Қаражат мақсатсыз жұмсалуда

Күні кеше ғана Ел Президенті халыққа арнаған Жолдауында алдағы жылдарға бөлінетін қаражаттың мол екенін, алайда сол қаржыны неғұрлым шашауын шығармай жұмсаңдар деп, Үкіметке, барлық ведомство басшыларына, аймақ әкімдеріне қаратып айтып еді. Әрине, қазынаның қаржысына бас-көз бола алмайтындар жазадан құтылмасы анық. Ал өңірімізде мемлекет қаражаты тиімді жұмсалып жатқан жоқ. Бұл туралы дүйсенбі күні аймақ әкімдігінде өткен жиында жыл басынан бергі тоғыз айға қорытынды жасаған облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Әмірхан Асанов мәлімдеді. Айтуынша, бақылауға алынған 193 нысандағы қаржы ресурстары 124 млрд. 591 млн. теңгені құраған. Алайда оны жүзеге асыру барысында бірқатар былықтарға жол берілген. Бұл комиссияның мемлекеттік жергілікті басқару мекемелеріне тексеру жүргізуі кезінде әшкере болыпты:
– 23 млрд. 436 млн. теңгенің тиімсіз әрі мақсатсыз жұмсалып, қаржылық бұзушылықтарға алып келгені анықталды. Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 2,5 есеге артты. Жоғарыдағы соманың 4,4 млрд. теңгесі бюджетке қайтарылып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелердің басшылары мен есепшілерін шақырып, кеңестер өткізсек те, жылда қайталанатын заңсыздықтар толастар емес.
Әмірхан Асанов нәтиже және тиімді қорытынды көрсету, қаржылық есеп толтыру, бухгалтерлік есеп жүргізу, мемлекеттік сатып алу заңдылығы талабы, анықтамасыз және рұқсатсыз қызметтер көрсету қатарлы басты өрескелдіктерді атап өтті. Бюджеттік есеп беру барысында әшкере болған заңсыздықтарға қатысты 25 хаттама толтырылып, оның 22 ісі бойынша тұлғалардың кінәларын мойындауы мен ондағы қылмыс құрамының аздығанан жауаптылар әкімшілік құқық бұзу кодексінің 67, 68 баптары бойынша жазадан құтылған. Сонда да жауапқа тартылғандар саны былтырғы жылға қарағанда, екі есеге артыпты. Айтпақшы, комиссия төрағасы алдағы жылдың басынан ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде жоғарыда аталған 67, 68 баптары бойынша жазаның жеңілдемейтінін жеткізді. Демек, қаржы жүйесінде салғырттық танытқандар үшін «айран ішіп құтылу» бұдан былай болмайды – қолыңмен істегенді мойныңмен көтересің!
Өңіріміздегі аудан-қалалар арасында қаржыны тиімді жұмсамай, салғырттыққа баратындар қатарында білім, мәдениет, әкімдік аппараты, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, мал дәрігерлік бөлімдерінің аттары жиі аталды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша да сұраусыз кеткен қаржы шаш етектен. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 5 аудан-қала білім бөлімдері мен Тобыл кәсіби-техникалық колледжіне қаражаттың тиімді жұмсалуы бойынша қадағалау жүргізілген. Оған бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінген болса, оның 1 млрд. 242 млн. теңгенің өрескелдігі әшкере болыпты. Атап айтсақ, жұмыспен қамту орталықтары жолдамамен жіберген 144 адамның 31 ғана толық еңбегін өтеген.
Облыс орталығындағы өнер ордалары да комиссияның тексеруінен тыс қалмапты.
– Мәселен, орыс драма театры 2012 жылы жалпы сомасы 16 млн. теңгеге 9 қойылым жоспарланса, нақты үш спектакль мен екі шара өтті. Бір ғана «Кот в сапогах» спектакліне жасалған сметалық жоба 2012 жылы 1 млн. 824 мың теңге болса, былтыр осы қойылымның шығынына 272 мың теңге, яғни, 6,7 есе аз жұмсалды, – деді Ә.Асанов.
Ал Жангелдин, Қарасу, Амангелді, Қамысты, Қостанай, Ұзынкөл аудандары мен Қостанай, Арқалық қалаларының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімдерінде 2 млрд. 210 млн. теңге түрлі өрескелдіктермен жұмсалған.
Облыс әкімі мұндай салғырттықтарға есепшілерді ғана кінәлай беру жөнсіз, ең алдымен бұған әрбір мекеменің басшылары жауап беру керек деді.
– Заң бұзу әрекеті көбейсе де, жазаға тартылғандар азайған. Әлгінде мақсатсыз жұмсалған ақшаның орны толтырылып жатыр дейсіз. Егер қаржы бастапқыда тиісті мақсатына жұмсалмай, өзіңіз айтқандай, орнын толтырып қайтып келіп жатса, демек ол ұрланған қаржыға саналмай ма? Осы жағына баса мән беру қажет. Сондай-ақ, қаржы саласындағы мамандарды даярлау мен олардың біліктілін арттыруды жақсартуды тапсырамын, – деді Нұралы Садуақасов.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓