Жаңашылдыққа бетбұрыс

3 (2)

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын қажетті кезде, дер уақытында жарияланған маңызды құжат деп есептеймін. Жолдаудың «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» аталатын тарауында біздің саламызға қатысты нақты мәселелер көтеріліп, міндеттер жүктелді. «Заң үстемдігі орнықпаса және аза­мат­тардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бір­де-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды» деуі орынды айтылған. Себебі, азаматтар мүддесіне қызмет ететін мем­лекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керектігі, осы тұр­ғыда құқық қорғау және сот жүйеле­ріне негізгі рөл жүктелетіні және бастысы, бұл салаға ре­форма аса қажет екені анық көрсетіліп отыр.
Біздің жұмысымыз сот орындарымен тығыз байланыста. Сот орындаушыларының үстінен түскен арыз-шағымдарды сотпен бірігіп шешуге тырысамыз. Борышкерлер қайта-қайта сот орындаушыларының жұмыс әрекетіне шағым келтіріп, берешегін бергісі келмей, созбаққа салып орындағысы келмейтін жағдайлар жиі. Осыны бірізге келтіру мақсатында биылғы қаңтар айынан бастап өңірлік алқа, Қостанай және Рудный қалалық соттарымен тығыз жұмыс істеудеміз. Шағым-арыздар уақытында қаралады, кешіктіруге жол бермеуге тырысудамыз.
Жолдауда «Сот жүйесі ешкімге есік ашпайтын меңіреу мекемеге айналмауға тиіс. Жоғары сот кеңесі мен Жоғарғы сот жаңа кәсіпқой кадрларды сот төрелігін жүзеге асыруға тарту жұмысын белсенді жүргізгені жөн. Сот жүйесі салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпоративтік құқық саласының мамандарына зәру болып отыр» делінген. Рас, осы салаға кәсіби мамандар аудай қажет.
Ал он жыл бұрын елімізде «Ме­диа­ция туралы заң» қабылданды. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мем­лекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Президент осы жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керектігін тапсырды.
Сондай-ақ, қылмыстық істер бойынша 2021 жылдан бастап прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі про­цес­суалдық шешімдерді келісу міндетін заң арқылы жүктеу жауапкершілігі артылды.
Жалпы, Жолдаудың кеңістігі өте ауқымды болды. Мен өз басым еліміздегі саяси-қоғамдық жұмыстарға араласу мақсатында праймеризге қатысып жатырмын. Сол себепті, Жолдауды мұқият тыңдадым. Бұдан әрі оның әр тармағына жеке-жеке шолу жасап, орындалуына өз үлесімді барынша қосуға әзірмін.
 
Несібелі Бәсенова,
Өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының төрайымы.

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓