Суретші туралы сыр

КенбаевНебір хас таланттарды тудырған текті Торғай топырағы бала жастан тылсым табиғаттың тереңіне бойлап, алдына мольбертін өңгерген Молдахметтің де кіндік қаны тамған жері екенін біреу білсе, біреулер біле қоймас. Молдахмет деп отырғаным, кәдімгі алғашқы  кәсіби  кескіндемеші, педагог, Қазақстанның Халық суретшісі, атақты қылқалам шебері М.Кенбаев.
Болашақ суретші 1925 жылы Жанкелдин ауданындағы Шилі ауылында өмірге келді. Ол  қарапайым отбасындағы он төртінші бала екен. (Көптеген деректерде суретшіні Қызылорда қаласында туған делінген – Ә.Ы).  Молдахмет тағдырдың тауқыметін ерте тартты. Әлі бұғанасы беки қоймаған бала суретшінің алты жасында  әкесі Сыздық ауыр науқастан көз жұмды. Қалған отбасы мүшелерінің тағдыры бізге белгісіз. "Жетім қозы тасбауыр, маңырап жүріп жетілер" деген, 1931-1941 жылдары Молдахмет балалар үйінде тәрбиеленді. Осы он жылда болашақ қылқалам шебері қарап жатқан жоқ.Сурет өнеріне машықтанды. Жазған-сызғанынан туған жердің ыстық лебі есетінін бала жүрегі сезетін. Сондықтан болар, құдіретті өнер оны өзіне баурай түсті.
– Молдахметке Әліби Жанкелдин көп қолқабыс жасады.Оңды-солын әлі тани қоймаған жас баланың қарым-қабілетін байқаған қарт революционер елден алып кетіп, өз қамқорлығына алды. М.Кенбаевтың атақты суретші болып қалыптасуына осы ықпал етті, – дейді суретшінің туысы Сұлтанғали Оспанов, – Ол кісі  Тор-ғайдан бала жаста кеткендіктен ара-қатынасымыз үзіліп қалды. Тек, ертеде менің әкем бір-екі рет барып көріпті. Сосын Нияз деген ағамыз да Молдакеңмен бірер мәрте кездесіпті. Молдахметтің балалары қазір Алматыда тұратын Жетпісбай Бекболатұлымен араласып тұрады екен.
1938 жылы он сегізге енді толған жас жігіттің тырнақалды туындылары алғаш рет  республикалық көркемсурет көрмесіне қойылады. Ал балалар үйінен шыққан соң Молдахмет Алматының театр-көркемсурет училищесінің кескіндеме бөліміне оқуға түсті. Атақты кескіндеме профессоры А.Черкаский,танымал суретші Л.Леонтьевтер жастарды бейнелеу өнерінің қыр-сырына қанықтырып, үлкен картиналар жазуға үйреткен. М.Кенбаевтың дипломдық жұмысы да "Суретші" аталды. Ол өзінің бұл еңбегін сәтті қорғап шыққан. Кейін ол өз білімін одан әрі шыңдай түсу үшін Мәскеудің В.Суриков атындағы көркемсурет институтында жалғастырды. Жоғары оқу орнын бітірерде оның дипломдық жұмысына "Ә.Жанкелдиннің отряды" тақырыбы келді.
М.Кенбаевтың шығармашылық жұмысы ХХ ғасырдың 50-ші жылдарынан басталады. 1956- 59 ж. ол Қазақстан көркемсурет қоры басқармасының, 1968-74 ж. Қазақстан Суретшілер одағының кескіндеме секциясының төрағасы болды.
сурет 1Жалпы, суретшінің қаламынан туған картиналарда ұлттық нақыш-қазақ даласының кең алабы, ұлттық болмыс, халқымыздың әргі-бергі тарихы, ел тұрмысы  кеңінен қамтылған. Мәселен, оның "Әңгіме" (1957), "Қашағанды ұстау" (1967), "Сарыарқа", "Құрманғазы", "Киіз басушылар" деп аталған картиналарында атақты тұлғалардың, жеке адамдардың образын ашумен қатар, халқымыздың бойындағы ізгі қасиеттерді сол қалпында бейнелеуі нағыз суретшіге тән қалып екендігін айта кеткен ләзім. М.Кенбаевтың ең танымал туындыларының бірі – "Асауды ұстау" картинасын сурет галереяларынан, көрмелерден, мұражайлардан тамашаламаған адам кемде-кем. Міне, осы шығарманының өн бойынан қазақтың аттың жалын тартып өскен атан жілік азаматтарының епсектігі мен батылдығы айқын көрініп тұр. Бұл сурет қазақтың сайын даласының шексіздігі, өрелі ұрпақтың келешекке қарай ұмтылысы символды түрде бедерленген. Бұл картина кезінде Мәскеудегі Третьяков мемлекеттік галереясының Кеңес өнері көрмесіне қойылды. Молдахмет Кенбаевтың озық туындыларының бірі – халқымыздың ұлы композиторы, дархан даланы күйдің күмбірімен көмкерген Құрманғазы Сағырбайұлы бейнеленген "Сарыарқа" картинасы 1958 жылы күйшінің образын жасауға арналған жабық байқауда бас жүлдені жеңіп алды.
Суретті жәй ғана сурет деп қарауға болмайды әсте. Нағыз хас шебердің қолынан шыққан туынды қарапайым жанды бір көргеннен-ақ өзіне тарта түсері хақ. Осы тұрғыдан алғанда Молдахмет Кенбаевтың суреттерінде осындай ерекшеліктер айқын сезілер еді.
сурет 2Тағы да мысалға жүгінейік, әлгінде ғана тіл ұшына оралған "Құрманғазы" картинасында жүйрік атты жетегіне алған күйші бейнесі берілген. Туындының "Сарыарқа" аталуы да Қ.Сағырбайұлының осы аттас күйіне қатысты. Бірақ, Арқаның сарыжағалданған кең жазиралы атырабы суретшінің туған топыраққа деген сағынышын сездіргендей. Ол сонысын "Сарыарқа" күйімен аттас осы шығармасы арқылы көрсетуді мұрат тұтса керек. Өнер зерттеушілері суретші осы туындысын өмірге әкелерде ақын Хамит Ерғалиевпен жиі ақылдасып, оның "Құрманғазы" поэмасымен жете танысқандығын жазады. Композитор Ахмет Жұбанов та М.Кенбаевтың еңбегіне ерекше көңіл бөліп, тиісті кеңестерін берген екен.Жерлес суретшінің аса танымал туындыларының бірі – "Киіз басу" картинасына да осындай баға беруге болады. Мұнда да ұлттық бояу басым. Ауылда туып-өскен қазақтың қай баласы да айтып берер еді, бертін келгенге дейін ауызбірлігі жарасқан ауыл-үйдің арасында жүн түтіп, түбіт сабамаған немесе кілем тоқып, киіз баспаған аналарымыз жоқ шығар. Суретші өз шығармасында, міне, осы көріністі-қазақ әйелдерінің жанкешті еңбегін сәтті көрсете білген. Оның бұдан басқа "Шопан әні", "Суат басында", "Қыстауда", "Әңгіме үстінде", "Тұскиіз" триптихі, "Тау бөктерінде", "Жайлаудағы таң", "Бурят әйелі" , "Суретші әйел портреті" , "Мұхтар Әуезов", "Әл-Фараби" тәрізді қазақ сурет өнерінің шедеврлеріне айналған туындылары көпшіліктің көзайымына ай-налған бірегей еңбектер. Ол осы жұмыстары үшін "Құрмет Белгісі" орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Заманында Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген өнер қайраткері, Алматы сәулет және құрылыс институтының профессоры атан-ған Молдахмет Кенбаев соңғы жылдары сурет өнерін өзгелер сияқты монументалдық сипатта да дамыта түсті. Оның бұл саладағы шығармалары – Алматы қаласындағы "Алматы", "Қазақстан" мейманханасы мен Неке сарайының, сондай-ақ, Донецкідегі Металлургтер сарайының, Мәскеудегі "Қазақстан" кинотеатрының қасбеттері мен интерьерлеріне жасалған мозайкалық паннолар, т.б. ұлттық өнер тарихында қалды.М.Кенбаев туындылары терең лиризм мен эпикалық кеңдіктің, монументтіліктің өзара үйлесім табуымен ерекшеленеді. Атақты суретші 1993 жылы 25 шілдеде 68 жасында Алматы қаласында өмірден озды.
Есімі қазақ елінің аясынан асып, алып империяның көлеміне жайылған осындай әйгілі-суретшінің тұлғасы да жыл озған сайын көмескіленіп барады. Тек 2008 жылы Алматы қалалық мәслихатының шешімімен алып шахардағы көшелер мен даңғылдарға  есімдері дүйім елге белгілі отыз алты кісінің аттары берілді. Солардың арасында біздің жерлесіміз Молдахмет Кенбаев та бар. Алайда, дархан Торғай даласы дүниеге келтірген дарынды ұлды өзіміз ұлықтай алмай жүргеніміз  ұлы суретшінің жерлестеріне үлкен сын екендігі даусыз. Өткен тарихымызды түгендеп, ұлы тұлғаларымыздың есімдерін қайта жаңғырту ұрпақ алдындағы аға буын өкілдерінің ортақ парызы екендігі аян. Облыстық "Қостанай таңы" газетінің бетінде үстіміздегі жылы ғана жарық көрген жаңа айдардың бар сыры осы ғана. Құдайға шүкір, Торғай-Тобыл атырабында туып-өскен таланттар шоғыры аз емес. Біздің мақсат, сондай біртуарларымызды ортамызға қайта оралтып,   есімдерін жалпақ елге паш ету.
Әлібек
       ЫБЫРАЙ
СуреттеРДЕ: Қазақстанның Халық суретшісі Молдахмет Кенбаев және оның  суреттері.
Суреттер ғаламтордан алынды.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓