Банк өкілдерінен көмек
Елімізде науқастар саны азайды, провизорлық емханалар жабылып жатыр деуге әлі ерте. Күзде COVID-19 індетінің екінші толқыны қайталанады деп күтіліп отыр, медициналық мекемелер бұған әзірден тастүйін дайындалып жатыр. Ал көптің ауыртпалығын бірге көтерісіп, бүгінгі таңда ауруханаларға ең қажетті саналған тыныс алу аппараттарын жеткізіп жатқан қайырымды жандар аз емес.
«Қостанай қалалық ауруханасы» КМК өкпені емдеуге арналған оттегі концентраторларымен толықты. Тыныс алу аппараттарының жеткізілуін кәсіпкер, Еуразия банкі директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов ұйымдастырып отыр. Ол өз қаражатына 100 оттегі аппаратын сатып алып, оларды еліміздің барлық өңіріне жеткізу шығынын мойнына алыпты әрі еліміздің емдеу орындарына жәрдем көрсетуін жалғастыруда.
Әрқайсысы 10 литрлік жоғары сапалы концентраторлар стационарларда қолдануға арналған. Бір аппаратттан бір мезетте қатарынан екі науқас ем ала алады.
Еуразия банкі қаржы ұйымының волонтерлері тыныс алу аппараттарын қалалық ауруханаға апарып тапсырды. Емдеу мекемесінің бас дәрігері Данияр Жандаев сын сағатта қол ұшын берген қайырымды жандарға алғысын білдіріп тұрып:
«Әр палатада бірнеше пациенттен бар. Сіздер сыйға берген заманауи қуаты жоғары концентраторлардан екі-үш науқас ем қабылдауға мүмкіндік алды. Бұл қуантады, әрине. Соның арқасында емделушілер тез жазылып кетеді. Бұл жасаған көмектеріңізге алғысымыз шексіз!», – деді.
Ал кәсіпкер Шухрат Ибрагимов барлық науқастарға тезірек жазылып кетуіне тілектестігін білдірді:
«Алдымен шағын қалалардағы, аудандардағы және ауылдардағы ауруханаларға қол ұшын берсек дейміз. Әрине, бұл бүгінгі күні қолдауға зәру дәрігерлер мен пациенттерге жасаған көмегіміздің бір ұшы ғана. Ал бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар мемлекетпен бірігіп, қысылтаяң сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса ғана вируспен күресті тоқтата аламыз».
Қайырымдылық шарасына Еуразия банкінің қызметкерлері де атсалысқан екен. Гумантитарлық көмек ретінде бірнеше мыңдаған медицналық бетперделер, індеттен қорғаныш костюмдері, дәрігерлерге қолғаптар, пульсоксиметрлер партиясы жиналған.
Банк волотерлері гуманитарлық заттарды ауруханаларға тарату жұмысын ұйымдастыруда. Көмек Қостанай қаласынан бөлек, Арқалық, Приозерск, Балқаш, Қордай, Риддер, Шортанды, Жаркент және басқа да еліміздің облыс орталықтары мен аудандарына жөнелтіліп жатыр.