Тәртіп сақшыларының тартуы

Рудныйлық пробация қызметінің мамандары еріктілермен бірге екі кішкентай баласы бар жалғызбасты сотталған әйелге көмек көрсетті.117820420_780945419385814_6593599316936098192_n
Бүгінде көптеген мекемелер мен кәсіпорындар тұрмыстың тауқыметін тартып отырған тұрғындарға жан-жақты көңіл бөліп келеді. Игілікті істен пробация қызметі де қалыс қалған емес. Осы уақытқа дейін есепте тұрған бірнеше отбасыны қамқорлығына алып, азық-түлік және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етті. Өйткені, қазіргі кезде «екі қолында бір күрегі бар» азаматтардың өзі киім-кешек алып, коммуналдық қызметтерді төлеуге қиналатыны жасырын емес.
– «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» болмайды. Сондықтан қателікке ұрынып, кейін тәубесіне келген сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеп, қайта қылмыс жасамауына жағдай жасау – басты міндетіміз. Әсіресе, карантин уақытында бір-бірімізге қол ұшымызды созып, тамшыдай мейірім сепсек, ел болып жаман індеттен аман-есен шығамыз, – дейді Рудный қалалық пробация қызметі бөлімінің басшысы Азамат Бекешев.
Бұл жолы қайырымдылық десанты екі кішкентай баланы тәрбиелеп отырған әйелдің үйіне атбасын тіреді. Шектеу шараларына байланысты табыс көзінен айырылған отбасыға «Jas Samruk» қоғамдық жастар ұйымымен бірлесіп азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарларды сатып алып берді.117820570_304270921000406_3153473956715855544_n
– Басқа азаматтар үшін бұл болмашы нәрсе болып көрінуі мүмкін. Ал біз үшін өте үлкен көмек. Пробация қызметі мен жастарға зор алғысымды білдіремін. Осындай акциялар біз сияқты адамдарға үміт пен ертеңгі күнге сенім сыйлайды, –дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде пробация қызметі мен еріктілер қозғалысы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қайырымды шараларды одан әрі жалғастырып келеді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓