Арқалықта 5,5 мың адам сақтандырылмаған
Ұлт денсаулығы – мемлекеттік стратегияның негізі, медицинаның деңгейін көтеру ел үкіметінің басты міндеттерінің бірі. Уақыт өзі көрсеткендей, ел өміріне енгізілген медициналық сақтандыру жүйесі көптеген қордаланған мәселелердің орындалуына ықпал етеді. “Ұлттық медициналық сақтандыру қоры” Қостанай облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиевтың қатысуымен өткен жиында медициналық көмек көрестуді ұйымдастыру, денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайлары мен қажеттіліктері жөнінде сөз қозғалды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша 38 563 арқалықтық тұрғынның 32 286-сы аумақтық емханаға, 4085-і “Жанұя” медициналық орталығына тіркелген. Қаладағы денсаулық сақтау саласының 5 мекемесінде барлығы 832 адам жұмыс істейді. Денсаулық сақтау мекемелеріне жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп тұрады. Мәселен, биылдың өзінде Арқалық аумақтық емханасына 5,5 мың шаршы метр алаңы бар бұрынғы ТБКБ ғимараты берілді. Медициналық кадрларды тарту үшін 10 маманға қалалық тұрғын үй қорынан пәтерлер бөлінді. Оған қоса, медициналық персоналды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 187 млн теңге қаражатқа 18 пәтерлі үйді қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Кездесуде Батырбек Амангелдіұлы Арқалық қаласында медициналық сақтандыруға тартудың оң динамикасы байқалатынын, алайда әлі де болса 5,5 мыңға жуық адамның сақтандырылмағандар қатарында екенін алға тартты. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ә.Асанов ұйымдар мен мекемелердің басшыларына ата лған мәселе төңірегінде еңбек ұжымдарында жиналыстар өткізіп, халық арасында медициналық сақтандырудың қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын кең көлемде қамтуды тапсырды.
Мұрат Жүнісұлы