Алақандай Ақсайдың берекелі тірлігі
Бұл жолы Аманкелді ауданына қарасты Ақсай ауылына жолымыз түсті. Ауыл жақын емес. Облыс орталығынан шалғай орналасқан. Соған қарамастан ауылдардың жайын білмек болып жолға шықтық. Қасымда фотограф Бағдат пен жүргізушіміз Құлжан ағай. Барынша жақсы материал жинап, қоржынымызды толтырып, елдің де жайын білмекшіміз.
Жолдың жайын алдында да естіген болатынбыз. Десе де жолды жүрген біледі деген рас екен. Қаладан шыққалы Шолақсайдың тұсына дейін ызғытып бардық та әрі қарай жүрісіміз өнбей қойды. Жолдың жайы шынымен мәз емес. Ойдым-ойдым. Тұрғындар «Жолды ауыр жүк тиеген КАМаздар құртып жатыр» дейді. Расымен де солай сияқты.
Ауылға келгеннен біздерді ауыл әкімі емес, осы жерді бес саусағындай білетін, бала кезден шаңын шығарып, ауасына қанып өскен ауыл азаматы, ауыл әкімі аппаратының бас маманы Дүйсенбай Көкішов қарсы алды. Бәрін аралатып, алақандай ауылдың қызып жатқан тірлігімен таныстырды.
Ақсай ауылы 1960 жылы құрылған. Одан кейін Бүйректал кеңшары болды. Қазір шағын ғана ауылдың еңсесі көтеріліп, түзелді. Себебі халық қалай өмір сүру керек екенін түсінді. Заманға қарай бейімделді. Бұл жерде кезінде қазақтан гөрі өзге ұлт өкілдері көп болған. 20-дан астам өзге ұлт өкілі тұрды. Нарық кезінде кететіні кетті, көшетіні көшті, тек тұрғылықты, түбегейлі тұрғындар ғана ауылдан ұзамады. Ата-баба жерін тастамады. Кезіндегі 440 үй, 2 мыңға жуық халықтан қазір 71 аула мен 350 халық қалды. Үдере көшпесе де қалаға кетіп жатқандар әлі де бар. Себебі жастарға мамандық бойынша жұмыс жоқ. Бірақ жағдай қалыпты, бос тұрған үй көрмедік.
Ауылда 20 шаруа қожалығы, 2 жауапкершілік шектеулі серіктестігі бар. Барлығының да басты бағыты егін мен мал шаруашылығы. «Биылғы егіннің түсімі жаман емес» деп үміттеніп отыр шаруалар, бірақ егінге орақ әлі басталмаған соң түсімі белгісіз. Ал мал азығы шөп мол. Артығымен жинап алған елдің көңілі тоқ. Гектарына 20 цн шөп шабылған. Жылда тасый бермейтін өзен суы биыл жақсы жайылып, қардың көлемі де қалың болып шабындық нулы болды. Шөпті тұрғындар өздері шауып, жинап алған. Ауыл шетіндегі шабындық халыққа бөлініп берілген. Әр отбасы нәпақасын осы жерден алады. «Кейде айналдырған кішкентай жер жекеге өтіп кетпесе екен» деген қорқыныш та жоқ емес. Ауылдағы 20 шаруашылықтың ішінде 14 ірі қара мал ұстайды. Мал асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
– Қазір халық еңсесін көтерді. Елдің тұрмысы жаман емес. Бірақ жұмыс істегісі келмейтін, малдан өнім алмайтын да жағдайлар көп. Мысалы, бізге механизатор, комбаинер, тракторшы, малшы жетіспейді. Малдың ырыздығын көріп отырған отбасылар азды-көпті барын берекелендіріп сатуда, – дейді Ақсай ауылдық әкімдігінің бас маманы Дүйсенбай Көкішев.
Ауылдың ажары да, тұрағы да - мектеп. Екі қабатты даңғарадай білім ошағы кезінде 500 балаға арналып салынған. Кейін опыр-топыр заманда құрылысы бітпей қалған. Қазір бала саны азайды. Сол себепті ауылдағы барлық әлеуметтік нысан бір жерге топтастырылды. Енді клуб, әкімдік, мед пункт, вед пункт, спорт зал, кітапхана, мектеп, балалар шағын орталығы, саз сыныбы осының бәрі жинақталып бір ғимаратқа орналастырылды. Өте ыңғайлы. Жоғарғы қабатында жылу жүйесі жүргізілмегендіктен бос тұр.
Ауылдың сынын бұзып тұрған – қираған үйлер. Ауылға кіргеннен-ақ бос үйлердің шоштиған қабырғалары көңіл құлазытады. Оның денін ауылдықтар өз керектеріне жаратып алса да состиған бос қабырға мүжіліп, бітер емес.
-Бұл біз үшін үлкен мәселе. Соны қырып алып тастауға біздің күшіміз жетпейді. Бұрын ауыл ішінде боқтық үйінділері көп болатын. Оның бәрін де халық өз күшімен тазалап алды. Ауылда қоңсық иіс жоқ. Ал енді мына бос қабырғаларды бұзып, сылу үшін қаражат қажет. Оған үкімет араласпаса ел адамдарының күші жете бермейді. Бұл мәселе жыл сайын аудандық басшылардың назарына айтылады. Бір жолы 600 мыңдай ақша берілді. Ол жетпейді. Кәсіпкерлер неге қолға алмайды деп жатады. Жергілікті кәсіпкерлер ауылға барынша көмек береді, еш аянып қалған емес. Бірақ олар да енді-енді көтеріліп келеді, – деп бұл сұрақтың жауабын берді бас маман.
Адам туған жерін қастерлеп, қадіріне жете білуі тиіс. «Туған елінің қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» деген халық нақылында. Ендеше туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың міндеті. Туған елге, жерге оның топырағына деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім.
-Осы бағытта ауылымыздың жастары үнемі үлгілі іс бастап келеді. 1984-85 жылдары дүниеге келген ұл-қыздары бүлдіршіндерге арнап ойын алаңын ашты. Бірігіп, ауылға сый ретінде қаражат қосылып, миллион теңгеге балалар алаңқайын орнатып берді. Бәрін өздері әкеліп, өздері орнатты. Былтыр жастар жылына орай жастар саябағын ашқан едік. Сол жерге Үлкен қылып, «Ақсай» деп 1983 жылғы ауыл тумалары жаздыртты. Балалар игілігіне жасалған алаңда әткеншектің бірнеше түрі, көздің жауын алатын сырғанақтар жасалды. Жүздері бал-бұл жайнаған балалардың қуанышында шек болмады. Балалар үшін жасалған жақсы бастамадан ертеңгі күні ел болашағын ойлайтын азаматтар өсетініне сеніміміз мол. «Жастар саябағының» жанынан ашылған ойын алаңы ауылымыздың көркіне көрік қоса түсті. Жыл сайын жастарымыздың елге келіп жақсы істерге мұрындық болып жүргендері көңіл қуантарлық іс. Ауыл жастарының дәстүрге айналдырған осындай игі істері болашақта да жалғасын табады деп сенеміз. Енді осындай маңдай термен келген дүниенің бәрін ауылдықтар күтіп, жаны ашып ұстап, қадірін білсек деймін, – дейді Дүйсенбай Көкішев.
Ауылға апарар жолдың жайы бүгінде сайлы. Бұрын бар болғаны 16 шақырым жол талайдың жүйкесін жұқартқан еді. Тиіп тұрған ауылға жете алмай, далада қалғандар да, техникасын құртқандар да болды. Қазір сол жол жөндеделіп, қиыршық тас төселді. Енді үсті тегістеледі деп отыр. Оған облыстық бюджеттен қаражат бөлінген. Суғарлары жаңарды. Ал аудан орталығына апарар жолдың күйі мәз емес. «Негізгі жолдың бұрынғы күйі жақсы еді, енді жол дұрыстаймыз деп бір жағын түзеп, бір жағын бұзып жатыр. Ауыр техника жолдың сынын құртты. Ауылдықтар аудан орталығына, қалаға бар үшін амалдап жатыр» деп уайым жейді ауылдықтар.
Мұнда су мәселесі шешілген. Ауылға су Күркетал деген жерден бұлақтан жер асты жолдары арқылы тарайды. Су жұмсақ, тұщы, ішуге де, қолдануға да қолайлы. Ауылдағы 24 құдық барлығына жеткілікті. Үйді үй құдыққа мотор қойып, ауласына кіргізген.
Бұл жерде ойлантатын мәселе ауылдағы шаруашылықтарға жер ауылға жақын жерден беріліп жатыр. Осының кесірінен жайылым тарылуда. «Осы жағдай қаралып, жер ауылдан алшақтау жерден берілсе. Бұл біздің қолымыздан келмейтін дүние болып тұр. Жайылымдық жер болғанымен ол жерлердің тозығы жеткен. Басшылық осындай мәселені ойланса дейміз» деген ойын жеткізді ауылдықтар.
Міне, біздер берекелі ауылдың тірлігін көрдік. Ауыл халқы өте ұйымшыл. Туған жерден қандай қиындық болса да ешқайда көшіп кетпеді. Қолдан келгенше ауылды көріктендіріп, ажарын ашуға бел буды. Мал бағып, егін екті. Еңбегіне қарай бұйырған нәпақасын алып отыр. Біз барған шақта ауылдың екі азаматы қыз алып қашып келіп, екі келін түсіріп, басына ақ орамал салды. Сөйтіп біздің аяғымыз құтты болды. Бірақ қазіргі пандемияға қарай той болмайды. Оны көпшілік жақсы түсінеді. Ауылды сағынып келіп, аунап-қунап жататындар бар. Сырттағы ағайын елдің дәмін, құртын, майын, етін тіптен суын аңсайды. Ал тұрғындардың көңілі тіптен ерекше. Ауыл іргесіндегі ағып жатқан өзен балыққа толы. Қармақ салып, ау құрғандардың қанжығасы майлы. Алдағы уақытта газет бетінен алақандай Ақсайдың тірлігінен сыр шертетін материалдар легін оқитын боласыздар.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.
Ақсай ауылы,
Аманкелді ауданы.