Жеңістің 70 жылдығына орай
Бүгін қалалық балалар шығармашылық үйінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығының дайындығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ауқымды шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин және зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Конференция барысында ҰОС жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі мен қосқан үлесі, отты жылдар тарихнамасы, есімдері елеусіз қалған ардагерлер туралы баяндама жасалды. – Біздің елімізден қан майданға аттанған азаматтар жан аямай шайқасты. Олар ерліктің үлгісін көрсетті. Сол ерлікті бағалауға келгенде, Кеңес үкіметінің басшылары нәсілшілдікке, кемсітушілікке бой алдырып, әділетсіздік жасады. Қазақстанның соғыстағы адам шығыны, неміс тұтқынында болып хабарсыз кеткен жауынгерлер, осының бәрі қайта зерттеуді талап етеді. Кино, театр, әдебиет, ғылым салаларында соғыс туралы тақырыпты көсіле жазатын, сахналайтын, экранға шығаратын уақыт келді,-деді Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Өтеген Исенов. Келесі жылы ҰОС Жеңіске 70 жыл толады. Облысымыз айтулы датаны мерекелеуге арналған шараларға қазірден бастап кірісуде. Осы мақсатта соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлерінің тізімін ретке келтіру, ескерткіштерді қайта жөндеу, есте сақтау эстафетасын өткізу және өзге де іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай