Сүйгендер айыпты емес
Ғашықтардың барлығы қосылмайды
Тұрғанда баста қайғы.
Адал достар,
Бір-бірін тастамайды.
Қызыл-жасыл,
Бір әлем шақырғанмен,
…Жолдың бәрі,
Бақытқа бастамайды.
Тап болады
Тосын мұң, тосын қайғы.
Талай көрдім
Өмірде осындайды.
Ай астында
Тұрса да аймаласып,
…Ғашықтардың
Барлығы қосылмайды.
Аққу қанша
Айдынға қона алмаған.
Көлдер қанша
Кемері тола алмаған.
Ақ үмітпен
Ақ жолға аттанғанмен,
Жандар қанша
Сапардан оралмаған.
Қазан келсе
Еңлікгүл қалар солып.
Ақпан келсе
Ақ дауыл борар соғып,
…Түнгі аспанда
Қаншама жұлдыз ақса,
Жер бетінде
Қаншама жанар сөніп.
Түбі келер
Бір бақыт сен іздеме.
Қос аққулар…
Қос тағдыр егіз неге?
…Жолдың бәрі
Бір жерде тоғыспайды,
Бар өзендер
Құймайды теңіздерге.
* * *
Күзгі Гүл
Ақ боз үйдің
Төбесіне төніп құз.
Сарша тамыз
Сар шапанды келіп күз.
Тал бастауға
Су алуға барғанда,
Тарам-тарам
Ойға кетер елік қыз.
Сайлар сұлап
Етегінен гүл төгіп.
Жота-жондар
Жасыл арша бүркеніп…
Сәл күрсініп
Армандайды жас ару,
Алыс жаққа
Кетсем бе деп, күнге еріп.
Көз салады
Төңірекке азғана.
Көз ұшында
Мұнарланған боз дала.
Ақ боз атпен
Боз селеулі бұйраттан,
Бұлаң етіп,
Шыға келер бозбала…
Жерге қарай
Сәуле төгер күн иіп,
Ару тұрар
Жанарына нұр ұйып.
Боз балаға
Боз орамал бұлғайды,
Балғын жүзі
Бақыт күтіп жымиып.
Су бетіне
Күннен сырғып жүзді нұр…
Солмай қанша
Тұрар екен күзгі гүл?.
…Айлы кеште
Аймаңдайын күтетін
Әтт-еее-ң қайран,
Қайта келмес қыз ғұмыр!.
* * *
Сүйгендер айыпты емес
Жастық көктем.
Жапырағын жайып тал,
Сүйсең оны сенде қандай
айып бар?
Көңіліңнің айдынында жүзеді,
Желкендерін желкілдетіп
қайықтар.
Болсаң да егер,
болмасаң да байыпты,
Сүйген үшін емессің ғой айыпты!
Сүйдің бе егер,
сезіміңді құрметте,
Ал махаббат,
құрметтеуге лайықты!
Солай қалқам,
өмір деген күрделі,
Еліктіріп, елітеді дүрмегі.
Сезім деген сиқырлы бір
сырлы әлем,
Шешілмейді шегенделіп күрмеуі.
Міне тағы ақ қайыңдар бүрледі,
Жетелейді ғұмыр-сапар сүрлеуі.
Ұзатып сап тырналардың тізбегін,
Сірә, аңсап отыр екен кім мені?
Әскерхан Ақтай
Ақынды құлатады құдай ғана
Өкінген сәт туғанда ойлар қашақ,
Кез болар қамсыз кеме қайранға тап.
"Завучы" бұл мектептің "біртүрлі" деп,
Кетіпті тексергендер байлам жасап.
Ту тіккен биігім бар төменде мен,
Дау болып есептелді дәлелдемем.
Қағаздан құлап қалған қам көңілді,
Жұбатып енді отырмын өлеңменен.
Айтарын ауызша айтып ой барлаған,
Жазбай ақ, жалау тіккен қайран бабам.
Адамның қабілетін, қарымын да,
Қағазбен құрсау қылып қойған заман.
Тоздырғам ақ қағаз бен ақ қаламды,
Түсініп оқы бала хаттамамды?
Осында есеп емес, толғау жатыр,
Шаршатқан жүйрік қиял Ақтабанды.
Ой ізде қағазымның бас-басынан,
Үйренгей әдемі әдет жас басыңнан.
Жарыққа шықпай қалған толғауларым,
Басылып жүрегімнің баспасынан.
Бұлқынып бойдан шығар бұралған ой,
Әр беті орындалған бір арман ғой.
Анықтама дегенім әңгімем де,
Сараптама дегенім шығармам ғой.
Ойымды шамам барда мүсіндедім,
Жұмбақтау сендейлерге ішімдегім.
Санаңды өлі сандар сиқырлапты,
Жанымды жырға арналған түсінбедің.
Білмеймін қорқау ниет қоғамнан ба,
Тексеру "тістеу" үшін жаралған ба?
Төле би секілденіп тура айта алсаң,
Төбеде тұра білсін ол адам да.
Емес ем сайран салған салқам сері,
"Тағымды" саған бердім арқам кеңіп.
Шалқайып шалықтаған бала болсаң,
Еңкейіп сыйламаспын қалқам сені.
* * *
Арқалы ақын Айбек Қалиев пен "Шаһар" тобының шамшырақтарына
Ауылда түп тамыры – арман бағы
Астана – жұлдыз болып жанған жағы.
Топ болып Торғай туын жоғары ұстап,
Хош келдің туған жердің тарландары.
Ел бар деп орталықтан жырақ қалған,
Сауын деп ағайынға сұрап қалған.
Өмірді жібердіңдер қызық қылып,
Көңілді көтеріңдер құлап қалған.
Шежіре, тарих болған жерденсіңдер,
Елдің де енді үміті сендерсіңдер.
Оятып ақын Нұрхан аруағын,
Сәт болып сәтті күні келгенсіңдер.
Ізіне Қонысбайдың ергенсіңдер,
Сейіттей семсер тілді мергенсіңдер.
Дат айтып дала атынан Елбасына,
Бата алып бабалардан келгенсіңдер.
Сүйсініп атыңа да затыңа да,
Қол соғып ханға айтқан датыңа да.
Торғайдың тоқсан тарай жырын толғап,
Ақ Айбек отыр дедік сахнада.
Жаралған жандарсыңдар жыр анадан,
Тағдыр ма тарлан ұлын сынамаған.
"Шаһар" боп шаттық туын тігіпсіңдер,
Барлығың бастау алып бір анадан.
Сүйсіндік ел қадірін білгені үшін,
Ақ алғыс ағайыннан жүлдең үшін.
Ақ алғыс бұлбұл болып араңызда,
Үрпектің үкілі ұлы жүргені үшін.
Алаштың нұры сүйсін беттеріңнен,
Айрылмай жастық жалын көктеміңнен.
Туған жер топырағынан қуат алып,
Жүлдегер жан болыңдар шеттеріңнен!
Серік ЖҰМАБЕКОВ,
Жаңа ауыл орта мектебі.
Аманкелді ауданы.