МЕМЛЕКЕТ ЖӘРДЕМІ АЗ ЕМЕС
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-Қимыл кезеңі» атты Жолдауын мұқият тыңдадым. Президент экономикалық-әлеуметтік дамудың жаңа мүмкіндіктері жайлы нақты міндеттер тапсырды. Рас, жер әлемді жаулаған пандемияның елімізге де әсері аз болған жоқ. Бірақ, мемлекет экономиканы әлсіретіп алмауға мықты көңіл бөлді. Экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Төлем мерзімі кейінге шегерілді, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылды. Бірақ, ахуал әлі де болса күрделі. Шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Сондықтан, мемлекет басшысы, шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6%-тік жылдық мөлшерлемесі деңгейінде мемлекеттік субсидия беруді тапсырды.
Субсидиялау он екі айға созылады. Бұл үлкен жәрдем. Ұлттық банк көбірек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейту үшін арнаулы бағдарламаны жүзеге асыруды қол алмақ. «Бұған дейін бұл бағдарлама биыл аяқталады деп жоспарланған еді. Қазіргі күрделі ахуалға байланысты аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның аясын кеңейтуді тапсырамын.Осыған орай қосымша 200 миллиард теңге бөлу қажет. Сол арқылы бағдарламаның жалпы құнын 800 миллиард теңгеге дейін жеткіземіз. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен квази-мемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алып отырған шағын орта бизнес өкілдерін жыл соңына дейін жалдау ақысын төлеуден босатуды тапсырамын»,-деп атап көрсетті мемлекет басшысы. Мен кәсіпкер ретінде мұндай қолдау шарасын қолдаймын. Бүгінгідей қысылтаяң кезеңде халықтың табысын, жұмыс орындарын сақтау – басты басымдық. Бұл карантин кезінде көбірек зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес өкілдері үшін үлкен қамқорлық болары сөзсіз. Біздің елімізде кәсібін енді бастап жатқан бизнес өкілдері қаншама. Мемлекеттің көмегі оларды ынталандыра түсері анық. Екіншіден, тауар айналымы, өнім көлемі артады. Мұның бәрі кез келген кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігін артыратыны даусыз. Қазіргі жағдайда әр бизнес өкілі «Мен елімнен не алам деп емес, керісінше, мен еліме не бере аламын» деген қағиданы ұстануы қажет. Сонда ғана іс алға басады.
Марат ҚАБДЫСАЛЫҚОВ,
кәсіпкер.