Ас атасы – нан
Облыста нан бағасының көтерілуіне байланысты өз пікірімді айтқым келеді. Күні бүгінге дейін 600 грамдық нан бағасы тұрақты болды, бар болғаны – 42 теңге. Ал Атырауда сондай нан 60, Ақтөбеде 55 теңге екен.
Байқап қарасаңыз, облыс басшылығы ұзақ жылдар бойы басты тағамның бағасын көтеруге жол берген жоқ. Ал нан өздігінен дүкен сөресіне түспейді. Алдымен жер бастап, тұқым себіп, егін өсіру керек, содан кейін оны тер төгіп жинау, элеваторларға жөнелту қажет. Бидайды диірменде тартып, ұнды наубайханаға береміз. Ал сол нан заводының жалпы шығыны соңғы жылдары 40% өсіпті. Бұған енді газдың, жанар-жағар майдың, электр қуатының, тасымал шығынының өскенін қосыңыз. Мұндай жағдайда әр бөлке нанға қосылатын төрт теңге үстеме ешбір отбасына бәлендей салмақ салмайды. Қайта нанды ысырап қылмауға, оны қадірлеп, үнемдеуге жол ашады.
Бүгіндер қаладағы жүргінші көлігіне мініп, түскенің үшін 60 теңге төлейсің. Ал ас атасы – нанның бағасы одан көп арзан. Кешегі Кеңес дәуірінде қала маршрутындағы автобус бағасы 5 тиын, ал нанның бағасы 16 тиын еді ғой, яғни үш еседен астамға қымбат.
Диқан ретінде айтарым, біздің дастарқанымыздағы ақ бөлке оңайлықпен келмейді, ол көптеген жандардың адал еңбегі, маңдай тері. Нанның қадірін білейік, оның ысырабына жол бермейік, ағайын!
Кәмшат Дөненбаева,
Социалистік Еңбек Ері, Қостанай облысының құрметті азаматы