38 медициналық ұйым жұмысын бастады
2020 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстанда жоспарлы медициналық көмек көрсету қайта жанданды. Бірінші кезекте, ауруханаға жатқызуды республикалық деңгейдегі мамандандырылған клиникалар, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі көп бейінді ауруханалар COVID-19 індетімен күрес жөніндегі іс-шараларға қатыспайтын қалған стационарларды кезең-кезеңімен қоса отырып жүргізе бастады.
Ағымдағы жылдың 10 тамызына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша елімізде медициналық сақтандыру қорының 626 медициналық ұйымы жоспарлы медициналық көмек, оның ішінде терапевтік, кардиологиялық, гастроэнтерологиялық, аллергологиялық, хирургиялық, неврологиялық, пульмонологиялық, реанимациялық, акушерлік-гинекологиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық бейіндер, торакалдық хирургия, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерін көрсетеді.
-Коронавирусқа қарсы іс-шараларға қатыспайтын медициналық ұйымдар жұмысын қайта бастауға мүмкіндік алды. Әр аймақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты әр түрлі болатын жоспарлы медициналық көмек көрсетуді бастаудың жеке жоспарын жасады. Қостанай облысында 38 медициналық ұйым өз жұмысын жалғастыруда, – дейді “Медициналық сақтандыру қорының” Қостанай облыстық филиалының директоры Сәуле Аймұхамбетова.
Карантиндік шектеулерге байланысты көптеген медициналық қызметтер жоспарлы түрде тоқтатылғаны белгілі. Енді олардың қайта жандануымен жоспарлы медициналық көмекті тұтынудың айтарлықтай өсуі күтілуде. Қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шараларды өткізгеннен кейін медициналық ұйымдарға стационарлар ашуға рұқсат беріледі.
-Медициналық қызметтерді тұтынудың болжамды өсуін ескере отырып, үшінші тоқсанда ағымдағы жылға жоспарланған көлемдер орындалуы мүмкін. Мысалы, бірінші тоқсанда жоспарлы емдеуге жатқызу өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80%-ға өсті. Тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда мамандандырылған медициналық көмек 15% – ға, медициналық оңалту 35% – ға ұлғайды. Қор өз тарапынан қаржыландыру жоспарына түзетулер енгізеді, – дейді С.Аймұхамбетова.