Карантин босаңсиды
Қостанай облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ю.Севостьяновтың карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жұмсарту туралы Қаулысы шықты. Назарларыңызға Қаулы мәтінін толық күйінде ұсынамыз:«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 9, 36, 104 және 107-баптарына, «Шектеу іс-шараларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 239 бұйрығына, «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекциямен аурулардың алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 26 маусымдағы № 43 қаулысына (бұдан әрі – ҚР БМСДҚ № 43) «Шектеу карантиндік шаралары және оларды кезең-кезеңмен жұмсарту туралы» Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48 Қаулысымен, Қостанай облысының тұрғындары арасында COVID-19 (бұдан әрі – COVID-19) коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Аудандар мен қалалардың әкімдеріне, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне, құқық қорғау және арнайы органдарына, кәсіпкерлік субъектілеріне, Қостанай облысының тұрғындары назарына:
1) ҚР БМСДҚ № 43 талаптарын сақтай отырып, InfoKazakhstan.kz сайтындағы электрондық форматта берілетін санитарлық нормаларға сәйкестік актісі негізінде объектілердің қызметін қайта жаңғырту;
2) қоғамдық мониторинг мүмкіндігі үшін нысандардың кіреберісінде Санитарлық нормаларға сәйкестік актісін көрнекі жерде орналастыру;
3) шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде нысандардың жұмысына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптармен танысу үшін халықты, жеке және заңды тұлғаларды InfoKazakhstan.kz сайты жұмысы туралы хабардар ету;
4) кәсіпкерлердің ереже бұзушылықтарды жою үшін уақтылы шаралар қабылдауы мақсатында карантин режимін бұзу фактілері мен шағымдарын орналастыру үшін InfoKazakhstan.kz сайтын пайдалану;
5) кәсіпкерлік субъектілерін шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде объектілердің жұмысына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына тексеруді жүзеге асыратын инспекторлардың, аудиторлық ұйымдардың тізімін InfoKazakhstan.kz сайтында орналастыру;
6) кәсіпкерлік субъектісінің InfoKazakhstan.kz сайтындағы нысанның паспортына келушілермен үй-жайлардың жоспарланған толтырылуы туралы мәліметтерді енгізуі (шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңіндегі нысандардың қызметіне қойылатын талаптарға сәйкес, 1 адамға белгіленген алаңды ескере отырып айқындалады және енгізіледі);
7) "InfoKazakhstan" электрондық порталының жұмысы іске қосылғаннан кейін, объектілер белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, бизнес объектілерінің қызметін қайта бастауға арналған актіні электрондық түрде беру;
8) қалааралық және ауданаралық автобус (шағын автобус) жолаушылар тасымалдарына тыйым салу;
9) ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салу, сондай-ақ бұқаралық корпоративтік және басқа да іс-шараларды өткізу үшін жеке меншік үйлер мен құрылыстарды жалға беруге тыйым салу;
10) ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, кальян, компьютерлік клубтар, ойын клубтары, букмекерлік кеңселер, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, кинотеатрлар және балалар мен ересектерге арналған өзге де ойын-сауық орындарының) қызметіне тыйым салу;
11) барлық мәдениет нысандарының (театрлар, концерт залдары, мұражайлар, көрмелер және т. б.) қызметіне тыйым салу;
12) діни нысандардың (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т. б.) қызметін тоқтата тұру;
13) бассейндердің, жағажайлардың барлық түрлерінің, аквапарктердің қызметіне тыйым салу;
14) фуд корттарының, банкет залдарының қызметіне тыйым салу;
15) қоғамдық көліктің желіге ең көп шығатын уақыты бар, отыратын орын саны бойынша толтырылатын, соңғы аялдамада дезинфекциялау құралдарымен міндетті түрде өңделетін қоғамдық көлік жұмысына рұқсат беру, барлық есіктерді ашу, жолаушыларды қорғау маскаларынсыз қоғамдық көліктерге жібермеу;
16) сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, азық-түліктік емес және азық-түліктік жабық базарлардың қызметіне күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, жұмыс режимін уақытша шектей отырып, толымдылық 30% -дан аспайтын, 1 келушіге кемінде 4 ш. м. орын бөлініп, 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беру;
17) сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс режимін уақытша шектей отырып, алдын ала жазылу бойынша косметикалық және косметологиялық қызметтер, маникюр және педикюр қызметтерін көрсететін СПА-орталықтардың, сұлулық салондарының, орталықтар мен салондардың, массаж салондарының, солярийлердің қызметіне 1 келушіге 4 ш. м. есебінен рұқсат беру;
18) қоғамдық моншалар мен сауналардың (олардағы бассейндердің жұмысынсыз) жұмыс режимін уақытша шектей отырып, толымдылықты 50% – дан асырмай, 1 келушіге 4 шаршы метрден орын есептетіп, қызметіне 08:00-ден 22:00-ге дейін рұқсат беру;
19) мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметіне рұқсат беру (кезекші топтар 15 адамнан аспауы керек);
20) алдын ала жазылу бойынша балалар түзету кабинеттерінің, балалар мен ересектердің білім беру орталықтарының, балаларды дамыту орталықтарының, үйірмелердің, 5 адамнан аспайтын топтардың қызметіне рұқсат беру;
21) тренажер залдарының, фитнес-орталықтардың, спорттық-сауықтыру орталықтарының (бассейнсіз) толымдылығын 50% – дан асырмай, 1 келушіге 5 шаршы метрдей орын есептей отырып, қызметіне рұқсат беру;
22) толымдылығының 80%-дан аспауы сақталса, туризм нысандары мен халыққа жатын орын ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету саласындағы ұйымдардың (қонақ үйлер, отельдер, демалыс үйлері, туристік базалар және басқалар) қызметіне рұқсат беру;
23) ашық ауадағы аттракциондар қызметіне рұқсат беру (әлеуметтік қашықтықтың, маскалық режимнің сақталуын қадағалау, адамдар санының шамадан тыс көбеймеуін реттеу);
24) ашық ауада жеке және топтық жаттығуларға рұқсат беру (топта 5 адамнан артық болмауы керек);
25) жеке автокөліктің өңірлер арасында жүріп-тұруына рұқсат беру;
26) аймақтарға бөлу талаптарын және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, медициналық орталықтардың қызметіне рұқсат беру (жазылу бойынша);
27) дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің (шағын маркеттер, супермаркеттер, гипермаркеттер), азық-түліктік және азық-түліктік емес базарлардың (ғимараттардан тыс), азық-түліктік емес дүкендердің қызметіне рұқсат беру;
28) ашық ауадағы және залдардағы қоғамдық тамақтану нысандарының қызметіне, бір мезгілде 30 адамға дейін шектелген жағдайда үй-жайда әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып отырғызып үстелдерді арақашықтығын кемінде 2 метр етіп орналастырып, банкеттерге, үйлену тойларына, мерейтойларға, естелік іс-шараларға тыйым салына отырып, сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеулеріне рұқсат беру;
29) үздіксіз өндірістік циклі бар өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметіне; ашық ауадағы құрылыс жұмыстарына, ауыл және балық шаруашылығына, мал шаруашылығына рұқсат беру;
30) мемлекеттік органдардың (ұйымдардың, кәсіпорындардың), квазимемлекеттік сектор органдарының, ұлттық компаниялардың, өзге де ұйымдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне әлеуметтік қашықтықты және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып рұқсат беру. Бұл ретте қызметкерлердің кемінде 80%-ы қашықтан жұмыс істеу режимінде қалады (штаттық кесте кезінде 30-дан астам қызметкер);
31) халыққа жақын байланыссыз қызмет көрсететін нысандардың қызметіне рұқсат беру (көлік жуу, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы жөндеу және т. б. нысандары);
32) әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 3 адамнан немесе бір отбасы мүшелерінен аспайтын топтармен ойын-сауық нысандары жоқ саябақтарға, алаңдар мен скверлерге, жағалауларға және халықтың өзге де демалыс орындарына серуендеп баруына рұқсат беру;
33) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің актісіне сәйкес, уақыты мен саны бойынша шектей отырып, қаржы нарығы субъектілерінің қызметіне рұқсат беру;
34) демалыс күндері мынадай шектеу шаралары енгізіледі:
– қоғамдық көліктер қозғалысын шектеу;
– 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуын шектеу;
– азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, сауда-ойын-сауық орталықтарының жұмысын тоқтата тұру;
– азық-түліктік емес және азық-түліктік жабық базарлардың жұмысын тоқтата тұру;
– сұлулық салондарының, шаштараздардың, СПА орталықтарының, косметологиялық қызмет көрсететін нысандардың жұмысын тоқтата тұру;
– фитнес орталықтары мен спорттық-сауықтыру орталықтарының жұмысын тоқтата тұру;
– қоғамдық моншалардың, сауналардың жұмысын тоқтата тұру;
– балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтарының, түзету кабинеттерінің жұмысын тоқтату;
– ашық ауадағы аттракциондардың жұмысын тоқтату;
– ашық ауадағы нысандардың (жазғы павильондар, террасалар) жұмысын қоспағанда, қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін тоқтата тұру, сондай-ақ тұтынушыларға тапсырыс бойынша жеткізіп беру;
35) қоғамдық орындарда, халықтың келуіне, қызмет көрсетуіне және демалуына арналған үй-жайларда, қоғамдық көлікте (оның ішінде таксиде), ашық ауада қоғамдық орындарда болған кезде барлық адамдарға медициналық немесе мата маскаларын тағу міндетті, тек мына тұлғалар бұл міндеттен босатылады:
– бес жасқа дейінгі балалар;
– қоғамдық тамақтану орындарында әлеуметтік қашықтықты сақтау кезінде тамақ ішкен жағдайда;
– әлеуметтік қашықтықты сақтап, жеке және топтасып спортпен шұғылданатын адамдар;
– медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар.
2. Аудандар мен қалалардың әкімдері, қалалар мен аудандардың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, полиция департаменті қызметіне рұқсат етілген нысандарда карантиндік шаралардың, санитарлық-дезинфекциялық режимнің сақталуын бақылауды қамтамасыз етсін. Талап бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылдансын.
3. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер орынбасарының 17.07.2020 жылғы №39, 17.07.2020 жылғы №40, 01.08.2020 жылғы №41, 01.08.2020 жылғы №42, 01.08.2020 жылғы №43, 07.08.2020 жылғы №44, 10.08.2020 жылғы №45 қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулының орындалуын өз бақылауыма аламын.
5. Осы қаулы 2020 жылғы 17 тамызда сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.
Ю. Севостьянов,
Қостанай облысының бас мемлекеттік
санитарлық дәрігердің орынбасары