Болашақпен бетпе-бет
Бүгін А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың бас ғимаратында "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков бастаған ұжым студенттермен кездесу өткізді. Жүздесуде журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының жоғары курс студенттері мен оқытушылары қатысты. Бір жарым сағатқа созылған жиында солтүстік аймақтағы қазақ тіліндегі көшбасшы басылымның атқарып жатқан жұмыстары сөз етілді. Оқырмандар жайы мен студенттердің басылым материалдарына қатысты ой-пікірлер де елеусіз қалмады. Жастарды қызықтырған әңгіменің бірі газеттің ресми сайтындағы жұмысы болды. Ондағы контенттердің қандай талғаммен жарияланатыны, сондай-ақ сайтқа шығуға қандай мүмкіндіктер бары турасында бас редактордың орынбасары Жұматай Кәкімжанов пен аталған сайттың тілшісі Жандос Жүсіпбеков айтып берді.
Осы ретте айта кеткен дұрыс болар, "Қостанай таңы" газетінің сайтында түрлі тақырыптағы айдарлар үнемі біздің де назарда жүреді. Бір ғана мысал "Көрген көзде жазық жоқ" мүйісінде жарияланатын суреттер жарнамалар мен нұсқаулардың және т.б. атауларда кететін қазақ тіліндегі қателіктер сыналып тұрады. Тіпті бұл қателер газеттің соңғы санында жарияланған болатын. Бұл материалдарды көрген құзырлы орындардан алдағы уақытта қандай да бір нәтиже күтетін боламыз. Тым болмаса мұндайда болашақ жарнама беруші сақтанатын болатынына да кәміл сенімдіміз. Әрине, осы ретте іс-әрекеттің алғышартын жасап отырған – облыстық "Қостанай таңы" газеті мен сайты. Бұл төңіректегі лебіздер жиын барысында да айтылып жатты.
Қысқасын айтқанда, азды-кем сұрақтардың жауабы табылып, енді бірінің қалам ұстауға деген мотивациясы артқан үстіне арта түскен кездесу болды. Ең соңында екі жақты сыйлықтар табысталып, университетіміздің оқу жөніндегі проректоры Алмас Әбсадықов қонақтарға алғыс білдірді.
Жанболат Кенжеғұл