Қызығушылық танытты

Мамандық таңдау – жасөспірім шақтағы ең маңызды шешімдердің бірі. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде 40 мыңға жуық мамандық бар екен. Олардың бірі ежелден келе жатса, енді бірі заман талабына сай туындаған. Дегенмен, жол саласында мамандар тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Осыған орай, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» «2000 мектеп» акциясын бастаған еді.
Аталған акция барысында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Қостанай облыстық филиалының басшысы мен мамандары өткен жылы қаламыздың бірнеше оқу орындары мен білім ордаларын аралап, мектеп оқушыларына ақпарат берді. 
«Қазақстанда 7 мыңнан астам мектеп бар, әр мектептен 1-2 баланы үгіттеп жолшы маманын дайындасақ, 10 жылда бұл саладағы маман тапшылығы мәселесі шешіледі. Былтыр 80-ге жуық мектепте кездесулер өткізіп, 2 мыңға тарта баланы қамтыдық. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табуда. Осындай кездесулердің бірінде бір топ жас балалар ерекше қызығушылық танытты. Оларды өзіміздің мекемеге шақырдық», – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Қостанай облыстық филиалының директоры Абылайхан Алшынбаев.
«Бұрын жолшы мамандығы жайында тіпті ойламаппын да. Оның үстіне жолшы деген де тек қысы-жазы далада, ауыр техникамен жұмыс істейтін адамдар көз алдыма елестейтін. Алайда, олай болмай шықты. Біздің мектепте «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Қостанай облыстық филиалының өкілдері келіп, жолшы мамандығы жайында егжей-тегжейлі айтып берді. Сол кездесуде біраз сұрақ қойдық. Әр алған жауаптан соң қызығушылығымыз арта түсті», – дейді Қостанай қаласы №3 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Шыңғыс Әлібеков. 
Ол орталыққа арнайы барып, жолшылардың жұмысымен етене танысты. Мамандар оқушыға экскурсия өткізіп, жолшы мамандығының қыр-сыры туралы баяндады.
Ел бойынша жол салушы әрі жөндейтін мекемелерге құрылыс инженерлері, инженер-сметашы, зертханашылар, асфальт-бетон төсеушілер, білікті механизаторлар тапшы. Сонымен қатар геодезия, картограф мамандар, метеорологтар, механиктер мен жол шеберлері жетіспейді. Жас буынның кейбірі мұндай мамандықтардан хабарсыз. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қостанай облыстық филиалы жол саласы мамандығына жастардың бетбұрыс жасау үшін кездесулер өткізіп жүргенін айта кеткіміз келеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓