Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі іске асыру үшін 97 тармақтан тұратын жоспар құрылды. Арнайы жобалар жасақталып, бұған дейін ұмыт қалған мұраларымыз жаңғыртылмақ. Сондай жобалардың бірі – Дәстүр мен ғұрып». Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Бақытгүл Мұратбекова бізге жобаның мақсаты мен аталған бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар жөнінде айтып берді.
музей бақытгүл
– Бақытгүл Әлсейітқызы, оқырманға қауымға түсінікті болсын, алдымен «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасының мән-маңызы, мақсаты туралы айтып өтсеңіз.
– Еліміз салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа өте бай халық. Ата-бабамыздан сан ғасырлар арқылы жеткен рухани құндылығымыз әрі қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі өмір сүруі тиіс. Себебі ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ұрпақты өнеге мен білімге, елжандылыққа, ізгілікке, бауырмалдық пен өнегеге шақыруымен құнды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы уақытқа дейін қоғамдық сананы сілкінту үшін көптеген игі істер атқарылды. Осы жылы елімізде тұлғалық даму, ұлттық ерекшелікті сақтау және мемлекет пен азаматтық қоғамды дамыту бағытында көптеген жоспарлар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы. Жобаның мақсаты – ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғыртып, тәрбиелік және адамгершілік құндылығы жоғары әдет-ғұрыптарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Ұлттық тағамдарымыздың ерекшелігі мен құндылықтарын кеңінен дәріптеу.
музей
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген іс-шара өткіздіңіздер. Тағы қандай бастама қолға алмақшысыздар?
– Өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу және салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында мәдени-білім беру жұмыстарын бірнеше жылдардан бері жүйелі түрде жүргізіп келеміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен ауқымды этнографиялық-танымдық жобаларда ұмыт болып бара жатқан дәстүрлер дәріптеліп, халыққа көрсетілді. Музей іс-шараларына қала тұрғындары да қатысып жүр. Қызметкерлер Наурыз мерекесіне арналған этнографиялық жобаларда қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін айта отырып, көрісу, саумалық, құтайу, мүше алу, ұйқы ашар және селт еткізер дәстүрлері көрсетіліп, мереке қонақтары үшін жілік сындыру, ләңгі тебу, теңге ілу, асық, қол күресі сияқты ойындары ұйымдастырылады. Жыл сайын дәстүрге айналған «Музей түні» интерактивті акциясы барысында мұражайға келушілерге ұлттық салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптар көрсетілетін театрландырылған ойын бағдарламасын ад айта кетсем артық емес. Солардың ішінде қостанайлықтардың есінде ерекше қалғаны – «Қазақтың салт-дәстүрлері: өткені мен бүгіні» этнографиялық топтамасы. Осы топтама аясында 4 ірі іс-шара өткізілді: «Қыздың көркі бұрымында» атты іс-шарада сұлулықтың сәні – бұрымға қатысты ертеден келе жатқан ырымдар, бұрымның қадір-қасиеті, киесі туралы айтылып, арнайы шақырылған бұрымды арулар музей қорындағы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы күмістен жасалған шаш әшекейлерін тағып, сән көрсетілімін ұсынды. «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» атты шара барысында қазақ халқының «Қызды оң босағаға отырғызу», «Құда түсу», «Босаға майлау», «Құрсақ тәрбиесі», «Бесікке салу» дәстүрлері көрсетіліп қана қоймай, музей қорында жинақталған этнографиялық және рухани мәдениетіміздің баға жетпес жәдігерлерінен көрмелер ұсынылып, халықтың өте ертеден келе жатқан қолөнері кілем тоқудан шеберлік сағаты өткізілді. «Ас – адамның арқауы» атты этнографиялық интерактивті жобада қазақтың ұлттық тағамдарының ерекшелігі, құндылығы жайында мәлімет беріліп, ұлттық тағамдардың жасалу жолдары туралы, соның ішінде сүт тағамдары туралы айтылды. Музейдің қор жиынтығындағы тұрмыстық жәдігерлерден (торсық, ожау, тостаған, сары май сақтауға арналған қарын) көрме дайындалып, олардың қолданылуы жөнінде мол мағлұмат берілді.
музей4
Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты енгізілген карантин режимі кезінде іс-шаралар онлайн форматта өткізілгені баршаған аян. Музейдің әлеуметтік желі пайдаланушылармен байланысын сақтау үшін, сондай-ақ, жаңа көрерменді тарту мақсатында жаңа форматтағы іс-шаралар мен бастамалар қолға алынды. Музейдің әлеуметтік желі парақшаларында виртуалды музей шеберханасы ұйымдастырылып, тыңдармандарға кілем тоқу өнеріндегі жүн түту, сабау, иіруден бастап, жүннен кілемге қажетті жіпті дайындау, бояу, кілем ағашын құру, тықыр кілем тоқудың тәсілдері көрсетілді.
Ата-бабамыздан қалған мұраларымыз радио, теледидар, баспасөз арқылы да насихатталып жатыр. «QOSTANAI» телеарнасымен бірлескен «Атамұра», «Елбесік, «Көненің көзі» тележобаларында және «Алау» телеарнасының «Өмір ағымы» бағдарламаларында музей қорында жинақталған ХІХ-ХХ ғасырларға тән қазақ халқының киімі, қолөнері, зергерлік бұйымдары, ат әбзелдері, дәстүрлі қарулары және т.б. құнды жәдігерлері таныстырылып тұрады.
Әлеуметтік желіде апта сайын «Ата салтым – қазынам» тақырыбындағы айдарға этнограф, ғалым Сейіт Кенжеахметұлы жинақтаған, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар туралы мақалаларды жариялап жүрміз.
– Ұлттық мұраларды толықтыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Ғасырдан астам тарихы бар музейіміздің қорында көне жәдігерлер аз емес. Біз этнографиялық қордың қалыптасуына айрықша көңіл бөліп келеміз. Зергерлік әшекейлердің тамаша жиынтықтары бар. Оны Елордамыз бен басқа да аймақтарда өткен көрмелерде бірнеше рет көрсеттік. Музей қоры өз өлкесінің тарихына бейжай қарамайтын адамдардың сыйға тартқан бірегей жәдігерлерімен үнемі толығып отырады. Солардың ішінде атадан балаға отбасылық мұра ретінде сақталып келген жәдігерлер – жоңғар шапқыншылығына қатысқан Айтбай батырдың дулығасы, бақсының ішекті-ысқылы нарқобыз аспабы, қымызға арналып сүйектен жасалған ожау және т.б. музейге келушілердің назарын ерекше аудартады.
музей1
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ізімен жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында белгіленген «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы аясында отандық және шетелдік архивтер мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды айқындау жұмысы пысықталуда. РҒА-ның Санкт-Петербург музейінің электронды қорында өлке тарихына қатысты зерттеу жұмыстары қашықтан жүргізіліп, халқымыздың малшылық, егіншілік, қолөнер, тұрғын жай, киім, отбасылық және діни салттар, тұрмыстық көрінісі туралы мазмұнды көшірмелермен қорымыз толықты.
музей3
– «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы бойынша жоспарларыңызды айтып өтсеңіз…
– Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері алдағы уақытта да ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді қайта жаңғырту, халық арасында кең дәріптеу үшін іс-шаралар жоспарлап отыр. «Қазақ халық қолөнерінің дәстүрлі технологияларының музей шеберханасы» жобасы аясында сәндік қолөнердің нәзік түрі – кесте тігу және халқымыздың баға жетпес құндылығының бірі – қамшы өру өнеріне қатысты, сондай-ақ, дәстүрлі ши тоқу өнерін дәріптейтін іс-шаралар дайындық үстінде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған өлкеміздің тарихын кеңінен таныту мақсатындағы музейдің танымдық қызметі әді де жалғасын таба береді.
– Рақмет! Табыс тілеймін!
Сұқбаттасқан Аслан ҚАНҒОЖИН

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓