Дәрігерлердің қадірін түсіндік

Ертеде халық дәрігерлерді ерекше құрметтеп, «ақ халатты абзал жандар» дейтін. Ол кезде жоғары білімді мамандар саусақпен санарлық. Негізінен арнаулы орта білімді, өмірлік тәжірибесі мол фельдшер немесе медбикелер еді. Солай бола тұрса да, олар өте кішіпейіл, науқас адамды өзіне баурап алатын ерекше жылуы бар болатын. Тамырыңды ұстап, ауруыңның неден екенін тап басып айтатын. Қазіргі емдеу тәсілі мүлдем басқаша.
Әлемді жайлаған індет ненің не екенін есімізге салып, халықты тәубаға келтірді. Әуелде тәртіпке бағынғымыз келмей, коронавирустың жайылуына жол бердік.
Осыдан ай жарым бұрын, белім ауырған соң, Қостанай қаласындағы «Жемчужина» медициналық орталығына бардым. Ондағылар невропатологқа жіберді, ол урологқа, соңында гастроэнтерологқа баруға тура келді. Бәрі «бұл мен емдейтін ауру емес» деп шығарып салды. Не керек, төрт күн жүріп, төрт рет қан тапсырып, 70 мың теңгемді бердім. Енді кімге емделерімді білмей, қайтып невропатологқа барып реніш білдірдім. Ол ұялған болуы керек, бір танысына хабарласып, томографияға жіберді. Олар «созылмалы холецистит, вирустық этиологияның жоғары ықтималдығы бар пневмония белгілері» деген қорытынды берді. Зәрем ұшты. Жедел жәрдем келіп, ауруханаға алып кетті. Барсақ, «орын жоқ» деп алмайды. Оған да бедел керек екен. Әупірімдеп, түнгі сағат 00.30 кезінде зорға орналастым. Провизорлық орталықтың екінші қабаты. Жүзге тарта науқас бар. Бәрімізге қызмет көрсететін бір медбике ғана. Жалғыз адам кімге үлгерсін. Науқастар «Сәуле, Сәуле» деп шақырады да жатады. Зыр жүгіріп қызмет еткен медбикеге жанымыз ашып, реті келгенде жағдайын сұраймыз. Бәрі арнайы киімдерін күн ұзаққа шешпей жүру қиын екенін айтады.
Мен бес күн жатып, жағдайым жақсара бастаған соң, үйден емделуге жіберді. Әшейінде дәрігерлердің қадіріне, қызметін қалай атқаратынына мән бермейді екенбіз. Жанымыз мұрнымыздың ұшына келгенде адамға ең жанашыр дәрігер екенін сезіндік. Күн сайын Алла Тағалаға жалбарынып, дұғамызды оқитын болдық.
Дәрігерлер мен медибикелердің арқасында аяққа тұрып, бір ажалдан аман қалдық. Айтар алғысымыз шексіз. Білікті дәрігер-пульмонолог Гүлнар Бекмағамбетова, медбикелер Сәуле мен Натальяға, провизорлық орталықтың барлық ұжымына шын ризашылығымды білдіремін. Осылайша індетке қарсы күрестің қаһармандарын халық та білсін дедік.
Сұлтанғали ОСПАНОВ,
зейнеткер
Қостанай қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓