Табысты кәсіп – берекелі нәсіп
Кез келген салада жетістікке жету адамның өз қолында. Абайша айтсақ, «талап, еңбек, терең ой» болса жеткілікті. Мәселен, Рудныйда қатардағы еден жуушыдан сұлулық салонының иесіне дейінгі өмір жолынан өткен кәсіпкер бар. Таныс болыңыз – Ислана Есмағамбетова.
Ислана жастайынан өз бизнесін ашсам деп армандайтын. Алайда өмірдің соқпағы жоғары білім алып, қатарының алды болуға мүмкіндік бермеді. Жалғыз басты ана атанып, ұлының тамағы тоқ, көйлегі көк болуы үшін жұмыс талғамады, күні-түні аянбай еңбек төкті.
Уақыт өте келе етек жеңін жиған жас келіншекғаламторды ақтарып, мемлекет тарапынан бизнеске көрсетілетін қолдаудың түрлерін зерттей бастады.
Кейіпкеріміз сұлулық индустриясына қызығатын. Арманына жету үшін алдымен біраз уақыт тәжірибелі мамандардан дәріс алып, біліктілігін шыңдау керектігін түсінді.Әмбебап шаштараз мамандығын игерген Ислана өзін осы бағытта дамыта бастады. Жеке бизнес жайлы ойға нық бекіген кезде ғана банктен несие алуға тәуекел етті.
Алдымен жас келіншек «Даму» қорына келіп, жан-жақты кеңес алды. Қор менеджерлері «Еңбек» бағдарламасы бойынша 6 пайызбен жеңілдетілген несие алуға болатынын айтып, талаптарын түсіндіріп берді.
Ислана алдына нақты мақсат қойып, бастағалы отырған кәсібіне жауапкершілікпен қарай білді. Қажетті құжаттарды жинап, «Нұрбанк» арқылы коммерциялық үй-жай сатып алуға6 миллион теңге несие алды. «Даму» қоры 3,5 миллион теңгеге кепілдік берді.
Көптен күткен қаржыға қол жеткізген ол ғимараттың ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаздарын қойды. Содан соң аз уақыттың ішінде білікті мамандарды жұмысқа алды. Осылайша тиімді бағамен қазіргі заман талабына сай әйелдер мен ерлерге шаштараз, тырнақ әрлеу қызметтерін ұсынатын «ZERKALO» сұлулық салоны дүниеге келді.
–Бұл кәсіпке келмес бұрын басқа салондардың жұмысымен таныстым. Әрдайым тұтынушы талғамынан шыға білуге жұмыс жасаймыз. Келген адамдар біздің жұмысымызға өз ризашылықтарын білдірсе, еңбегіміздің жемісі сол. Сондықтан да ең бірінші сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз.Осы орайда, маған қолдау көрсеткен барша жандарға, әсіресе «Даму» қорының қызметкерлеріне алғысым шексіз, – дейді Ислана Келжанқызы.
Қазіргі таңда сән салоны ұсынатын қызметтерге сұраныс жоғары.Яғни табысты кәсіп – берекелі нәсіпке жол ашты. Дегенмен кәсіпкердің алға қойған жоспарлары көп. Ең алдымен, ұлы Айратқа жақсы тәрбие мен сапалы білім беріп, ел қатарына қосу. Қазіргі таңда үш адамды жұмыспен қамтып отырған келіншек «ZERKALO»-ны танымал брендке айналдырғысы келеді. Ендеше, іске сәт!
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ