ЖЫЛДЫҢ ЖЕТІ ЖАҢАЛЫҒЫ
Тобыл қаласы пайда болды
2020 жылдың басы осындай ақжолтай жаңалықпен басталды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай ауданының Затобол кентін аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу және оны қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының бұл Жарлығы 2 қаңтарда қолданысқа енгізілді. Осылайша, облыстық деңгейде бірнеше мәрте талқыға түскен мәселеге нүкте қойылды. Бүгінде Тобыл қаласын дамыту, көркейту мақсатында көптеген маңызды жоспарлар құрылып, қарқынды жүзеге асырылуда.
Ұлы ұстазға тағзым
Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринге Қостанай қаласының қақ ортасынан ескерткіш орнатылды. Бұл – тарихи тұлғаның алдағы 180 жылдық мерейтойына орай өтетін іс-шаралардың лайықты бастамасы. Баба мүсінін орнатуға қостанайлық зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар бастамашы болған. Жоба авторлары – белгілі мүсінші Жеңіс Жұбанқосов және ҚР Суртешілер одағының мүшесі Тоқтар Ермеков. Қола композицияның жалпы биіктігі – 2,6 метр. Ал тұғыр граниттен жасалған.
Ұлы ағартушының шәкіртін қасына алып отырған бейнесі мүсінделген, кескіні келіскен ескерткіші орталық саябақ кіреберісінің алдына орнатылған.
Ұлы ағартушының шәкіртін қасына алып отырған бейнесі мүсінделген, кескіні келіскен ескерткіші орталық саябақ кіреберісінің алдына орнатылған.
Теңдесі жоқ Тhermapark
Облыс орталығындағы "Kostanay Plaza" сауда-ойын-сауық орталығы жанынан термопарк ашылды. Ішінде 24 түрлі моншасы, бес бассейні бар кешен бір мезгілде 1600 адамды қабылдай алады. Монша-сауықтыру кешені – үш жыл бұрын ашылған сауда орталығының орталығының қосымша бір бөлігі. Қыс мезілінде ашық аспан астында жұмыс істейтін термо қауыздардың біріне теңіз суы құйылған. Нысан инвесторлардың қаржысына салынды. Кешенде 250-ге жуық кәсіпкер өз кәсібін ашты. Сол арқылы 1150 жұмыс орны құрылған. Термопаркті туристерге тартымды ете түсу үшін бұл жерде жаңа нысандар бой көтереді. Таяу жылдары қонақүй салу жоспарда бар.
Екі мектеп есігін айқара ашты
Биыл Қостанай облысында заман талабына сай екі бірдей мектеп ашылды. Алғашқысы Әулиекөл ауданының Аманқарағай кентінде пайдалануға берілді. 320 орынға арналған оқу ошағының құрылысына 1,1 млрд теңге жұмсалды. Сонымен қоса, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қостанай қаласындағы "Юбилейный" шағын ауданында №27 мектеп өз жұмысын бастады. Соңғы үлгідегі мектептің құрылысына 3,1 млрд теңге бөлінді. Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мекеме 1200 оқушыға шақталған. Айта кетейік, Қарасу және Қарабалық аудандарында да жаңа мектептің іргесі қалануда. Олардың әрқайсысы 320 орындық болмақ.
Қос зауыт қазығы қағылды
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қостанайға іссапармен келіп, Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен екі жақты келіссөз жүргізді. Маңызды құжатта Қостанай индустриялық аймағында «КАМАЗ» шойын құймасын және жүк техникасының көпірлеріне арналған құрамдас бөлшектер өндіру зауыттарын салу жобалары бар. Үкімет басшысы осы зауыттардың құрылысына арнап тас қою рәсімін өткізді. Бірлескен кәсіпорындардың жобалық қуаттылығы жылына 40 мың құйылған компонентке тең. Инвестицияның жалпы көлемі — 150,7 млрд теңге. Шамамен 1 200 жаңа жұмыс орны құрылуы мүмкін. Өнімді жергіліктендіру деңгейі 60-70%-ке жетпек. Алпауыт зауыттар құрылысын 2023 жылы аяқтау көзделген.
Ономастиканың оңды шешімдері
Биыл бұл бағыттағы жұмыстар да жеміссіз болған жоқ. Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты және облыстың зиялы қауым өкілдері Қостанай қаласындағы Василий Чекмарев атындағы көшеге көрнекті қоғам қайраткері Орал Мұхамеджановтың есімін беру жөнінде Қостанай қаласы әкімдігіне ұсыным хат жолдады. Бұл мәселе 14 қарашада өткен Қостанай қаласы мәслихатының тұрақты депутаттары комиссиясының бірлескен отырысында қаралды. Көшені қайта атау туралы қала әкімдігінің ұсынымы ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның отырысында қаралып, толықтай қолдау тапты. Сондай-ақ Федоров ауданындағы Димитров атындағы №1 орта мектепке Абай Құнанбайұлының, №2 орта мектепке Ыбырай Алтынсариннің есімін беру ұсынысы мақұлданды.
Электронды жолақы ел салтына айналмақ
Қостанай қаласының маршруттық автобустарына алғаш рет электронды төлем қабылдайтын аппараттар орнатылды. Облыс орталығындағы 300-ден астам қоғамдық көлікті валидаторлармен жабдықтауды алматылық компания міндетіне алды. Құзырлы орын өкілдері мен тасымалдаушылардың ортақ келісімі бойынша, арнайы картамен жол құнын төлеу 80 теңге, ал қолма-қол есеп айырысу 150 теңге болып белгіленді. Қазіргі уақытта қостанайлықтар жаппай карта сатып алып жатыр. Бұл жаңашылдық 1 қаңтардан бастап қолданысқа енбек.