ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ БАСТАМАЛАРЫ
Ұлы даланың ұлы бастамалары. Елбасының кешегі жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты көлемді мақаласындағы кемел жобаларды бір сөзбен осылай айтуға болады.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев осыдан бір жарым жыл бұрын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялаған еді. Жалпыұлттық бағдарламаның аясында көптеген жұмыстар қолға алынып, рухымыз жаңғырып, санамыз сілкініп қалды. Осының жалғасы ретінде қарастырылған жаңа мақалада ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету, оны жаңғырту турасында айтылды. «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі», – деді Елбасы.
Ұлтымызды ерекшелеп тұратын, мақтаныш ететін өз сипаты, мәдениеті бар. Қазақтың кең жазирасының «Ұлы дала» деп аталуында ұлы мән жатқандай. Атқа міну мәдениетінің басталуы, тау-кен өндірісі ошақтарының пайда болуы, аңшылық өнері, Алтын адамның табылуы, түркі әлемінің бесігі атануы, ең алғашқы алма жемісі мен қызғалдақтың тамыр жаюы, Батыс пен Шығысты экономикалық, мәдени тұрғыдан байланыстырған көпірге айналуы – ұлан ғайыр даланың ұлы атты иеленуіне дәлел. Осы айғақтарды әлем халқына кеңінен таныстыру – жаһандану көшіне ілесу жолындағы бір міндет. Президент «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында осы мәселені алға қойып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуге тарихшы ғалымдар, музей, архив салалары жұмылдырылады.
Мақалада айтылғандай, «Архив-2025», «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобалары қолға алынбақ. «Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет», – деп жазған Мемлекет басшысы ұлы даланың ұлы тұлғаларын насихаттауды да «Тарихи сананы жаңғырту» деген екінші тарауында ұмыт қалдырмауға тиіс екенімізді атап өтті.
Осы орайда білім атасы атанған Әл-Фарабидің еңбегін жалғаған, мүлгіп жатқан қазақ даласына білімнің нұрын шашып, сауатсыздықтың бұлтын сейілткен, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің есімін қоса кетсек артық болмас. Президенттің бастамасымен қолға алынған жалпыұлттық бағдарламалар бағытымызға бағдар болып, Ыбырай Алтынсарин музейінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Музей қоры қызметкерлердің ізденіс жұмыстарының нәтижесінде Ресей (Санкт-Петербург, Мәскеу, Орынбор, Қазан қалалары) және республиканың мұрағаттары мен кітапханаларына сұранысы бойынша Ы.Алтынсаринның өмірі мен қызметі туралы, ХІХ ғасырдың ортасы ХХ ғасырдың басында өлкедегі халық ағарту ісінің пайда болу, жетілу және даму тарихын баяндайтын құжаттардың көшірмелерімен толықтырылды. Өзбекстан Республикасының Орталық мұрағатында ғылыми зерттеу жұмысы жүргізіліп, ағартушының қызметі туралы құжаттардың көшірмесі алынды. Осы мемориалдық көшірме құжаттар Ы.Алтынсарин музейінің ғылыми-қосалқы материалдар қорында жиналған. Қор деректері цифрлық форматқа көшірілді. Енді алдағы уақытта отандық және шетелдік ірі архивтермен байланыс жасап, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мән беріледі. Әлі де мұрағат қойнауынан Ы.Алтынсаринге және оның айналасындағы ізбасарлары мен достарына қатысты басқа да деректі құжаттар табылып жатса, музей үшін үлкен жетістік болар еді.
Мақаласында Елбасы «Дала фольклорының антологиясын» жасауды ұсынды. «Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады», – деді Н.Назарбаев.
Ыбырай Алтынсарин – ағартушы-педагог, жазушы ғана емес, фольклоршы. «Қазақ хрестоматиясының» дүниеге келуі жалпы қазақ қоғамының мәдениеті тарихындағы аса бір жарқын құбылыс болумен бірге, оның авторы Ыбырай үшін де теңдесі жоқ қуанышты оқиға болған еді. Хрестоматияны ол алғашқыда екі кітап етіп шығаруды жобалады. Оның 1879 жылы жарық көрген нұсқасы бірінші кітабы болып саналады. Екінші кітабында Ыбырай қазақтың төл әңгіме, аңыздарынан басқа, табиғат сыры мен жалпы тарихы, география, өндіріс техникасы және кеңсе ісін жүргізу туралы мақалалар беруді көздеген болатын. Бірақ, ол жинағын толық аяқтай алмады. Кейін қолжазбасы жоғалып кетті. Осы Елбасы бастамасымен қолға алынып жатқан бағдарламалар аясында «Қырғыз хрестоматиясының» екінші томы табылып жатса, құба-құп болар еді.
Марғұлан ОСПАНОВ,
Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин
мемориалдық музейінің директоры