері аралығында ұстаздар арасында Ахмет Байтұрсынов атындағы «Үздік оқытушы-2020» облыстық байқауын онлайн түрінде өткізді. Айта кетейік, онлайн форматтағы мұндай өзгеше шара бірінші рет ұйымдастырылуда әрі біздің өңіріміздің тілдерді дамыту басқармасы республика бойынша алғаш болып қолға алып отыр. Білім жарысына 13 оқытушы қатысты. 

– Байқаудың мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның әдіс-тәсілдерін жаңғырту, ересектерге мемлекеттік тілді инновациялық әдістемемен оқытатын шығармашыл оқытушыларды анықтау, қолдау, марапаттау. Оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын шыңдау және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ілгерілету, өзара оқытушылардың тәжірибе алмасуы, қазақ тілін меңгертудің озық үлгісіндегі педагогикалық тәжірибелерді тарату, – дейді Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бахытгүл Зарлыққызы.
WhatsApp Image 2020-05-15 at 11.42.03
Байқау 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – жарнама (PR), қатысушылар 15 минуттан аспайтын бейнесабақ үлгісін дайындап, онлайн дауыс жинау керек. Екінші кезең – Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, қызметі мен шығармашылығы қамтылған тест тапсырмаларын орындау. Үшінші кезең – Ахмет Байтұрсынұлының  шығармашылығы, әдістері мен әдістемелік мақалалары, сондай-ақ оқытудағы түрлі педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға байланысты  видеосұрақтарға жауап береді. Төртінші кезеңде қатысушылар өздерінің соңғы жылы шыққан оқулық, оқу-әдістемелік құралдарын, ғылыми-әдістемелік мақалаларын, байқаудағы жүлделі жетістіктерін көрсетуі шарт.
WhatsApp Image 2020-05-15 at 11.42.00
Байқау қорытындысы бойынша Сарыкөл ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Нәби Болат І орынды жеңіп алды. Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Балайым Молдабекова ІІ орынды, «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айнұр Міркемелова ІІІ орынды иеленді.
WhatsApp Image 2020-05-15 at 11.42.02
Сонымен қатар, «Шығармашыл педагог» номинациясы бойынша Меңдіқара ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Анар Хасенова,  «Креативті педагог» номинациясы бойынша Қарабалық ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ерлан Әбілов, «Жаңашыл педагог» номинациясы бойынша Денисов ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әлия Сәбитова марапатталды. Жүлделі орын  және номинация иегерлері дипломмен және «Сулпак» электрондық-техникалық дүкенінің сыйлық сертификатымен марапатталды. Қалған қатысушыларға алғысхаттар табысталды.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓