Тіл үйренгіңіз келе ме?

«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасын іске қосты. Жоба аясында «Сөйле» атты арнайы тілдесу үйірмесі еліміздің он екі өңірінде ұйымдастырылады. «Сөйле» – қазақ тілінде сөйлегім келеді, үйренемін дейтін барша азаматтарға арналған тегін жоба.
Қостанайда «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасы аясында «Сөйле» тілдесу үйірмесі жұмысын бастады. Қазақ тілін үйренуге ниет білдірген өзге ұлт өкілдерінің қарасы қалың. Үйірменің алғашқы күнінде-ақ,  80-ге жуық адам келіп қатысты.
«Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Серік Манасбаевтың айтуынша, елімізде қазақ тілі кең қолданыста, жоба ана тілді үйренгісі келетіндер үшін жақсы мүмкіндік.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілге ерекше назар аударып, мәртебесін жоғарылатуды тапсырған болатын. Біз де тіліміздің дәрежесін көтеруге үлес қосқымыз келеді. Қазақ тілін оңай әрі тез үйренгісі келетін азаматтарға тегін таптыртпас бағдарлама деп айта аламын. Бұл жобаға кез келген жастағы адам қатыса алады. Бүгін қатысушылар екі топқа бөлініп, оқып жатыр, – дейді С. Манасбаев.
Ғ.Қайырбеков атындағы №9 мектептің мұғалімі Әсел Байқадамова мен А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің студенті Анель Пимичева үйірмеге қатысушыларға тегін тіл үйретуге ниет білдіріпті. Сондай-ақ, облыстық «Тіл дарын» тілдерді оқыту орталығының мамандары да атсалысқалы отыр. Тіл үйренгісі келетіндердің арасында мектеп оқушылары бар.
– Үйірмеге қазақ тілін үйрену үшін қатысып жатырмын. Алда мемлекеттік емтиханды тапсырғанда да оңай болады деп ойлаймын, – дейді №14 мектептің 9-сынып оқушысы Артем Шмелюк.
Алдағы уақытта жоба аясында домбыра үйірмелері, әдеби-рухани кеш сияқты түрлі шаралар ұйымдастырылады.
Суреттерді түсірген автор.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓