Тақтақ ақынға құрмет (БЕЙНЕ)
Затобол кентіндегі Нұржан Наушабайұлы атындағы мектеп-гимназияда осы білім ордасын есімі иеленген Алаштың біртуар перзенті, дүлдүл ақын, палуан, өткен ғасырдың замана жыршысының құрметіне ескерткіш-мүсін қойылды. Салтанатты шараға облыстық мәдениет басқармасының басшылығы, өңірдің зиялы қауымы, ел азаматтары арнайы шақырылыпты.
Бұл бастама тақтақ ақын ұрпақтарының көптен ойында жүрген екен. Енді, міне, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында ел азаматтарының қолдауымен қолға алынып отыр. Бюст білім ордасының кіре беріс ішінде. Оны жасатуға демеуші болған – кәсіпкер Әділ Саматов. Бұл бастаманы кезінде әкесі Қабдыраш Саматұлы көтеріп кеткен екен, өкінішке қарай, қария осыдан екі жыл бұрын дүние салыпты. Енді осы игі істі оның ұрпағы жалғастырып отыр.
– Бабамыздың есімі аймақ жұртшылығының ғана емес, күллі Алаштың мақтанышы. Қазақтың киелі сөз өнерімен сүбелі шежіре өрген, көзі тірісінде Петербор, Қазан қалаларында үш кітабы басылып шыққан атамыздың аты кеңестік дәуірде тұншықтырылса да, тәуелсіздік алғаннан кейін қайта тірілді. Қостанай ауданының орталығындағы мектеп-гиназияға есімі берілді. Былтыр осы қарашаңырақта Нұржан атамыздың заманауи үлгідегі музейі ашылды. Ендігі жерде Алаш қайраткерінің бүгінгі тас бейнесі осы білім сарайының шәкірттерін рухтандыратын мұра болмақ, – деді ел ағасы Марат Қасымов алғашқы құттықтау сөзінде.
Халық арасында тақтақ ақын деген атпен танымал болған Нұржан Наушабайұлы – әнші, жыршы, термеші, балуан, қыран бүркіт ұстаған аңшы, шабандоз, шешен, жүлде бермес айтыскер, сазгер, қазақ ұлтының шежіресін жазған. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин оның өнерін зор бағалап, бала күнінен өзімен бірге ертіп жүрген. Нұржан елдегі саясатқа да жиі араласқан, Орынборда өткен Алаш партиясының кезекті съезіне делегат болып қатысқаны тарихтан мәлім.
Негізінен толғау, терме, өсиет, мақал-мәтел, ғазалдар мен назымдарын жинақтаған «Манзумат қазақия» (шежірелер кітабы) 1903 жылы, «Жұмбақ айтысы» 1908 жылы және «Алаш» атты кітаптары 1910 жылы Қазан қаласында басылып шыққан. Нұржан ақынның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жөнінде ақын-жазушылар – С.Мұқанов, М.Хакімжанова, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаевтар ғылыми еңбектер жазды.
Жиналған қонақтар қайраткердің мұражайын аралап, кейінгі ізбасарлары әзірлеген мәдени-спорттық шараны тамашалады.
Соңынан облыс орталығындағы «Сәтті» мейрамханасында Наушабайдың Нұржанына арналыпас беріліп, құран бағышталды.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев