БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – БАСТЫ ТАЛАП
Ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтті. Ал оны дамыту үшін нақты шешімді іс қажет. Еліміздің ауылшаруашылық саласында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер жетерлік. Мәселен, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне соққы боп тиері анық. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Мемлекет басшысы елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін жеті ірі экожүйе қалыптастыруға болатындығын атап көрсетті. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс.
«Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал.Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек. Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды»,-деді Қ.Тоқаев. Бұл өте маңызды. Өйткені, кішігірім жеке шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында жатса керек. Кооперацияға біріксе жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Ол шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Екінші бір мәселе, ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл шындық. Табыстың басым бөлігіне екі арада жүрген алыпсатарлар кенеліп жатады.Сондықтан, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірленуі құптарлық іс. Тағы бір маңызды мәселе – Президент келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану жөніндегі Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жоятындығы. Жеріміз енді шетелдіктерге сатылмайтын болды. Соған сәйкес Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлемек. Мемлекет басшысы айтпақшы, аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажеттігі сезіледі. Мен өзім көп жылдан бері осы салада еңбек еткеннен кейін, көп нәрсе жақсы таныс. Сондықтан, ауылшаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерді шешу жолдарын тезірек қарастыру керек. Бұл ретте Президент құзырлы орындарға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Аман АЯНОВ,
шаруа қожалығының жетекшісі.