Заңғардың биігі
Ол облыстық телеарнаны үлкен мектеп санайды. Жаңалықтар қызметінде жүріп шыңдалды. Бағдарламалар дайындап, кәнігі журналистке айналды. Ең бірінші әрі үлкен табысына да сонда жүріп қол жеткізді. Республикалық телеарнаға жол ашқан да осы жер. Біз әріптесіміз, «Астана» телеарнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Заңғар Санай туралы айтып отырмыз.
«Мектебім мықты болды»
Заңғар Санай Қостанайдағы Ахаң атындағы оқу орнының түлегі. Осы шаңырақта Серікбай Оспанұлы, Байтұрсын Ілияс, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов, Серік Шайман сияқты аға буынның дәрісін тыңдап, тәлімін көрді. Бірге оқыған топтастары да осал емес еді. Олар қазір түрлі ақпарат құралдарынан көпшілікке есімі мәлім Дәуренбек Әбдібек, Дархан Әбдуахит, Нұрболат Мешітбаевтар еді. Өзі айтқандай, журналистикаға деген құштарлық негізі мектепте қаланса, кейініректе жүректегі жалынын лаулатқан, қанаттануына әсер еткен өзінің ортасы, топтастары болды. Оқу орнында шығатын «Жас өркен» журналы мен «Білім жарысы» басылымына үнемі мақалалары, өлеңдері жарияланып тұратын.
«Университетте бес жыл оқып, 2005 жылы облыстық «Қазақстан-Қостанай» телеарнасына еңбек жолым басталды. Ол жерде директордың орынбасары Жанұзақ Аязбеков, жанашыр тәлімгер Жасұлан Айсағалиев ағаларым қамқорлық көрсетіп, мені қанатының астына алды. Журналистер құрамы мықты ұжымға, қайнаған ортаға тап болдым. Кілең майталмандар жұмыс істейтін. Нәзира Жәрімбетова, Айбек Кәдірұлы, Мағауия Қалиев, Еркін Мұхамеджанов сияқты аға буынның ақылын тыңдап, біраз ұшталдым. Үш жыл ішінде едәуір төселіп қалдым. 2008 жылы «Астана» арнасы барлық аймақтан қосын ашты, сонда меншікті тілші болып ауыстым. Міне, бір арнада істеп келе жатқаныма 12 жылдан асты. Әйткенмен де, журналистика жөнінде әңгіме қозғалғанда есіме ең бірінші келетіні – облыстық арна. Ол мен үлкен мектеп. Соның арқасында республикалық арнада жұмыс істеу оңайырақ соқты», – деді ол алғашқы еңбек жолы жайында баяндап беруін сұрағанымызда.
«Ел батасы қанаттандырады»
Оны қынжылтатыны – өңірдегі қазақтілді журналистердің аудармашы, хабаршы қызметін атқаруға мәжбүр болып отырғаны. Себебі, тиісті органдардың мәліметі көбіне орыс тілінде беріледі, оны қорытып жазуға уақыт тапшы. Бәрі жылдам ақпарат таратқысы келеді. Аударма жасау ол үдерісті тежейтіні анық.
Заңғарды тағы бір толғанғандырған мәселе – өңірде салалық журналистиканың кенжелеп қалуы.
«Менің жан-дүнием мәдениет, әдебиет, өнерге өте жақын. Осы тақырыпта өзімді суда жүзген балықтай сезінем. Тереңнен тартып, тегіс қамтып жаза аламын. Бірақ, бізге әмбебап журналист болуға тура келеді. Бүгін әлеуметтік мәселеге қатысты материал берсек, ертең экономика, арғы күні тағы басқа тақырыпты қамтуың керек. Негізі бір журналистке бір саланы жүктеп қойса ғанибет болар еді. Мысалы, біздің облыстық арнадағы Виталий деген әріптесіміз тек заң тақырыбын, қылмыс хроникасын беріп отырады. Сол саланың білгірі. Барлық БАҚ осылай жұмыс істесе, қазақ журналистикасының деңгейі қазіргіден де қарыштап дамыр еді», – дейді ол.
Жоғарыда айтқанымыздай, ол осы саладағы тұңғыш тырнақалды жетістігіне облыстық телеарнада жүріп қол жеткізген. 2007 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының 50 жылдығы қарсаңында «Дидар» аймақтық фестивалінде бас жүлдені иеленді. Тобыл ойшылы туралы бағдарламасын телевизия саласының тарландары жоғары бағалады. Сол жылы оның есімі Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» енгізілді. Одан кейін журналистер арасында өтетін республикалық «Нұр-Сұңқар» байқауының екі мәрте дипломанты атанды. Қостанай меценаттар клубы тағайындаған «Шабыт» сыйлығының лауреаты.
«Эфирге жылына 300-ге жуық материал дайындайды екенмін. Осыдан 10 шақты жыл бұрынғы оқиға ойыма оралы тұр. Бір күні маған қала шетіндегі Қонай ауылында тұратын ақын, аудармашы Әбдірахман Досов ағамыз хабарласты. Барар жері, басар тауы жоқ жас жігіт туралы айтты. Жетімдер үйінен шыққан балаң жігіт ағамыздың үйін паналап жүрсе керек. Не құжаты, не қаражаты жоқ оған көмектесіп жіберейік деді ағамыз. Біз бірден келісіп, тиісті органдардан мәлімет алып, сол жөнінде сюжет жасадық. Материал эфирге шыға салысымен, әлгі жігітті қаладағы бейімдеу орталығына орналастырды. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген, қария басымен Әбдірахман ағаның хабарласып, азаматтық танытқанына тәнті болдым. Әлеуметтік мәселелерге қатысты көп сюжет жасадық. Оның басым бөлігінде түйкілдер осылай шешімін тауып жатты. Риза болған жұртшылық алғыс жаудырады. Сондай сәттерде арқаланып қаласың», – дейді Заңғар.
Өткен жазда Алматы жақта отыз жыл құлдықта болған Ресей азаматы туралы материалы эфирге шықты. Сол сюжетіне өте көп сілтеме жасалды. Орыс-қазақ елшілігі бұл мәселеге назар аударып, әлгі азамат еліне оралып, жақындарымен қауышты. Міне, осы сюжетінен-ақ оның азаматтық, адами ұстанымын аңғару қиын емес.
Айтыс. Ата-ана өнегесі. Ұлттық болмыс
Кейіпкеріміз бала күнінде айтыскерлігімен де танылған. Бұл өнерді нағашыларынан дарыған деп санайды. Өйткені, анасының өлең шығаратын өнері бар.
«Оқушы кезімде мені айтысқа шешем дайындап жіберетін еді де, әкем апарып қатыстыратын. Әлі есімде, облыстық филармонияда өткен оқушылар айтысында меңдіқаралық Алмат деген баламен сөз сайысына түстім. Менің 6-сыныпта оқитын кезім, қарсыласым да сол жаста еді. Содан бері екеуміз достасып кеттік, әлі күнге арамыздан қыл өткен емес. Екеумізді өнер, киелі сахна табыстырды. Алмат қазір кәсіпкер, мен журналистикада жүрмін. Республикалық студенттер айтысы бір жылдары Қостанайда өтті. Соған да қатыстым. Әсия апайдан тәлім алып, Дархан Қастеров, Гауһар Төлекбаева, Мешіт Ғазез сияқты қатарластарыммен шаппа-шап айтыса кететін, шабытымыз тасып жүрген шағымыз еді. Сол айтыста бірінші орынды иелендім. Келер жылы Таразда өткен айтыста маңғыстаулық Нұрлан Мұсаевпен сынға түстім. Ол бүгінде белгілі ақын. Айтысардан бір күн бұрын жатақхана аралап, бірге жүрдік. Келесі күні сахнада ол «айтысқа дайындалмай, шай ішіп жүрдің» деп тиісіп отыр. Аңғалдықтан алғаш «таяқ жеген» кезім сол болды. Әккілік, қулық керек екен. Айтыс бізді ойды екшеп айтуға үйретті», – дейді кейіпкеріміз сахнадағы шақтарына шегініс жасап.
Ұлттық өнермен сусындаған адам оның қай түрін де жат көрмейді. Заңғар дәстүрлі ән өнерінің насихатталуына көзқарасын жасырмай айтып қалды.
«Қостанай жері өнерпаздан да кенде емес. Мәселен, дәстүрлі ән өнерінде Манапбек Кәдіров, Талғат Молдағалиев, Қыдырбек Қиысхан, қарындасым Айжан Санай сияқты әншілерді айта кетуге болады. Бірақ, біздің өңірде дәстүрлі ән, жыр өнері әлі жеткілікті деңгейде дәріптеліп жатыр деп санамаймын. Қазір қоғамда мағынасыз ән айтатындардың дәурені жүріп тұрғандықтан да шығар, әуезді домбыра, қоңыр қобыз көлеңкеде қалып қойды», – дейді ол.
Заңғардың ұлттық өнер үшін күйіп-пісетін жөні бар. Өзі қаймағы бұзылмаған қазақы тәлім-тәрбиені көріп өсті. Сондықтан да, отбасымен, бауырларымен ұлттық болмысты айғақтайтын дүниелерді насихаттап жүргенді жаны қалайды.
«Алтай жақта туып, 7-8 жасыма дейін сонда тұрдым. Жазғы демалысымыз жайлауда өтетін. Кішкене кезімізден көріп өскендіктен, киіз үй бізге таңсық емес еді. Қазақстанға көшкенде әкем «қара шаңырақты тастамаймыз» деп, киіз үйді де ала келді. Мұнда оны Наурызда ғана тігіп жүрдік. Дәстүр сабақтастығы үзілмесін деп әке-шешем киіз үйдің жабдықтарын жасауды, құруды бізге, балаларына тәптіштеп тұрып үйретті. Айналасы төрт-бес жылдың ішінде ағам мен інілерім үйренгенін өздері жасайтын деңгейге жетті. Қазір бұл бауырларымның кәсібіне айналып шыға келді. Киіз үйді жалға алатындар бар. Оны Наурыз мейрамы кезінде ғана іздейтініне кейде ішің қынжылады. Ауылдағы әрбір қазақ ауласына бір-бір киіз үй тігіп қойса, өсіп келе жатқан ұрпағы бабалар мұрасын біліп, сабақтастық үзілмейтін еді», – дейді әріптесіміз.
Ол әке өнегесі туралы ұзақ айтуға бар. Келесі бір сөзіне зер салсақ: «Әкем үнемі мақалдап сөйлейді. Ол кісі қырық жылдан астам шопыр, механик болып жұмыс істеген. Мені жанына жақын тұтады. Өте еңбекқор. Сегіз жасынан қара жұмысқа араласқан. Зейнетке шықса да, қора-қопсы жөндеп, төрт түліктің қамында жүреді. Жаз болса, бақша егеді. «Қартайдыңыз, үйде демалып, кітап оқып жатыңыз» десем, «жұмыс істемесем денем ауырлап, өзімді жайсыз сезіне бастаймын, содан шыдамай, далаға шығып кетем» дейді. Әкемнің осы қасиеті балаларына, ұрпағына үлкен өнеге. Біз де кішкене кезімізден қозы бағып, орманнан отын, өзеннен су тасып, еңбекке ерте кірістік. 7-8 сынып оқып жүргенімде әке-шешем ауылда 4-5 бие байлайтын. Сол кезде шешеме бие саууға көмектесетінмін. Өзім сол кісілердей болуға барымды салып келемін».
Заңғардың екі ұлы бар. Олар қалада өсіп жатса да, қазақы тәрбиеден алыстаған емес. Үлкен ұлы Санжар атқұмар. Өнерге бейім. Алты жасынан домбыра шертіп, ән айтады. Құмай тазы асырап жүр.
«Балаларымның ұлттық тамырына жақын болып өсуіне жағдай жасағым келеді. Өйткені, қазақы тәрбиеде өскен бала ұлтына қызмет етеді. Балаларымыз қазақы болмыстан ажырамай, жақсы азамат болып өсуіне келіншегім екеуміз барынша тырысып жатырмыз», – дейді ол. Осы әке мұратын өзі әріптесіміздің қандай азамат екенін аңғартып тұрғандай.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Журналистердің кәсіби мерекесі құтты болсын. Еңбегінің жемісін көре берсін!