Елінің ерен тұлғасы

Изображение

Қуаныш Шәмшиев

Қуаныш Ақыбайұлы 1967 жылдың  қоңыр күзінде Семиозер аудандық Кеңес атқару  комитетінің төрағасы  болып сайланды. Бұл кез Қуаныш ағаның қайраты қайтпай,  жігері мұқалмаған, тәжірибесінің молайған шағы болатын. Осы жерде  Қуаныш ағаның естелігінен  үзінді:
 "…Менің азаматтық ар-ожданымның қалыптасып, дамуына ықпал еткен – Семиозер  ауданының халқы. Онда мен 15 жыл  аудан басшысы  қатарында еңбек еттім. Бұл аудан – қасиетті өңір".
Қуаныш аға 1976 жылдың шілде айында  аудандық партия комитетінің бірінші  хатшысы болып сайланды. Сол кезде  жергілікті ұлт өкілінің  мұндай қызметке көтерілуі сирек оқиға еді. Тұтас бір ауданның өмірі ашса алақанында, жұмса жұдырығында деген заман. Аудан көле-мінде жауапты қызмет атқарып жүрген адамдардың іскерлік, мамандық, ұлттық  құрамына зер салып  байқаса, 14 совхоз директорының біреуі ғана қазақ екен. Мекеме, кәсіпорын басшылары арасында  жергілікті  ұлт өкілі жоқ.
Сонан шығар,  ұлттық кадрларға жанашырлық жасауға бет бұрылды. Қазақ жігіттерін  көтерді. Сол уақытта  Қуаныш ағаның есімі республика басшыларына да белгілі болды. Жоғары қызметке өсуге  жол ашылды. Бірақ, ұлтжандылығы ұстады.
Мәселенің   мәнісін терең  ұғынып, байыбына жеткен соң қолынан іс келетін білімді қазақ кадрларын лайықты  орындарға ұсынған. Мысалы: аудандық  агроөнеркәсіп  бірлестігінде орынбасарлық  қызмет атқарып жүрген Рақым Жұма-құловты "Сұлукөл" асыл тұқымды қой заводына  директор болуға лайықты деп шешкен. "Москалев" совхозында  біраз жылдардан бері бас зоотехник  қызметін атқарып жүрген  Әкімбек Қабденов Чернышевский   атындағы совхозға  директор болып тағайындалды. Бұған дейін  бұл екі совхоздың директорлары болып, 30-40 жыл бойына ұлты орыс азаматтар істеп келген еді. Аталған совхоздардың директорларын өзгерту мәселесі осы шаруашылықтардың  құлдырап, төмен кетуі, жұмысшылардың, мамандардың ешбір кінәсіз қудалануы, ұжымдарда моральдық ахуалдар нашарлауы себепті туындаған болатын.
Семиозер ауданы уақытында өзінің ірілігіне сай  шаруашылық салаларын өркендетуде және елдің тұрмысын жақсартуда, мәдениетін  көтеруде республика көлемінде көптеген алдыңғы қатарлы игі істердің бастаушысы болды және соны кеңінен таратудың ошағы болды.  Кезінде сол әдістемелерді  үйрену, көру үшін Қазақстанның  облыс, аудандарынан,  көрші жатқан Ресейдің  Қорған, Челябі, Омбы,  Свердлов аймақтарынан шаруашылық басшылары келетін.
"Москалев" совхозы ірі қара малды  ашық алаңда бордақылап, етті  асыл тұқымды мал өсіруге бағыт ұстады. "Сұлукөл"  асыл тұқымды қой  заводы саулық қойларды қыс айында қоздату әдісін облыста алғашқылардың бірі болып қолға алды. Егін шаруашылығы "Диев" (Мырзакөл) совхозында жақсы қолға алынды. Баймағамбетов атындағы, "Шөптікөл" шаруашылықтары суармалы егісті өркендету тәсілін іске асырды. Осы игі  істер облыс  бойынша озат  өнеге деп танылды. Семиозер ауданы  сол тұста республикамыздағы эконимикасы қарыштап дамыған бай  ауданға айналды.
Қазақстан бойынша "Целинный", "Москалев", "Қазанбасы" сияқты ірі шаруашылықтарда жабдықтар әкелініп, сайлы демалыс орындары, моншалар салынды. Онда  түрлі ем де  қабылданды.
Қостанай облысы бойынша 1970 жылдары Семиозер ауданының орталығында бірінші болып асфальт көшелер, орталық жылу  және су құбырлары пайда болып, Фрунзе қаласына әдейі барып неон лампаларын әкеліп, аудан көшелері астана орталығы сияқты жарқырап шыға келді.
1976 г., встреча в Семиозерном с Л.Бедой, Герой СССР.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Леонид Бедамен бірге

Кезінде  Москвадан, Алматыдан, жоғарғы ұйымдардан келген үкімет басшылары Семиозер ауданына соқпай кетпеуші еді. Облысқа жұмыс жайымен келген республика басшылары Д.А.Қонаев, С.Б. Ниязбеков,  Б.Ә. Әшімовтар шаруашылықтарды аралайтын.
Аудандағы барлық шаруашылықтың ішінде мидай далада ұйымдастырылған "Целинный" совхозында (директоры Қабидолла Тұрғынбаев) әр саланың алдыңғы қатардағы тәсілдерін ұйымдастыруда, мал тұқымын асылдандыруда және  бидай, сұлы тұқымының шығымды сорттарын табуда толымды істер атқарылды.
Жетпісінші жылдары  елімізде қазақ мектептері  жабыла бастағаны белгілі. Семиозерда бірде-бір  қазақ мектебі жабылған  жоқ. Керсінше Шоқан Уәлиханов атындағы қазақ мектебінің  екі  қабатты  ғимараты салынды, оның қасынан үш қабатты интернат  үйінің бой көтеруі ол кезде ерлік еді. Ауданда  ұлттық  мәдениеттің   өркендеуіне   қамқорлық жасалды. 1977 жылы аудан орталығында  Қостанай облысында бірінші болып, "Жетікөл" ұлт-аспаптар ансамблі құрылып, оны әрі әнші, әрі домбырашы, сазгер, он саусағынан  өнер тамған  аманкелділік Батырбек Жүнісов деген азамат /бүгінде өмірден өткен/ басқарды. Батырбектің  тынымсыз еңбегінің арқасында  1979 жылы ансамбльге  Қазақ КСР  мәдениет министрлігі "Халықтық" атағын берді. 
Мидай далада өз қолымен алғашқы қазығын қағып, «Целинный» совхозын  құрған  Қабидолла  Тұрғынбаевқа   Со-циалистік Еңбек Ері атағын  беру туралы ұсыныс жасады.
Бірде, 1976 жылы Бородиннің арнайы шұғыл тапсырмасымен келген облаткомның  төрағасы Н.А. Пономаревтан Семиозер ауданының бірінші хатшысы Қуаныш Ақыбайұлы өзінің бір ауыз сөзімен Чернышевский совхозының директоры Әкімбек Қабденовты қорғап қалды. Қуаныш  ағаның сөзі: "… Николай Александрович, Қабденовке  қойып отырған  сұрақтарыңызға  академияны бітірген менің өзім де  сүрінуім  ғажап емес",  – деп  тоқтатты.
Ал шұғыл тапсырма былай болатын: "…ауданның бірінші хатшысына соқпастан тура Чернышевский совхозына бар, егіндерін аралап көр, директоры агроном емес,  оның үстіне сондағы орыстарды қуып  жатыр дейді.  Ол  директорды  орнынан алуға  негіз болатын анықтама жазып бересің", –  деп  жіберіпті Понамаревты.
Ал, Понамарев болса "Мынандай егін өсірген, шаруашылық жайын білетін директорға Бородин неге өшіккен" деп Қуаныш ағадан сұрайды.
1970-80 жылдары Қуаныш ағаның  Семиозерде  аупарткомның бірінші хатшысы кезінде  бюро мүшелерін сабырлылыққа шақыруы  ағаға  тән ерекшелік,  ізгілік,  үлкен жүректілігі еді.
Естеліктен үзінді: "…шаруашылықты  құлдыратқаны, мемлекет қорына қол салғаны үшін кейбір жауапты адамдарды партия қатарынан шығарып, түрмеге отырғызу  жөнінде шешім қабылдауға оңтайланған бюро мүшелерін сабырлыққа шақыратынмын. 10 минут үзіліс  жариялап, қас қағым сәтте жеке басымнан өткен сол бір ауыр күндерді ойға оралтатынмын… Артынша "Партия қатарынан шығармай-ақ қоялық. Ал, шығарған күнде соттамайық", деген пікірді көлденең тартып, жұмсартатынмын…" дейді Қуаныш аға.
Ертеде Аманкелдіге келіп орнығып қалған Гордеев деген жалғыз үй орыс болды. Бірде Қуаныш аға Семиозер ауданында басшы қызметте жүргенде әлгі Гордеевтің бір немересі Лев Михайлович Гордеев жерлес деп іздеп келеді.  Ол ағаны туыс деп келгесін көмектесіп,  «Приозерный» совхозына кәсіподақ, кейін партия ұйымының хатшысы етіп көтереді.
Бірде, Қуаныш  Ақыбайұлы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхозда директор болып жүрген кезінде, кешкілік жұмыс аяғында кабинетіне ауылдың үш сыйлы ақсақалы келіп, діндар қарт Нүркейге  қажылыққа баруына жәрдем беруін сұрайды. Ол кезде дін ұстауға қатаң тыйым салынған уақыт. Содан Нүркей ақсалдың қажылыққа баруына араласады, өзімен бірге Қостанайға бірнеше рет апарады, ол күрделі әңгіме болып, облатком, обком, КГБ, аупартком, ауаткомдардың  шешімі екі жылдан астам  уақытқа  созылып,  үшінші  жылы  әупірімдеп барып келеді. Егер Қуаныш аға сол Нүркей ақсақалдың қажылыққа қа-лай барғанын тәптіштеп жазса, бір кітап болар еді. Сол кезеңде атеизмнің күштілі-гі сонша сол аралықтарда, Совет үкіметі тұсында  Қостанайдан екі-ақ  адам қажылыққа барыпты. Ал қазір бостандық. Ол кезде дінді қолдап  бір ауыз сөз айтқан адам партиядан шығарылып, қызметтен алынып,  сотталып кететін. Ал Қуаныш Ақыбайұлы осыны біле тұра қайсарлықпен, білімділігімен орайын келтіреді.
Қуаныш пен Ермек дүниеге Алмабек, Батырбек, Гүлжиан атты  балаларды әкелді. Тұңғышы Алмабек әке жолын қуып, Москвадан Тимирязев академиясын бітіріп, қазір облысымыздағы Қарасу ауданының әкімі. Батырбек Киевтің авиация институтын бітіріп, Торғай облысында үлкен қызметтер атқарды. Өкініші өзекті өртеп, жарық жұлдыздай ағып түсіп,  бар болғаны 33 жасында кенеттен өмірден өтті. Ағаның  күткен үлкен үміті  еді,  тағдыр солай… Аллаға шүкір, артында өмірін жалғастыратын Сапар, Сәкен, Саруар атты балалары қалды. Кенжесі Гүлжиан да жоғары білім алып, өмірден өз орнын  тауып, әке-шешесінің  ізін жалғастырып,  жоқтатпай келеді.
Елге  істеген  еселі еңбегі бағаланып,  «Октябр революциясы», үш Еңбек Қызыл Ту, екі «Құрмет Белгісі», екі «Халықтар Достығы» ордендерімен, бірнеше  медаль, мақтау қағаздарымен марапатталды. Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері атағын алды. Республикалық  дәрежедегі  зейнеткер, Әулиекөл ауданының  құрметті  азаматы болды.
Иә, Қуаныш Шәмшиев осы Әулиекөл ауданының құрметті азаматы,  өмірінің шуақты  шағын Әулиекөлге арнаған азамат десек,  Қуаныш ағаға бір көшенің атын беру лайықты.
Біздің осы бастамамызды  кезінде Қуаныш ағаның тәрбиесін көріп, үлгі алған  азаматтар қолдайды деп сенеміз.
Нағашыбай СЕРІКБАЕВ,
зейнеткер.
 (Суреттер автордың жеке  мұрағатынан алынды).

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓