Мерекелік жәрмеңке

IMG_1066Сенбі күні ауыл шаруашылық тауарларының биылғы күз мезгіліндегі алғашқы жәрмеңкесі өтті. Ауқымы кең шара тың игерудің 60 жылдығына арналды.
Көпшілікпен бірге таңертеңгі тоғызда орталық алаңды бетке алдық. Аспан түнеріп, жаңбыр сіркіреп тұрды. Ауа-райының қолайсыздығынан болар жұрт-шылық жәрмеңкеге аз жиналды.
Орталық алаңда сауда жүргізуге арналған 45 палатка құрылыпты. Олардың әрқайсысында азық-түліктің алуан түрі самсап тұр. Қалағаныңызды таңдап аласыз. Бағасы да көңілге қонымды. Базардағы бағадан 10-30% ға төмен. Әсіресе, ет пен жеміс-жидекті арзанға алуға болады. Мәселен, алма мен жүзімнің келісі 200 теңге, сиыр етінің келісі  800 теңге, жылқы етінің келісі 1100 теңге. Ал базарда жылқы етінің келісі  1500-1800 теңгеге бағаланған.
Жәрмеңкеде жұмыртқа мен көкөніске және етке сұраныс мол болды. Қала тұрғындары аталған тауар түрлерін арзанға алу үшін кезекке тұрды. Себебі "Жас Қанат" құс фабрикасы жұмыртқасының он данасы 160 теңгеден, картоптың келісі 40 теңгеден, қырыққабаттың келісі 30 теңгеден болатын. Алдағы күндері мұсылман қауымы  Құрбан айт мейрамын тойлайды. Соған байланысты жәрмеңкеде сойылмаған қой да сатылды. Шопан ата төлінің бағасы 18 мыңнан 26 мың теңгеге дейін.
Сауда қызып жатқанда жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық топтар өнер көрсетті.
Ұлттық костюм киген қыздар шашу шашып, ән шырқады. Облыс әкімінің орынбасары Б.Жақыпов пен Қостанай қаласының әкімі А.Ахметжанов жәрмеңкенің жай-күйін бақылап, сатушылармен жүздесті.
– Қазіргі уақытта орақ науқанының қызған шағы. Соған қарамастан өңіріміздегі аудандардың тауар өндірушілері жәрмеңкеге қатысып отыр.  25 тонна ет, 50 тонна көкөніс, 20 тонна картоп саудаға шығарылды. Азық-түліктің қайсы түріне сұраныстың мол болатыны алғашқы жәрмеңкеде белгілі болады,– деді облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов.
Азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі Сити-орталықпен қатар 8,9 және КСК шағын ауданында өткен болатын. Оған об-лысқа қарасты екі қала мен он төрт ауданның тауар өндірушілері қатысты.
Қымбат
        ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген
Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓