«Мың бала» – татулық тірегі
Облыс орталығындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойының шеңберінде «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Тұсаукесер барысында облыстық тілдерді дамыту басқармасынң жетекшісі Жанболат Үмбетов, «Қазақтелеком»АҚ пиар-менеджері Виктория Сименкова сөз сөйледі, жобаға сәттілік тіледі.
– Ең алдымен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы болады. Облыс өңірінде еліміз бойынша жобаны алғашқылардың бірі болып бастап жатырмыз. Жоба – түрлі этникалық топтардың мектеп жасына дейінгі балаларға, мектеп оқушыларына қазақ тілі мен мәдени ортасына бой үйретіп, мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын бойына сіңіру мүмкіндіктерін көздейді. «Мың бала» тілдік жобасының ұйымдастырушылары Қазақстан халқы ассамблеясы, тілдерді дамыту, білім, ішкі саясат басқармалары. Сол секілді «Мың бала» жобасының бағдарламасы «мәдени-тілдік бой үйрету» халықаралық тәжірибесінің нәтижелерін ескере отырып құрылғандықтан, барлық қатысушылардың мәдени және тілдік ортаға толығымен ұйысуына мүмкіндік береді, мемлекеттік тілде фильмдер, мультфильмдер көреді, шығармашылық жобалар қорғайды, театрландырылған қойылымдар көрсетеді, конкурстарға, сайыстарға қатысады,-деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы Кенжеғали Бимағанбетов.
– Осындай жобаның елімізде, облысымызда жүзеге асырылып жатқанына өте қуаныштымын. Мектеп ұстаздарынан осындай жобаның басталатынын естігенде, бірден баламның қатысуына келісім бердім. Қазақстан – туған еліміз, Отанымыз болғандықтан балаларымыздың мемлекеттік тілді білгені дұрыс деп ойлаймын. Елімізде тілді үйренуге барлық жағдай жасалып жатыр, сондықтан қай-қайсысымыз болмасын мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылғанымыз жөн,-деді Виктория Могилева деген ата-ана.
«Мың бала» жобасы аясында өзге ұлт өкілдерінің оқушы балалары екі топтағы отыз бала (5-8 сынып оқушылары) үш апта тілдік мектебінде «Тілдарын» әдістемесі бойынша қазақ тілін үйретудің авторлық курсында білім алады, «Кемеңгер» шығармашылық академиясында шығармалар жобалар конкурсына қатысады, «Жас шешен» мектебінде шешендік өнерге, үйренеді, «Көңілді балалар» ойын алаңында демалыспен ұштастырылған ұлттық және спорттық ойындар, мысалы, асық, тоғызқұмалақ ұйымдастырылады. Ал, ең соңында жоба аясында басқа да балалар үшін сырттай мемлекеттік тілде «Менің сүйікті елде тұрамын» атты тақырыпта конкурс өтеді. Байқау Қазақстан халқының бірлігіне арналған эссе, өлеңдер мен тақпақтар жазу бағытында болмақ.
Жобаға қатысушы балаларға тиісті оқу-құралдары табысталды, олар тілдік оқу барысында ақысыз ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен бірге барлық тіл үйрету үдерісі ойын формасында өтеді.
Гүлназым САҒИТОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ