Ерте солған гүлдер (1937 жыл)
Сөзін жазған: Жарасбай Нұрқанов
Әні: Ерсайын Нарымбаевтікі
Сол бір сұмдық әлі мазалайды мені.
Қос үрейлі күндер, қорқынышты түндер,
Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?
Кінәсі жоқ жандар, кімдер кінә таққан,
Күнәсі жоқ жандар, кімдер жала жапқан?
Аққа күйе жаққан, айтындаршы, кімдер,
Күрсінеді таулар, тұнжырайды көлдер.
Қайырмасы:
Отыз жетінші жыл,
Қасіретім бұл!
Тарқамайтын шер,
Айықпайтын мұң
Гуілдейді жел,
Мүжілгендей тас.
Көңілімізде шер.
Көзімізде жас.
Өңкей асыл боздақ, болды-ау күні қараң,
Олар көрген азап – өлімнен де жаман.
Елін сүйген ердің жау атанған кезін,
Ей, қазағым менің, жан-тәніңмен сезін.
Қарауытып орман, қалың тоғай, түнер,
Орнымыздан біздер тұрайықшы түгел,
Тағзым етіп тұрмын, қыбыр етпей, үнсіз,
Егілмейтін іштей, кім бар екен мұңсыз?
Қайырмасы:
Неткен заман еді, мұздай суық лебі,
Сол бір сұмдық әлі мазалайды мені.
Қос үрейлі күндер, қорқынышты түндер,
Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?
Ерте солған гүлдер, аянышты бәрі,
Ең аяулы жандар, есте болсын мәңгі.
Аза күнгі зарым, азалы жыр, әнім
Аруақтарға дұға, қабыл етсін Тәңірім!