Әр оқушым есепке жүйрік
Мына суреттегі ұстаз Асыл Ерішованы облысымыздағы барлық ұстаздар тіпті математика пәнін сүйіп, жақсы көретін оқушылар да таниды, біледі деп айтсам қателеспейміз. Өйткені Асыл өңірдегі ең мықты, біліктілік деңгейі жоғары математик мұғалімдердің бірі. Ол облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында жұмыс істейді. Сабақ беретін сыныптарында Кембридж Бағдарламасының жеті модуль идеясын тиімді қолданып, әріптестерімен өзара тәжірибие бөлісуге атсалысатын ұстаз.
– Математиканы өте жақсы көремін. Ол – бір әлем. Қай-қайсысымызды алмайық, барлығымыздың да есепке деген икеміміз бар, тек соны әрі қарай дамытсақ, көп жетістіктерге жетуіміз мүмкін. Неге десеңіз, математика – кез келген табысқа жол ашады емес пе. Бүгінде менің есептер әлеміне келуіме, математика пәнінің мұғалімі мамандығын таңдап алуыма себепші болған ұстаздарым Жамал Омарова апайым мен Мейрам Мұхамеджанов ағайымды сондай сүйіспеншілікпен, жылы лебізбен еске аламын. Бойымдағы есепке деген жүйрік-тігімді, қабілетімді көріп, сол ұшқынды әрі қарай лаулатқандарына рахметімді айтамын. Сондықтан да сабақта оқушыларымның шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлемін, – деді бізге өз әңгімесінде Асыл.
Асыл Ерішова математика сабағында модульдік оқыту технологиясын тиімді пайдаланады.
Осы әдістеме негізінде "Туынды", "Функ-цияның алғашқы функциясы және интеграл", "Логарифм", "Логарифмдік теңдеулер мен теңсіздіктер", "Жазықтықтағы векторлар", "Иррационал теңдеулер және теңсіздіктер", "Модуль таңбасы бар теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу" тақырыбында мектепте, облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында ашық сабақ өткізіп, дәріс оқыды.
– Үшінші жылға барады, осы мектепке басшылық жасап отырғаныма. Педагогтар ұжымы сондай білікті, өз мамандықтарының нағыз кәсіби білгірлері. Әрқайсысы шығармашыл, шебер мамандар. Солардың бірі Асыл Әубәкірқызы. Тәжірибелі. Бір ғана мысал, 2009-2012 жылдар аралығында ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) білім же-тістіктерін сырттай бақылауға (БЖСБ) арналған тест тапсырмаларының сараптамашысы болып, өз пәні бойынша тест тапсырмаларын жетілдіруге үлесін қосты. Енді осыдан-ақ оның қандай математик екенін біле беріңіз. Даярлаған оқушылары республика, халықаралық білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болды,– деді мектеп директоры Галия Қарпықова.
Гүлназым
САҒИТОВА
СУРЕТТЕ: Асыл Ерішова сабақ үстінде.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.