КИЕ
Анабір жылы марқұм, академик Манаш Қозыбаев мерейтойымен Қостанайға, туған жерге келген. Қасындағы үзеңгілес достарын қаладағы салтанаттан соң кіндік кескен ауылына алып шыққан-ды. Кенет елге қарай зауылдап келе жат-қан көліктер тоқтай қалып, достары Манаш ағамызды көтере-мөтере көкарай майсаға әкеп, домалата аунатты да жіберді. Жерден аунап тұра тұра бере парасат тұнған жанары ұшқын атып , биязы қалпымен: "Құдіретіңнен айналайын, жер-кием" дегенде, дидары лағылданып кетті. Сол жолы тарих тарланы өзінің өмірде жеткен шыққан биігі, абырой-беделі туған жерінің киесінен деді. Сірә, бұл тегін емес. Осыдан төрт ғасыр бұрын Бальтасар Гарсиан: "Аққан су астындағы топырағына қарай тазарып, лайланады. Адам бар жақсы қасиетті туған жерінің табиғатынан алады"деп жазған екен.. Сол жер-ананың киелік қасиетін қалай сақтап қалдық? Жердің жаны: топырақ, су, өсімдік, аң-құс, жәндік өзінің о бастағы табиғи күйінен не қалды? "Әуеде ұшқан алты қаз" дейтін көк күмбезімізде құстарымыз қай-да кетті? Тың кезінде ауылдың іргесіне дейін жыртып, иен далаға химиялық тыңайтқыш септік. Адуынды өркениеттің арынына төтеп бере алмадық. Ындын үшін бәрін де жапырып барамыз.Жердің кие-қасиетіне қиянат жасадық-ау, дейміз де, бірақ жерге дауа боларлық татымды тірлік адыра қалғандай..
Арғы түп негізіміз далалық болғаннан соң, кие ұғымын айрықша қадір-қасиет деп түсінеміз. Ой түйсігімізде жаратылыстың бар тірлік-тынысынан пір тұтып, сыйынатын, атадан – балаға, ананың сүтімен, әкенің құтымен берілетін кие-қасиеттер қылаң беретіні бар. Қазаққа жер-суы, көкбөрісі, жылқысы, салт-дәстүрі, ананың ақ сүті, отбасы, қазақтың қара өлеңі т.с.с киелі.
Бүгінде зиялыларымыз көк-бөріні аңсай бастады. Ақын-жазушыларымыз өндіртіп жазып, ұлттың жадындағы көк-бөрі рухының оятар, кодының кілтін табуға әрекеттер жасауда. Ал ақиқат өмірде көкбөрі – түз тағысы. Ұлан-ғайыр торғай даласында бұрнағы бір жылы қатты қыста үйді-үйді аңдып қорада қонып шыққан кездері бар. Адаммен, қазақпен өш. Киеміз деп сырттай қызықтағанмен, көрсек мылтық ала жүгіреміз, өйткені жыртқыш, тағы ғой! Қасқырлар кейде қазақ даласынан резервация сұрағандай елестейді.
Әлі есімде, келін болып жаңа түскенде жеңгем төрге шықпайтын. "Еншілес, ананы әперіп жіберші, мынаны қоя салшы" деп төрге жетпей өтініп тұрушы еді. Кейін жыл өткен соң барып, төрге рұқсат алып шығатын. Енді төр қасие-тінен не қалды? Атасы-әкесінен, жасы үлкен аға-көкелерімізден бұрын төрге озып, ұялмай отырып алатын жасқа қалай жол беріп алдық?..
Ақ дастарханның киесі ше? "Біз отбасымызбен дастархан-ға түгелімен отыруға тырысамыз. Ешқашан тамақ ішіп болған соң, үлкеніміз рұқсат етпей ешқайсымыз орнымыздан тұрып кетпейміз. Ас қайрып, барып тұрамыз. Мен үшін дастархан басы киелі орын." -деген, академик Ғарифолла Есім бір сұхбатында.
Қиянат жасап жүрген киенің бірі – Жылқы. Әлі күнге дейін тұлпар мініп, ту ұстаған алаш баласы бәйге, көкпар тартып қызықтағанмен, қазақтың қазанат тарихын, болмыс-бітімін зерттейтін мемлекетімізде бірде-бір институт жоқ. Қостанайдағы бір "Қазақ тұлпары", бір Нәбидолла Кикебаев бүткіл қазаққа қалай жетеді? Елдегі жылқы шарауашылығы стихиялы түрде дамып жатқан сияқты. Киелі жануармен емес, отпен ойнап жүрген жоқпыз ба өзі? Асанәлі Әшімовтің өзі бір естелігінде: "Ш.Уәлиханов туралы кино түсірілімі ке-зінде Шоқанның рөлін сомдаған ұлым Сағидың астына мінген ақбозы түсіру алаңында шаршаған, әлде мезі болды ма, икемге көнбей мінез көрсетті. Ашу қысқан мен атты қатты жекіп, басынан қамшымен ұрдым. Өмірі бетіме келмеген ұлым: "Аға, тоқтат!" деп, қатты дауыс көтеріп, қолымнан қамшыны жұлып алды. Сабама түскен соң атқа қарасам, көзінен жас мөлтілдеп тұр екен. Алланың құдіреті, көп ұзамай көзімнің қарашығындай қос құлынымнан айырылдым. Сонда мені аттың киесі ұрды ма деймін. Сол сәттегі аттың жанары есімнен кетпейді" –деп өкінген…
Ұлтымызда сөз киесі айрықша. Бір ауыз сөзбен тағдыр шешілген, бір ауыз сөзбен соғыс тоқтаған. "Сөз сүйектен өтеді".
Тіріге өріс, өліге қоныс беріп келе жатқан ұлы даламызда қазақ сөзі жасай берсін, ағайын!
Жанұзақ Аязбеков