Зейнетақы төлеу жүйесі түсіндірілді

2018 жылы елімізде базалық зейнетақы төлемінің  тәртібі өзгереді. Бұл туралы облыстық баспасөз клубында өткен мәжілісте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков мәлімдеді.IMG_2678
Келер жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу тәжірибесі мен еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Демек, адам көбірек жұмыс жасаған сайын оның жинақтаушы және бюджеттік қаражат есебінен төленетін базалық зейнетақысы арта береді.
-Егер де азаматтың еңбек өтілі 10 жыл және одан кем немесе еңбек өтілі жоқ болған жағдайда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Ал, жұмыс өтілі 11 жылды құраса 56 пайыз, 12 жылға 58 пайыз, яғни артық жұмыс жасағандарға әрбір жыл үшін 2 пайызға ұлғайтылады. Еңбек өтілі 33 жылдан асқан еңбеккерлерге 100 пайыз базалық зейнетақы тағайындалады. Демек, адам көбірек жұмыс жасаған сайын оның жинақтаушы және бюджеттік қаражат есебінен төленетін базалық зейнетақысы арта береді. Айта кетер жәйт, қайта есептеу жұмыстары автоматты түрде жүргізіледі, өтініш жазу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, – дейді М.Мұратбеков.
Сондай-ақ, департамент басшысы әйелдердің зейнет жасының кезең-кезеңмен ұлғайтылуы мәселесіне де тоқталды. Айтуынша,  мәселен 1960 жылдың 1 қаңтарында туған әйел 2018 жылдың 1 шілдесінде, яғни 58,5 жасында зейнетке шыға алады. Ал, төтенше және барынша радиациялық қатерлі өңірлерде 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін, кемінде 10 жыл тұрған әйелдер жалпы жұмыс стажы 20 жылдан кем болмаған жағдайда 45 жасқа жеткенде зейнетақы тағайындалуына құқылы. Мұның сыртында 5 және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 50 жасқа толғанда, жасына байланысты толық көлемде зейнетақы алуға құқылы.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓