Заңнамадағы өзгеріс: тыйым күшейді
Үстіміздегі жылғы 20 шілдеден ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің екі бірдей бабына өзгерістер енгізілген болатын. Енді 437 бапта көрсетілгендей, тыныштық сақтаудың уақыты өзгермек. Атап айтқанда, жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23.00-ден таңертеңгі 10.00-ге дейін біреудің мазасын алып, шырқын бұзған жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады.
Облыстық полиция департаментінің интернет алаңында өткен тікелей эфир барысында тәртіп сақшылары аталған өзгерістер жайын түсіндірді. Әлеуметтік желідегі жазылушылардың сұрақтарына әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік тәжірибе бөлімі бастығы полиция подполковнигі Кәкім Нұрахметов пен аталған бөлім инспекторы полиция капитаны Руслан Иманғазин жауап берді.
Сондай-ақ, онлайн-брифинг тыныштықты бұзудан бөлек, темекі шегу мен жол-көлік оқиғасының алдын алу заңнамасына енгізілген өзгерістер жайында өткенін айта кету керек. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 441 бабына сәйкес азаматтар темекі өнімдері мен кальян қоспаларды жеке куәлігін көрсеткен жағдайда ғана сатып ала алады. Аталған бап бойынша әкімшілік құқық бұзған жеке тұлғаларға 10 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталанса, 22 АЕК көлемінде айыппұл салу көзделген. Осы орайда сауда сатушы да жауапсыз қалмайды.
«Электронды сигарет темекі өнімдері қатарына жатқызылған, рұқсат етілмеген жер және кәмелетке толмаған бала отырған көлік ішінде темекі шешуге тыйым салынған, ол үшін айыппұл қарастылған. Сонымен қатар, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 441 бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес қоғамдық орындарда қорқор тартуға тыйым салынады», – деді Кәкім Нұрахметов.
Әкімшілік тәжірибе бөлімінің инспекторы Руслан Иманғазиннің айтуынша, соңғы 7 айда көлікті мас күйінде басқарған 873 жүргізушінің тіркелгенін атап өтті. 76 жүргізуші медициналық куәландырудан өтуден бас тартыпты.
Айта кетейік, мас күйінде көлік жүргізгендер 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Ал өрескелдік қайталанған жағдайда қылмыстық жаза тағайындалған.