Болашаққа қадам

Еңбекші жастардың  Халықаралық форумы Рудныйда өтті
IMG_0894Рудный қаласында еңбекші жастардың "Болашаққа қадам"  атты Халықаралық форумы өтті. Онда еліміздің 12 өңірінен және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан сияқты мемлекеттерден келген делегаттар жас мамандарды әлеуметтік қолдау мен жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру мәселелерін жан-жақты талқыға салды.
Шараны Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитетінің тапсырысымен "Қазақстанның еңбекші және ауыл жас-тары ассоциациясы" корпоративті қоры ұйымдастырып отыр.
Форум басталысымен қатысушылар "ССКӨБ" АҚ-ның кадрларды даярлау және оқыту орталығына жиналып, Еңбекті қорғау бойынша республикалық ғылыми зерттеу институты, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына қарасты "Келешек" жастар қанаты мен жастар ісі жөніндегі кеңесінің, сондай-ақ рудныйлық комбинаттың жүзеге асырып жатқан жобаларымен егжей-тегжейлі танысты. Беделді сарапшылар мен мамандардың шеберлік кластарынан өтті. Одан кейін меймандар орталық фойесінде "Жас мамандарды кәсіптік оқыту мен қайта оқыту бағдарламаларына" арналған көрмені тамашалады.
Түс ауа еңбекші жастар "Горняк" мәдени кешенінде министр-лік өкілдері, жергілікті депутаттар мен мемлекеттік мекеме-кәсіпорын басшыларының қатысуымен өткен пленарлы мәжіліске қатысты. Күн тәртібіндегі басты мәселе еңбекші жастардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарын тыңдап, өзге елдер мен өңірлердің озық тәжірибелерін қарастыру болды.
Пленарлық мәжілісте сөз алған "ССКӨБ" АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы Дмитрий Гусак, БжҒМ Жастар ісі комитетінің бас сарапшысы Дамир Меңдіғалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің өкілі Серікқали Бисакаев республикамызда тұңғыш рет өткізіліп отырған аталмыш форумның маңыздылығына тоқталып, еңбекші және ауыл жастарының өзекті мәселелерін ортаға салуға шақырды. Басқосуда жер-жерден келген делегаттар мінберге шығып, қордаланған мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын ұсынып жатты. Мәселен "Павлодар мұнай-химия зауыты" АҚ жас мамандар кеңесі төрағасының орынбасары Равиль Усманов еңбекші жас отбасылардың тұрғын-үй мәселесіне алаңдаулы екенін жеткізді. Еңбек адамының беделін арттыруды оның тұрмыс жағдайын жақсартудан бастау тиіс. Себебі, басында панасы бар азамат қана алаңсыз, нәтижелі еңбек ете алатыны сөзсіз, – дейді Равиль. Астаналық "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы Қалибек Асылбеков үлгілі еңбек әулеттерін насихаттау арқылы еңбек адамының беделін көтеру қажет дегенді алға тартты. Мәжілісте бұдан басқа да бір топ қатысушы өз ұсыныстары мен тілектерін айтты.
   Ильгара Назаров, Әзірбайжан Республикасының кәсіподақ конфедерациясы Еңбекті әлеу-меттік-экономикалық қорғау бөлімінің меңгерушісі:
Қазақстан мен Әзірбайжан жастарының толғандыратын мәселелері ортақ екен. Қос елде де жастарға арналған түрлі бағдарламалар жұмыс істейді. Алайда Қазақстанның басымдығы жастар қолдауды тек мемлекеттен емес, ірі-ірі кәсіпорындардан, қоғамдық ұйымдардан алып отырғандығы. Бүгінгі форум соның айқын бірі дәлелі іспетті.
Ерболат Асилов, Қарағанды қаласы, "Topflight" ЖШС директоры:
Мен бүгінгі жастардың кез келген істі бастауда батылдылық танытса және қарапайым жұмысшы болудан қашпаса деймін. Себебі, жетістікке жетудің жолы – "төменнен" бастау. Бұған Елбасымыздың өзі дәлел болып отыр. Қарағандыда жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында құрылған қауымдастығымызға 50-ге тарта "Startup", яғни бизнес-идеялар келіп түсті. Бұл – қазіргі жастарымыздың озық ойлы, еңбекшіл әрі жан-жақты екенін аңғартса керек.
  Нұрбол Тұрымбетов, Тараз қаласы, "Қазфосфат" ЖШС инженері, республикалық "Еңбек адамы" конкурсының жеңімпазы:
НҰРБОЛ ТҰРЫМБЕТОВ Еңбекші жастардың рухын көтеріп, беделін арттыратын "Еңбек адамы" республикалық конкурсының аталымдар санын арттыру қажет. Тек өндіріспен шектелмей, ауыл шаруашылығында, жеңіл өнеркәсіптің түрлі салаларында істейтін талантты жастарымызды көтерсек, "нұр үстіне нұр болар" еді.
Асқар Ноғаев, Жаңаөзен қаласы, "Өзен мұнайгаз" АҚ, жас мамандар кеңесінің төрағасы:
АСҚАР НОҒАЕВФорумға келген түпкі мақсатымыз әр жерден келген өзіміз секілді жастармен танысып қана қоймай, тығыз байланыс орнатып, алдағы уақытта да бірігіп жұмыс жасау. Өндіріске енгізілген кез келген тың идея, соны тәжірибемен бөліскенде ғана еліміз "Мәңгілік ел" мұратына жетпек. Рудный қаласындағы алып комбинаттың жастарға жасап отырған қамқорлығы көңіл қуантарлық. Енді шағын және орта бизнестегі еңбекші жастарға да осындай қолғабыс көрсетілсе екен деймін.
Сабира Байзахова, Қазақстанның еңбекші және ауыл жастары ассоциациясы оңтүстік аймақтың атқарушы директоры:
САБИРА БАЙЗАХОВАҚазір ел дамуының 3-онжылдығына қадам басып отырмыз. Статистикаға сүйенсек, ел халқының 30 пайызы – жастар. Олар бірер жылдан кейін билікте отырған 60-70  жастағы ағаларымыздың орын баспақ. "Кез келген елді тануың үшін, сол елдің жасымен тілдес" деген сөз бар. Осыны ескерсек, жастарымыз көкірегі ояу, көзі ашық, бәсекеге қабілетті болулары тиіс. Қазақстанның әрбір өңірі-нің өзіне тән мәселелері мен ерекшеліктері бар. Бұл форум осы мәселелерді бірлесе шешуді көздейді.
Басқосуда "ССКӨБ" АҚ негізінде ассоциацияның Солтүстік өкілдігі құрылса және форум дәстүрге айналса деген ұсыныстар мен тілектер болды. Пленарлық мәжілістен кейін қонақтар Сарыбай карьерінде, руда дайындау және дамыту фабрикасында,  технологиялық жабдықтар жөндеу зауыты мен "Рассвет" емдеу-сауықтыру орталығы, "Горняк" спорт кешені сияқты әлеуметтік маңызы зор нысандарды аралады. Халықаралық форумның Рудныйдағы алғашқы күні жастардың дискотекасымен аяқталды.
Форумның екінші күнінде қонақтарға арнап Қостанайда экскурсия ұйымдастырылды. Онда делегаттар "Агромашхолдинг" АҚ, "ЕвразКаспианСталь" ЖШС, қаланың жаңа жағалауы мен Жеңіс паркі сияқты көрікті жерлерінде болып, естелік фотоға түсті.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓