«Бастау» түлегі ашқан дәмхана

сайтка1 сайт3

Бүгінде Қамысты ауданында жеке кәсіп ашып, халық игілігіне қызмет істеп жүрген кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – аудан орталығының тұрғыны Роза Ақбасова. Ол өткен жылы «Бастау» курсын оқып, сертификат алып, «Атамекен Қостанай» микроқаржы ұйымы ЖШС арқылы жылдық жеңілдетілген 4 пайызбен 7 миллион теңге несие алып, аудан орталығынан дәмхана ашты. Бүгінде сол дәмхана ауыл халқына қызмет етуде.

Роза Сейілханқызы көптен бері дәмхана ашуды армандап жүрді.       Бастапқыда ол түрлі салаттар жасады, тапсырыспен тәтті күлшелер пісірді. Кейін аудан орталығындағы мектеп асханасын жалға алды. Оқушыларды тамақтандырып жүрді. Дәмді ас әзірлегенді ұнататын ол өзінің жеке дәмханасы болғанын қалайтын.

49 жастағы Роза Ақбасова – Қамысты ауданың байырғы тұрғыны. «Тамақ әзірлеу технологиясы» мамандығы бойынша Алматы совет сауда техникумын бітірген кейін ол бірнеше жыл оңтүстік астанада тұрды. Кейін туған ауылына қайта оралды. Технолог мамандығы аудан орталығында кәдеге аспады. Себебі Қамысты ауданында тамақ өнеркәсібі бойынша Розаға жұмыс табылмады. Содан кейін ол қолынан келетін іспен айналасуға тура келді.

-Ас әзірлеуді ерекше жақсы көруші едім. Басында үйде корей салаттарын жасап беріп жүрдім. Кейін тәтті тоқаш, торт, күлшелер пісіре бастадым. Жақын маңдағы ауылдардан тапсырыс алдым. Той-томалақтарға ас мәзірін даярлап беретінмін. Мен қолдан «Наполеон» тортын пісіремін. Ас әзірлегенде қатып қалған рецептерге жүгінбеймін, өзімнің қиялыма ерік беремін. Түрлендіруге, дәмді қылуға тырысамын. Менің пісірген тағамдарымды жергілікті тұрғындар таласып сатып алып кетеді. Кейде қайтадан тапсырыс беріп жатады. Тағам қоспаларын түрлендіріп, түрлі дәмдеуіштерді қосамын. Барынша тіл үйірер етіп пісіруге тырысамын, – Роза ханым.

сайт6

Роза 2007 жылы мектеп асханасын жалға алды. Жас мамандарды қасына жинап, ас пісірудің қыр-сырын үйретті. Оқушыларды тамақтандыра жүріп, жеке дәмхана ашуды жоспарлады. Бәрін жаңадан өзінің талғамымен бастағысы келді. Бірақ оған көп қаражат керек еді. Сөйтіп жүргенде ауылдық кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Бастау» курсы туралы естіп білді. Сертификат алған соң аудан орталығынан «Ханшайым» дәмханасын ашып отыр.

сайт4

-Әрине дәмхана ашуға бастапқыда көптеген кедегілерге тап болдым. Кәсіби мамандар табу қиынға соқты. Дегенмен өзіммен бірге он жылдай асханада бірге істеген аспаз қыздарды жұмысқа шақырдым. Бұл кәсіппен айналысып жатқаныма көп болған жоқ. Биыл елде індет тарап, жұмысымызға біраз кедергі келтірді. Жалғыз мен емес, барлық осындай бизнеспен айналысатындарға қиын болды деп ойлаймын. Бірнеше ай жұмыссіз отырдық. Сол кезде мемлекеттен берілуі тиіс 42500 теңгені де ала алмадық, – дейді «Бастау» жобасының түлегі. 

сайт5

Кәсіпкер қызметкерлерімен бірге тамақты да, үстелді де бірге дайындайды. Үлгермей жатса, ыдысты да жуады, картопты да аршиды, ұсақ-түйек жұмысқа дейін араласып кетеді. Қажетті азық-түлікті сатып алуға да өзі барады. Дайындалатын астың дәмін, сапасын қатаң бақылайды. Бұл іспен айналысуға қарсы болмаған жұбайы да көмектесіп отырады.

сайт7

Отбасылық бизнеске кәсіпкер әйелдің қызы да кіріспек болды. Алайда Роза ханым бұл істің оңай емес екендігін айтады:

-Аспаз жұмысы өте ауыр. Оны мен жақсы түсінемін. Күні бойы тікеден-тік жүресің. Физикалық тұрғыдан көп қозғалу қажет. Тамақтың әр түрін пісіру үшін икем де керек. Сол істі жақсы көруің керек. Содан қызыма: «бізге осы бизнес те жетеді. Қалаған уақытыңда келіп, осында тамақ әзірлеуге көмектесуіңе болады» дедім. Қазір ол менің ақылымды тыңдап, заңгер мамандығы бойынша оқып жүр. Ал ас әзірлеу әзірше оның хоббиіне айналды, – дейді Роза Ақбасова.

сайт9

сайт8

Қамысты ауданы.

           

 

You may also like...

1 Response

  1. Сара айтты:

    Молодец, горжусь тобой! Пусть от клиентов не будет отбоя!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓