Жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Жолдауда әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрғыдағы маңызды мәселелер қамтылды. Университеттерді қысқарту бойынша атқарылған жұмыстар туралы да айтылды, ең бастысы елдегі университеттердің саны емес, білім сапасы. Сондықтан да, білім және ғылым саласына да жаңа нақты міндеттер қойылды. Мемлекет басшысы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. Белгілі болғандай, еңбекақы мөлшері де келешекте арта бермек. Сонымен қатар, Жолдауда мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға да ерекше назар аударылды. Мемлекеттік аппарат мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырды. Биыл оларды 10 пайызға, ал келер жылы тағы 15 пайызға қысқарту керектігін жеткізді. Мемлекеттік аппараттың қысқаруына байланысты қызметкерлердің жалақысы да өспек.
Жалпы, Президент Жолдауы елдің саяси трансформациясы үдерісіндегі маңызды оқиға болды. Жолдауда көрсетілген әрбір тапсырма барынша күш жұмсауды қажет етеді. Өз басым маңызды құжатта көрсетілген шараларды толығымен қолдаймын. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде оларды жүзеге асыруға да барымды саламын. Әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсарту шаралары ерекше назар аудартады. Халықты құқықтық қорғауды жақсарту бойынша “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру үшін ұсынылған шаралар да үлкен назар аударуды қажет етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы біздің азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты элементі мен құндылығы болып табылатындығын айқын көрсетті. Бұл құжаттың міндеті – уақыттан озу және қоғам мен азаматтардың қажеттіліктеріне жауап беру.
Альмира ЖАНСҮГІРОВА
Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры
Облыстық мәслихаттың депутаты