Күзгі қала бағы

(элегия)
ҚАланың бір қарағанда өзіндей өзге қалалардан еш айырмашылығы жоқ секілді. Бірақ бұл алғашқы үстірт қарағандағы көрініс. Егер сіз айналаңызға жіті көз салатын болсаңыз, бұл қаланың адамдарының жүзінен сабырлылық пен жып-жылы мейірімді байқар едіңіз. Қаланың кез-келген тұрғынын тоқтатып,  "әне бір жерге қайтіп жетуге болар екен?", "әне бір жерге қалай баруға болатынын айтып жібермес пе екенсіз?" деп сұраңызшы. Ол тоқтай қалып, сіздің сауалыңызға бар ыждағаттылықпен жауап береді. "Менімен бірге еріп жүріңіз, көрсетіп жіберейін" деп көшенің келесі қиылысына дейін ерітіп баратындар да табылады. Мынадай айқара ашылған ықы-ласқа Сіздің риза болатыныңыз сонша, көңіл күйіңіз көтеріліп сала береді… Сонау бір жыл осы қалаға келген біздің бір қонағымыз: "неге екенін білмеймін, маған осы қаланың адамдарының жүріс-тұрысы, киім киісі, түс-тұрпаттары сондай жарасымды, сондай сұлу көрінеді" деген болатын. Араға екі жыл салып, әлгі кісі қалаға қайта келгенде орталық гүлбақта қыдырыстап жүрген жүздерінде күлкі мен шаттық, көздерінде мейірім ұялаған, қимыл-қозғалыстары сондай жеңіл қала тұрғындарына қызыға қарап, тәнті бол-ған. Келер жылы ол үй орманымен мұнда біржола қоныс теуіп, ал одан кейінгі жылдары бар туған туыстарын үдіре көшіріп алған.
Назарыңызға екінші болып ілігетін нәрсе – ол қаланың ауасы. Егер Сізге сұлу әйелдің күлкісіндей сылқылдай аққан Тобыл өзенінің бойына жақын орналасқан саяжайлардың бірінде шілде айының тамылжыған түнінде қонып шығудың сәті түссе, ешбір жұмаққа айырбастағысыз керемет көрініске қарап тұрып кеудеңізді кере дем алсаңыз, жан-сарайыңыз таңғы салқын, кәусар ауадан тазарып сала берер еді… Сонда сіз өзен жақтан ескен қоғажайдың иісі аңқыған жұпар ауаны жұта тұрып осы күйбелең тіршіліктегі майда-шүйдені, реніш-керісті, көптен бері Сіздің мазаңызды қашырып, жүйкеңізді жұқартып жүрген жақыныңызға деген өкпеңізді біржола ұмытар ма едіңіз… Сөйтіп Сіз табиғат ананың құшағында жалаң аяқ, жалаң бас тұрып жаңа туған пәк сәби қалпыңызға жалқы сәтке болса да қайта оралар ма екенсіз…
Осындай керім шақты басынан кешіп тұрған біздің тағы бір қонағымыз қолындағы тұтатқалы тұрған темекісін мыж-ғылап тастады да былай деген: "мынадай сұлулық пен тазалықтың арасында тұрып шылым шегу де күнә шығар-ақ… Не деген ғажап! Бірде бір маса да жоқ… Маған билік берсе, мен осы жерден тағы бір астана салар едім".
* * *
Бұл   қалаға жылдың қай мезгілінде жолыңыз түссе де өкінбейсіз.
Айталық, Сіз қалаға жаздың қызығы сарқылып, қоңыр күздің соңғы күндері басталып кеткен кезде келдіңіз делік. Ат басын тіреп арнайы келген ісіңізді тындырып, арқа-басыңыз босағасын қаланы аралап көргіңіз келетін шығар-ақ?! Қайдан бастасам екен дейсіз бе? Қалауыңыз білсін, қала тым үлкен болмаса да ондай жерлер, құдайға шүкір, баршылық. Дегенмен, Сіз, "өлі разы болмай, тірі байымас деген ғой", қаланы тамашалауыңызды "Жеңіс бағынан" бастағаныңыз орынды шығар…
Әу баста бақ азамат соғысының ардагерлері мен Ұлы Отан соғысында қаза  тапқандардың құрметіне арналып ашыл-         ған болатын. Қазір бұл араны ескерт-кіштер мұражайы десе болғандай…
Бақтың бірі теріскейден екіншісі күнгейден кіретін арнайы екі қақпасы, мұның сыртында баққа күншығысы мен батысынан енетін қосалқы тағы екі жолы бар. Сіздің күнгей беттегі салтанатты қақпадан кіргеніңіз абзал.
Қақпадан енген бетте бақтың нақ төрінде қан қырғында қыршын кеткен қаруластарының құрметіне жанған мәңгі отқа басын ие ізет жасап тұрған белгісіз солдаттың алып ескерткішін көресіз. Оның қос қапталында бүгінгі күннің жарығы үшін жанын пида еткен жасын-жауынгерлердің тізімі жазылған мрамор тақта. Бірақ Сіз төрге тура озбай текше тастарды қиыстырып төсеген табан жолмен оңға ойысыңыз. Осы жерден әлгінде айтып кеткен ескерткіштердің қатары басталады.
Өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннің сансыз құрбандарына, Ауған соғысының ардагерлеріне, радиация зардабынан жапа шеккендерге арнап орнатылған үш ескерткіш. Бір қатарда тұр демесеңіз, әр ескерткіштің өзіндік өрнегі, сәйкес ұғымды ұтымды ұқтыратын қайталанбас шешімі бар.
Тас тұғырлы әр ескерткіштің алдына келіп үнсіз тағзым жасарсыз, бәлкім жадыңызда қилы заманның құрбаны болған жақындарыңыз түсер…
Ескерткіштердің маңына қысы-жазы көгеріп тұратын қылқан жапырақты қарағай, балқарағай, майқарағай егіліпті. Таңғы тұман түспен опаланған олардың арасынан жалаңаштанып қалған қайыңдар да көзге жиі шалынып қалады.
Күншығыс беттегі көгілдір аспанда әлгінде ғана ұшып өткен қос реактивті ұшақтың X әрпіне ұқсаған жолдары қалыпты. Шешесі жетектеп бара жатқан жеті-сегіздердегі ер бала мына суретті өзінше түсініп дауыстап жібереді: "Мама, қара, қара, икс-фактор-Қостанай" дейді. Кішкене баланың туған қаласына, оның адамдарына деген риясыз ыстық ықыласы ішіңізді жылытып қоя береді…
Егер Сіз осы бетіңіздей бұрылмай алға жылжыр болсаңыз, орталық стадионның бұрышына тірелесіз. Онда сол жақ бүйіріңізде сұрапыл соғыс уағында елде қалып, тылда еңбек еткендердің ерлігіне ризашылық ниетпен тұрғызған тағы бір ескерткіш қалып кетер еді.  Ерінбей барып басыңызды иіп өткеніңіз жөн болады.
Енді әлгінде айтқан стадионның бұрышына тақап ойын алаңының қызыл кірпіштен өрілген артқы қабырғасына келдіңіз. Осы қабырғаның ұзына бойын қуалап түп-түзу тротуар созылып жатыр. Қалада соғыс жылдары әскери госпиталь болған. Ауыр жарақаттан айықпай қаза болған жауынгерлерді сол бір жылдары осы жерге жерлепті. Қазір бұл жер киелі саналады….
Азамат соғысының ақтаңдақтарына арналған тақта да осы қатарда. Жазда гүлге малынып тұратын батырлардың зиратын түп-түзу аяқжолдан аласа ғана темір қоршау бөліп тұр. Тас төселген түзу тротуар қаланың орталық бөлігін оның солтүстік жағымен жалғастырып жатқан жаяу жүргіншілердің ең көп жүретін, таңғы алакеуімде жүгіретіндердің жолы екеніне қарамастан бұл маңда ешкім шуламайды, осы турасында ешқандай жазу, ескерту болмаса да бұл жерге ешкім басы артық қылыққа бармайды. Қысы жазы жаяу жүруді ұнататындар осы жолмен жұмысқа барып, жұмыстан қайтып бара жатады.
Тротуардың сол жиегін қуалай діңіне құшақ жетпес алып теректер отырғызыл-ған. Олар бақтың алғашқы қарлығаштары. Бұдан бірнеше жыл бұрын бақтағы терек атаулының бәрін дерлік жас қайың, қарағайлармен алмастырғанда бұл теректерге ешкім тиген жоқ. Тек көктем туа оларды белуарынан қырқып тастайды, тамыры тереңнен нәр алатын теректердің жапырақтары аз уақыттың ішінде қайта қаулап мәуелі ағашқа айналып шыға келеді де, жүргіншілерді жаздың аптабынан қорғап тұрады.
Міне, Сіз қызыл кірпішті тас дуалдың ең шетіне жеттіңіз. Қола түсті бояумен сырланған екі ескерткішті көресіз. Бірі кешегі қан майданды етігімен кешіп өткен баһадүрдің бүгінгі ардагер шағында қырғын күнді еске алып терең ойға шомған қалпын көрсетсе, екіншісі сонау батысқа дүниедегі ең аяулы жандары – жары мен әкесін аттандырып тұрған әйел мен жеті-сегіз жасар ер баланың мұңды кейіптерін бейнелеген. Сөйтіп Сіз адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген Ұлы Отан соғысы деп аталатын алапат қырғынның қасіреті мен қасиетін ендігілердің есіне салып тұрған киелі тұсқа келіп жеттіңіз. Сол қол жағыңыздағы аумағы футбол алаңындай жерге "ашық аспан астындағы әскери техникалардың мұражайы" аталып кеткен көрініске көз салыңыз. Алаңды ұзына бойы қақ жарып келушілерге арналып тас жол төселген. Ал осы түп-түзу тротуардың қарама-қарсы екі бетіне түрлі әскери машиналар қойылған.
Бұл жерден сұрапыл соғыста тек дауысының өзі жаудың апшысын қуырып, құтын қашырған атақты "Катюшадан" бас-тап, жеңіс күнінің жақындатуына септігін тигізген аңыз машина "Т-34" танкін, "БД-10" бронеавтомобилін, соғыс жылдарында танкке қарсы төтеп беруде теңдесі жоқ "ЗИС-2" зеңбірегі сияқты қару-жарақтарын көруге болады. Осының бәрі кешегі ер етікпен су кешкен ауыр сәттерді, Сізбен бізге бүгінгі жарқын күнді сыйлағандарды ұмытпас үшін жасалған дүние екенін ұғынасыз…
…Осы жердің ашылу салтанатында жәдігерлерді қонақтарға таныстыру барысында, қасында тұрған зеңбіректі                 елге сипаттап берген тал-шыбықтай жасөспірім қыз өзін "мен Сұлтан Баймағанбетовтің шөбересімін" деп таныстыр-ғанда "опырмау, асылдың сынығы бар екен-ау" деген таңданыспен жау дзотының өңешін кеудесімен жапқан хас-баһадүрдің жерлесі екендері естеріне түсіп бір мар-қайып қалғандар да аз болмаған…
Міне, Сіз енді ашық аспан астындағы әскери жарақтар мұражайының ұзына бойымен жүріп өтіп ең шетіне дейін жеттіңіз де, солға бұрылдыңыз. Бағанағы әңгіме басында айтқан осы бақтың ең  басты жәдігері белгісіз жауынгер ескерткішінің ту сыртынан келіп шықтыңыз. Ұқыпты төселген табан жолмен ескерткіштің дәл алдына келіп мұңлы жүзін қыршын кеткен қаруластарын ұмытпау үшін жағылған мәңгі отқа беріп тұрған солдатқа тағзым еттіңіз. Ескерткіштің қос қапталындағы қабырға-тақтадан бәлкім туған-туыстарыңызды, ата-бабаларыңызды іздестіре көз жүгіртерсіз…
Тап осы жерден бағанағы Сіз енген үлкен қақпаны көресіз, ал оң қолтығыңызда жол екі айырылады: бірі кішігірім    алаң-қайды еншілеген Лениннің ескерткішіне кетсе, екіншісі үлкен көшелердің біріне шығатын қосалқы жол. Ленин ескерткіші басынан небір зобалаңды өткерген қайсар халықтың жиырмасыншы ғасырдағы тар жол, тайғақ кешуін қортындылап тұрғандай. Адамзатқа бақыт сыйлаудың жаңа жолын ұсынған кешегі күнгі күн-көсемнің өзі уақыт ілгерілеген сайын ұмыт бола түсіп, көктемнің бел ортасы ауа гүл шоқтарын құшақтай келіп, баян тартып, революциялық рухтағы ән айтушылар саны да жылдан жылға азайып барады… Ендігі жерде бұл арадан жаздың тымық кешінде балақандарын қыдыртып жүрген әйелдерді, көшенің арғы бетіндегі перзентханада  жатқан келіншектерін кешкі серуенге алып шыққан болашақ әкелерді, жұлдыздары жамылғы еткен барқыт түнде сырлары сыбырға айналған ғашықтарды көптеп көресіз…
Қосалқы жол арқылы орталық көшеге шығып келесіз. Кең жолдың екі қапталындағы кезек егілген биік қарағайлар мен қайыңдар Сізді үнсіз шығарып салып тұр. Баққа қош айту ниетпен артыңызға бұрылып қарарсыз. Бақ та Сізге "көріскенше күн нұрлы болғай" деп тұрғандай.
Әбутәліп Әмір.
Қостанай қаласы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓